Бәрі де өткінші...

Бәрі де өткінші...
жеке
блог

Бас жақтан орын алған ұялы телефонның оятары безек қақты. Сағат 7.00. Таң. Терезеден далаға көз тастасаң, күннің көзін байқау қиын. Түнерген аспан әлемінен түн қараңғылығы алыстай қоймаған тәрізді. Ал, жер бетіне сынақ  үшін келген жұмыр басты пенделер қызу тірліктерін бастап үлгерген. Жаяу жүргіншілер жолындағы жанды әсте байқағысы келмейтін көліктер көшенің көркін келістіре жүйткіп барады. Студенттер үшін сегізге дейінгі уақыт секундтай сырғиды. Себебі, сабаққа үлгеруі керек.

Қазіргі қоғамда қай адамның болмасын беймаза тіршілігі осылай басталады. Түске қарай еңсені ауыр ой басып, ұйқы өзіне шақырады. Бір сәттік өлі күйге аттануға оқушы мұғалімнен, ал жұмыс бөлмесіндегі мамандар бастығынан бата алмайды. Содан болар, «шаршадым» деген тіркес  санаға сіңіп, миға тұрақты түрде орныға бастайды. Алдыңнан бір адамды кездестірсең, ол да өзіңдей дел-сал, мең-зең. Өз өмір жүрісінен жаңылысқандай, ойлаған нәрсесі түсініксіз.

 Сыртқа шықсаң, уілдеген жел мен суық ауа денеңді тітіркендіріп, бойыңды бір сергітеді. Күн қайта тағы да күйбек тірлік. «Ертеңгі күннің қамы». Болашақтың емес. «Таң атса ана шаруаны атқаруым керек, бүгін мынаны бітірдім» деп қазіргісіне риза жандардың алдағыны ойлауға қауқары жетпейді. Себебі, бәрінің «жүйкесі жұқарған».  Әлдебір таныс жанның қасына келіп әңгіме өрбітсең бітпейтін мәселелердің басын бастап, тағдыр тартуларын тізбектей жөнеледі. Көп қайғырып, толассыз ойланудан  жүрек пен миға ауырлық түсетін болар, адамдар аурумен алысып жүр. Бірақ, іштей. Көп адам күйбең тірлікпен өзін де  естен шығарған. Одан қалды, күн ұзағынан түн ортасына дейін көзіңді арбап, ойыңды аулайтын әлеуметтік желілер атты тұзақ бар. Қиялыңа қанат бітіп, беймәлім әлемде жүргеніңді қуаты біткен қалтафон қолыңнан түскенде барып сезінесің. Иә, тағы да жүйкең шаршап, басыңды «демалу керек» деген нәпсінің ойы жетектеп бара жатыр.  Солай, сапасыз сәттерге толы сағаттар санаулы ғұмырдың сиқын қашыруда. Әлденеге алаң болып, атар таңнан бір үміт күткен жандар жылт еткен жақсылықтан өз еншісін алуға құмар. Алайда, сүреңсіз өмір - арман белестерінен сусыма құмда жүргендей сырғыта береді. Құдды бір, бойдағы сенім мен ойдағы үміт жанып-сөнген шырақ тәрізді.

Бұл - менің емес, бүгінгі қоғамның бейнесі. Бетперде киген адам болмысының пікірі. Үнемі «шаршап жүретін» жан досыма «Сені алға қарай өмір сүру үшін не жетелейді?» деп сұрақ қойдым. Ойлана келе ол: «Бәрі өткінші деп өзімді жұбатамын» деді де қым-қуыт тірлігіне бет алды...