Бағалы құндылығымыз

Сөйлемейтін халық - судағы балық, тілінен айырылған халық- халықтың қадір қасиетінен де, қысқасы өмірлік рахат атаулылардың бәрінен де түбегейлі айырылатынын адамзат тарихының шежіресі шүбәсіз дәлелдеумен келеді. Сол себептен де тілі жоқ балық та бір, халық та бір екені сөзсіз.

Біздің тіл қаншалықты бай екенін көбіміз елеп, ескере бермейміз. Осындай керемет қазынаны сақтай алмау, оны ұмыту қайсы бір ұлтта болған екен?! Осыған бір мысал айтар болсақ : "XVIII - XIX ғасырларда байтақ Ұлы даланың иесі қазақ еліне саяхат жасаған жиһанкездердің алды қазақ тілінің гауһардай алтын құнарлығы мен мәрмәр тастай асылдығына, шұрайлылығы мен көркем табиғатына айырықша тамсанған болса, ал бүгінгі заманның жиһанкездері қазақ тілінің өмірлік қолданыс аясынан шығып, өз елінде қор болып, құрдымға құлдырап бара жатқан сорлы күйіне жаны ашиды, алаңдайды. Солардың бірі, Италия елінің, қазіргі XXI ғасыр заманының кәсіпкер, жиһанкезі Реналью Гаспириннің айтқан жанашырлық сөзінің астарында ең қасіретті мән мен мағына жатқан жоқ па? Ол: "Мен әлемнің 141 елін зерек зерттеумен аралаған адаммын. Солардың ішінде өз мемлекетінде жүріп, өз тілінде өмір сүре алмай отырған бейшара халықты көрдім. Ол - ҚАЗАҚТАР" деген екен. Мұны оқып отырып жаныңды қоярға жер таппайтының сөзсіз. Атам қазақ өзінің намысын, өзін қоя беріп, елінің, туған жерінің намысын таптатқызуды қор санады емес пе?! Біз сонда кімнің ұрпағымыз?! Қоя берсең көкейдегі түйткіл шыға береді ғой, су іздеген адам ұқсап. Қазақтың шешен билері көсіліп сөйлегенде "Ақыл- ойдан артық емес" деген сөз тіркесін тілге тиек еткен екен. Не деген тауып айтқан сөз десеңші. Сол ақылымызбен "АҚЫЛДЫ" болу керек деп қай арнаға барып тірелеріміз уақыт еншісінде. Біздің мақсат тек қана жолдағы бүкіл пайдалыны алумен қатар, ұлттық құндылығымызды, соның ішінде тілімізді ұмытпау емес пе?! Қазіргі қазақ қоғамында "шала қазақ" пен "таза қазақ" деген ұғым пайда болып, қолданысқа еніп кеткелі қашан... Ал сол нәрсені сырттан біреу емес, өзіміз кіргіздік. Бұған себеп тағы да тарихты білмегендік. Қазіргі жас буын өкілдері, тарихты оқы десең "түсінбеймін" немесе "қызық емес " дейді. Осы орайда мына бір мысал еске түседі: Адам қалай пісіп тұрған тамақтың тұзын көрмей, оны тәтті немесе ащы деп айта алады?! Ақылға қонымсыз, әрине. Мәселен мен: "математиканы жақсы көрмеймін," деймін. Өйткені мен оны түсінбегенмін, я болмаса түсінуге талпынбағанмын. Тарихты жақсы көрмеймін дейтіндер де сондай шығар...

Бір нәрсені қозғасаң, екіншісі сап ете қалады. Тілден бастап тарихқа көшіп кеттік. Сонда айтарым, тарихын білмеген-тілін жетік біле алмайды. Сол үшін оқиық, мән берейік... Біз, қазақ қой бақса да, ой бағудан шоқтығы биік халық екенімізді ұмытпайық.



Бөлісу: