Бақыт Беделхан, ақын: Драматургия – руханияттағы ең қиын сала
блог
- Биографияңызды қарап отырсам, 1996-1997 жылдары өнер академиясында режиссерлік бөлімдеоқыған екенсіз. Неге тек бір жыл ғана?
- 1992 жылы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетін, артынан аспирантурасын тәмамдадым. Ал, Өнер академиясына негізінен драматург боламын деп барған едім. Маман Байсеркенов ағамызға жолығып драматург болғым келетінін айтқанымда: «Оған өзіңнің потенциалың да жетеді. Біздің драматургтерге режиссерлық көзқарас жетіспейді. Сондықтан да режиссура оқы» деп кеңес берген болатын. Сол кеңес бойынша грантқа оқуға түстім, 1,5 жылда өзіме керекті білімді жинағаннан кейін, оқудан шығып кеттім. Себебі ары қарай режиссерлікті үйрете бастады. Ал, мен тек драматург болып қалғым келді.
- Қазіргі драматургияның ұтылып жатқан тұсын айтып бере аласыз ба?
- Театрларымызда классикалық қойылымдар жақсы қойылып жатыр. Ал жаңа жазылған драматургтердің шығармалары аздық етуде. Себебі, 50 театрға Д.Исабеков пен С.Балғабаев сынды ағаларымыз жете бермейді. Осы аға буынның ортасынан заман талабына сай жазатын жас драматургтеріміз жетіспейді. Тіпті жоқтың қасы десек те болады. Олардың кесірі театрымызға тиюде.
- Ал,«Жастар неге жоқ?» деген сұраққа ойланып көрдіңіз бе?
- Драматургияның қиындығынан. Қ.Ысқақтың: «Кез-келген шығарманы драматургияның заңдылығына салып жіберсең арты ашылып қалады» деген сөзі бар. Сондықтан драматургияны тек әдебиеттің ғана емес, жалпы руханияттағы ең қиын сала деп қарастыруға болады.
- Бүгінде қандай пьеса жазып жүрсіз?
- Жақында актер Бекжан Тұрыстың 50 жылдық мерейтойы болады. Сол кісіге арнап баласы екеуі ғана ойнайтын «Жанайқай» деген пьеса дайындап жатырмын. Көктемде үлкен театрдың сахнасына шығады деген сенімдемін.
ОЛАРҒА БАҒАНЫ БАҚЫТ ЕМЕС, УАҚЫТ БЕРЕДІ
- Бір сұхбатыңызда «Менің бар міндетім – өлеңді өтірік жазбау» деген екенсіз. Сонда сіздіңше өтірік жазатындар да бола ма? Болса олар кімдер?
- Өтірік деген нәрсе, тек өлеңде ғана емес қазіргі өмірімізде өріп жүр. Өлең негізінен туылу керек. Оның да жаңа туылған бала сияқты он екі мүшесі сау, ақыл-есі дұрыс болғаны жөн. Ал саналы түрде ғана техникасы меңгеріліп, шынайы жазылмаса өлең не оқылмайды, не жатталмайды, не оқырманға әсер ете алмайды. Осындай қасаң өлеңдердің өзі бір-біріне ұқсап кетеді. Алла Тағаланың өзі адамдарды жаратқан кезде ешқайсысын бір-біріне ұқсатпаған ғой. Ал, бізде «Барасың ба, аласың ба, от болып жанасың ба?!» деген тақпақтар баршылық. Өтірік өлеңдер міне осылар...
- Шын жазғыштар көп пе? Оларды қалай бағалайсыз?
- Жақсы жазатындардың да, жаман жазатындардың да барлық шығармаларын оқимын. «Халтурщик» деп жатамыз ғой, оларды да оқимын. Себебі, оның да 100 өлеңінің ішінде 1 өлеңі мықты болуы мүмкін. Негізінен оларға бағаны БАҚЫТ емес, УАҚЫТ береді. Өзі өлеңіне, өлеңі өзіне айналып кеткен ақындарды жақсы көремін. Ал, өзінің табиғаты мен жүріс тұрысына үйлеспейтін өлеңдерді оқығанда кәдімгідей қарным ашады.
ЖҰДЫРЫҚТАЙ ЖҮРЕГІҢНІҢ ІШІНДЕ ЖҰМБАҒЫҢ БОЛМАСА ҮЛКЕН ЖІГЕР МЕН РУХТЫҢ ИЕСІ БОЛА АЛМАЙСЫҢ
- Тағы бірде «Ешкімге еш нәрсені сеніп айтуға болмайды. Адамның ең жақын досы – жалғыздық» - дейсіз... Сізді дос тұтып жүрген адамдар, тіпті үйдегі жарыңыз ренжіп қалады деп ойламайсыз ба?
