Бақыт кілті

Бақыт... Қандай адам болмасын бақытты іздейді, бақытқа талпынады, бақытты болғысы келеді. Бірақ «бақыт деген не?» деген сұраққа әркім өзінше жауап береді. Бақыт әркімнің түсінігінде әр түрлі. Біреу шіріген бай болсам дейді, ал біреуге жақындарының аман-сау жүргені жеткілікті.

       Орыс халқының «Бақыт – байлықта емес» («Не в деньгах счастье») деген керемет сөзі бар. Шынымен де, қалтаң ақшаға, қораң малға толы болып, қиын сәтте жаныңнан табылар тірі жан болмаса – оның не керегі бар?

   Мұхтар Шахановтың «Бақыт геометриясы» өлеңінде де осы мәселе қарастырылады. Бір кедей отбасында ері айлық алған кезде әйеліне жаңа көйлек алып бергісі келеді, ал әйелі еріне бешпет алмақшы болады. Екеуі де өзінен бұрын сүйгеніне жағдай жасап, сый ұсынғысы, қуаныш сыйлағысы келеді. Соңында көрші ауылдағы жалпақ дүниеде жалғыз туысы жоқ кемпірге қыстық киім алып беруге келіседі. Екеуі де бақытты – өзгені де бақытты етті. Ақын өлеңін былай түйіндейді:

«... Бақыт деген немене бұл, немене екен, немене,

Мен шықпаған заңғар шың ба, мен мінбеген кеме ме?»

Деп қиялдап, өр биіктен көрсетіппіз бекер бой

Қымбаттым-ау, сөйтсек бақыт қанағатта екен ғой!..

      Меніңше де бақыт – қанағатта. «Қанағат қарын тойғызар» дейді ғой. Көз-құлағымыз, қол-аяғымыз түгел, жақындарымыз дін аман, жанымызда. Осыдан асқан қандай бақыт бар?..



Бөлісу: