Бала шақтан болашаққа…
Балалықтың балғын дәмі аузымнан кете бастағандай, бұрынғыдай көп сөйлейтін, ерке, шолжаң, “Әй!”,- дегенге ұқпайтын Аяна сол бір өткен шақта қалған. Кеше ғана мектеп табалдырығын аттаған ерке мен бүгін, міне, өз ұямнан жыраққа қанат қағып барамын. 11 жыл бойы білім нәрімен сусындатып, бар балалығымызды көтеріп, осынау үлкен өмірге дайындап, тәжірибелеріңізбен бөліскендеріңіз үшін “Іңкәрбек Жұмағұлов атындағы орта мектептің” ұстаздарына алғысымды айтамын.
Баланың дамуына, үлкен өмірге қалыптасуына ата-анасы орасан зор үлес қосатыны бәрімізге белгілі. Әкем мен анам бар білгендерін аямаған, бір кезде әкем ақылын айтып отырып, маған: “-Ай, Айко сенің қазір білетініңнен білмейтінін көп...”,- деп айтқан еді. Дәл осы кезде жасым, шамамен 13,14-те, бұл сөздің мәнін түсіне қоймаған мен көкейімде қалып қойған, есейген сайын дәл осы әкемнің сөзін ұғындым. Негізі ата анамыз бізді жаман болсын деп тәрбиелемейді ғой!
Абай атамыз айтқандай:
“Сенде бір кірпіш дүниеге
Кетігін тап та бар қалан”,-демекші әрқайсымыздың өз жолымыз, бағындырар асуларымыз өте көп! Ешқашан артқа шегінбей, бар күшінмен алдыға жылжуымыз қажет. Бір орында тұрып дамуымыз мүмкін емес. Өзімізге әртүрлі жолдан, әртүрлі мүмкіндіктер аша білейік. Өзіңе салған қаражат он есе, мың есе қайтып келетіндей жұмыс жасауымыз керек.
“Жасы небәрі он алтыдағы қыз неге сонша ақыл айтып отыр?”,-деп ойлайтын шығарсыздар. Бұл тек менің өмірім мен ойым! Ертеңгі іні-сіңлілеріме үлгі боларлықтай әрекет етіп, менен де керемет өмір сүруіне себеп болғым келеді. Тағы бір Абай атамыздың “Бірінші қарасөзінде” айтқан жолмен сөзімді аяқтасам: “Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ.»