Бала тәрбиесі – болашақ іргесі: бала тәрбиелеудегі басты қателік

Бала тәрбиесі – болашақ іргесі: бала тәрбиелеудегі басты қателік
жеке
блог

Отбасыдағы әр баланың өзіндік орыны, ерекшелігі бар. Мәселен, тұңғыш бала – ата мен әженің еншісіне, кенже бала – басыбайлы ата-ана меншігінде. Ал үйдің ортаншылары көп жағдайда туысқандардың балалары болып жатады. Бұл – қарапайым қазақ отбасының ішкі құрылысы.  

Ежелден салт-дәстүрін бекем ұстап, үлкенін құрмет тұтқан ұлы дала деп аталатын алып атырапты алып жатқан қазақ халқы дәстүр бойынша тұңғыш балаларын ата-әжесінің еншісіне берген. Бұл қандай қажеттіліктен туған, білесіз бе? Ұланғайыр далаға ие болып қалу үшін қаншама ата-бабамыз тер төкті. Балаларын жастай үйлендіріп, ұрпақ қамына белсене кірісті. «Он үште отау иесі» деген. Он төрт, он бес жасында балалы болған қыздар да бар. Міне, сол себепті бұрынғы заманда үлкендер жастарға жол көрсетіп, бағыт-бағдар беру үшін тұңғыш балаларын өз қамқорлығына алып отырған. Қазіргі заман мен бұрынғыны салыстыруға келмес. Себебі, сол кезде қазақтың ата-енлері бірнеше келіннің басын қосып, үлкен үйде берекелі өмір сүрген.

Мақаланы оқып отырған жандардың туыстарының арасынан ата-әжесінің баласы болмаған адам жоқ шығар, сірә. Көбіне, үйдің тұңғыштары осындай «системаның» құрбаны боп жатады. Не де болса бұл әрекеттің бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынасқа сызат түсірмей қоймасы анық. Ата-әже өзіне уақытша ермек тауып жеңсе, жас отау уақытша жауапкершіліктен құтылып жеңілдейді. Баладан басқа ешкім мұндай тәрбиенің зардабын шекпейді.

Бала тәрбиесі – өте күрделі тақырып. Кейде, әке-шеше тұрмақ қарт буын өкілдері де едәуір қателіктер жіберіп отырады. Меніңше, «атасының баласы», «әжесінің баласы» деген қазақ өміріндегі ұғымдар қателік. Себебі, бұл баланың еркін өмір сүруіне кедергі келтіріп, оның миындағы қоршауына айналады. Немесе керісінше оны атақ көріп, айтқанға көнбейтін боп өсуі де ықтимал. Бала атасы мен әжесінің ерекше қамқорлығында өмір сүргендіктен өз бауырларын жатсынып, жақын тарта алмайды. Тай құлындай тебісіп, тетелесе өскен бала мен жалғыз өзі өскен баланың айырмашылығы едәуір.

Ата-әженің қарауында болу мен басыбайлы баласына айналу – екітүрлі ұғым. Бұл бала, ата-ана, ата-әже деп аталатын үш сатылы ұрпақтың бұзылуынан туындайды. Бала дүниеге келе салысымен өз әке-шешесінің қамқорлығына қанбай, мейіріне шомылмай бірден ата-әжесінің қолына тап болады. Салдарынан баланың тұлға ретінде қалыптасуында ақаулар пайда болады. Анасының мейірімін керек кезінде ала алмаған бала оны одан кейін ешқашан да ала алмайды, алса да еш уақытта тоймайды.

Бұл пікірмен бір жасар Айасыл есімді тәтті қыздың анасы, педагог, «Ұлағат» үйірмесінің жетекшісі Асылай Оразқызы да келіседі. Ол да тұңғыш баласын ата-әжесінің тәрбиесіне беріп, артынша зардабын тартқан. Оның айтуынша, үлкен қызы кішкентайынан нағашы әжесінің тәрбиесінде болған. Өсе келе қызымен ашық сөйлесіп, айтқанын тыңдату қиынға соққан. Әлі күнге дейін бұл мәселемен күресіп келеді.

- Десек те, көпке топырақ шашуға болмайды. Себебі, ол баланың санасына да байланысты. Мен өмірде ата-әжесінің баласы болған талай баланы көрдім. Олар өз әке-шешесін мойындамай, оларға тіпті пысқырып та қарамайды, - дейді Асылай Оразқызы. Өз басынан өткерген жағдай болғандықтан, ол баланы ата-әже тәрбиесіне беруге үзілді-кесілді қарсы. Баланың толыққанды отбасыда өскенін жақтайды.

Баланың дамуына ең қолайлы жағдай жасайтын орта үш ұрпақты отбасы: яғни, баланың өзі, әке-шешесі және ата-әжесі екенін ұқтық. Ата-анасы барлық жауапкершілікті өз мойнына алып, жетекші рөл атқарса, ал атасы мен әжесі соған қосалқы жанама эффект ретінде ат салысса бала гүлдене түседі. Ата-ананың ешкім алмастыра алмайтын мейірін, шексіз қамқорлығы мен кіршіксіз махаббатын көріп, ата-әжесінің тәлім-тәрбиесісімен қатар сусындаған баладан бақытты жан жоқ.  

Түйін – балаға толыққанды отбасыда өсу маңызды. Бала тәрбиесіне атүсті қарамай, тұлға ретінде қалыптастыруға жан-жақты жағдай жасайық деген ой тастағым келеді.

сурет: amin.kz