- Әр адам бір-бір жұмбақ. Адамның ішінде жұмбағы болмаса, ешкімге айтуға болмайтын сыры болмаса, ол – жария адам болып шыға келеді. Ішкі пәтігі әлсіз адам болып саналады. Ішкі сыр – ішкі рухың. Ал, барлық нәрсең жария болса қуыстанып жүресің. Жұмбақ адам болған сайын, басқалары аяғын тартып, сескеніп жүретін болады. Жариялылық деген жалпы қоғам үшін жақсы болғанымен, адамның жан сырының жайылуы тұрғысында дұрыс нәрсе емес. Мен солай түсінемін... Жұдырықтай жүрегіңнің ішінде жұмбағың болмаса үлкен жігер мен рухтың иесі бола алмайсың!
- Сіздің поэзияңызға қандай тақырыптар арқау бола алады?
- Әр нәрсеге шынайылық керек. Өзің көрмеген, білмегенді жазу дұрыс емес. Кей ақындар басқа біреудің өмірін оқып алып, соны басынан өткергендей қиялданып отырып өлең жазады. Оған адам сенбейді. Әркім өз заманының көрінісін, қыжылын, кескін келбетін қағазға әдемілеп түсіру керек. Сол кезде ғана заманға сай ақын болып қалыптасады. Егер мен тәуелсіз елде, қарбалас қоғамда, өз ұлтымыздың үнжырғасы түсіп тұрған сәтті жырламай, жыраулардың ізімен басқа нәрсе жазып кетейінші, ешкім оқымайды. Себебі, актуальды емес. Мен осы заманнан алған әсерімді, өз-өзіне ұқсамай бара жатқан ұрпақты көріп, солардың жан дүниесін түсінуге ұмтыламын. Сериал арқылы жастардың бәрі жапон мен кәріс болып жүр. Үнді сериалдарының әсері тағы бар. Олар неге өз ұлтының құнды дүниелерін құнттамайды, солар турасында ойланамын. Себебін іздеймін. Кейде алдамшы болса да себебін тапқандай боламын. Өз ұлтының дәстүр-салтын, сөз құдыретін бойына сіңіріп, соның қадыр-қасиетін сезінбейінше еліктегіш бола береміз. Өзінің таңсығы тұрғанда, өзгенің қаңсығына үйір болып жүрміз.
АСАБАНЫҢ 99 ПАЙЫЗЫ АҚЫННАН БОЛҒАНЫ ДҰРЫС
- Қазақтың тойында көп жүресіз. Ең ерекше өткен той есіңізде ме?
- Ерекше тойлар көп қой. Тамада ретінде де тойларға біраз ерекшеліктер енгізіп жүрмін...
- Мысалы?
- Мысалы, торттың орнына «келін шай» жасату. 5-6 жыл болып қалды, қазір көптеген асабалар да қолдап, сол үрдісті пайдаланып жүр. 500 долларға торт алғанша, 5 мың теңгеге шай жасаған әлдеқайда тиімді емес пе?! Келін басына орамалын салып, қарттарға шайын құяды, ал күйеу жігіт қайын жұртына 1-2 табақ ет тартады. Одан артық не керек?! Одан бөлек «қатын көкпар» салтын пайдаланып жүрміз.
- Ол қалай жүзеге асады?
- Қазақтың бұрыңғы «жыртысы» ғой. 105-ке келген әжемнен сұрап алдым. Негізінен қызды ұзатып салғаннан кейін, ата-анасы мен туыстарының көңілін жұбату үшін барлық келіншектерді ортаға шығарып, 5-6 метр матаны көкпар сынды ортаға салады. Олар қолы жеткен жерге дейін ұстап, кім үлкен жыртып алады, соған сый табақ беріледі. Екінші мағынасы, біздің қызымыз да осылай қолдан ұзатылып, осындай тойға жетейік дегенді меңзейді.
Тағы бір ерекше өткен той – ұлттық кітапхананың директоры Әлібек Асқаров ағамыздың 50 жылдығы. Тойбастар поэзиямен болды. Сол сынды ерекшеліктер көп қой...
- Жақсы асаба екендігіңізді білеміз. Өзіңізден басқа тағы қандай асабаларды мойындайсыз?
- Негізінен асабаның 99 пайызы ақыннан болғаны дұрыс. Себебі, той оның табиғатына жақын, меңгере алады. Небір білімді, мықты асабалар бар ғой. Алайда, олардың жарнамасын жасайтын мен емес.
- Жеке пікіріңізді де білуге болмай ма?
- Ешқайсысына пікір айта алаймын. Көп асабаның айтып жүргені менің сөздерім, оларға не айтайын?! Құдайға шүкір, бар! Бәрі жақсы!..
- Сұхбатыңыз үшін рахмет!
Сұхбаттасқан Айдана АЛАМАН