Айқап және елдік сана

    Иә, ХХ ғасырдың басы – қазақ қоғамдық санасының дүр сілкінген шағы. Түрлі идеялық бағыттар мен жаңа жанрларда жазылған көркем шығармалар соның айғағы. «Айқап» журналы – халықтың алдында тұрған өзекті мәселелерді, демократтық идеясы бар өткір шығармаларды көпшілікке кешіктірмей таныстырған басылым. Осы дәуірдегі қазақ қоғамдық санасы мен мәдениеті, әдебиеті туралы сөз қозғайтын кез келген зерттеуші бұл журналға соқпай өте алмайды. Осының өзі көп нәрсені аңғартатын болса керек. «Айқап» қазақ қоғамдық санасының аса көрнекті қайраткері Мұхаметжан Сералиннің жанкешті еңбегі мен тікелей басшылығы арқасында 1911-1915 жылдар аралығында Троицк қаласында шықты. Журналдың прогресшіл позициясы, демократтық, ағартушылық идеясы бірден байқалды. Қазақ елінің саяси-әлеуметтік жағдайы мен мәдениеті, өнері мен әдебиетінің алдында тұрған барша маңызды мәселелер жариялана бастады. Кейде Ресей үкіметінің ресми цензурасы мүмкіндік берген деңгейге де қарамаған. Сол үшін айыппұл төлеген. Кейбір сандарының қайта парақталғандықтан материалсыз, ақ бет қалпында шыққан кездері де жоқ емес.
Негізгі ойларын насихаттауда «Айқап» халқымыздың ауыз әдебиеті мен көркем шығармаларды, солардың ішінде өлең мен прозаны, драматургияны шебер пайдаланды. «Манап» пьесасының жариялануы, ол туралы С.Сейфуллиннің сыны – осы мақсаттағы шығармалар. Әрі бұл қаламгердің 1917 жылы жазылатын «Бақыт жолында» пьесасына апарар жол болды. Сол тәрізді Б.Майлин мен С.Торайғыровтың, М.Сералин, т.б. жазған материалдары қаламгерлердің шеберліктерін шыңдауына қолайлы әсер еткені даусыз. Мерзімді баспасөз бетінде жарияланған шығармаларға сын көзімен қараудың оқырмандар әдеби талғамдарын қалыптастырған үлкен мектеп болғаны да шындық. Журнал маңына топтасқан ағартушы-демократтық бағыттағы қаламгерлер мен зиялы қауым осының айғағы. Елдің тауқыметі мол тыныс-тіршілігі, мұң-мұқтажы, кәдімгі өмір үшін күресі туралы сан алуан шығармаларды журналға жолдап отырған да солар. Қиын жағдайларда көмек көрсетуді сұрағандары да баршылық. Журналдың қазақ қоғамдық санасында тәуелсіздік пен елдік идеяларды қалыптастырып дамытудағы еңбегі ұшан-теңіз. «Басқармадан» айдары арқылы бас мақала ретінде беріліп тұрған материалдарда қазақ елінде ғана емес, Ресейде, тіпті дүниежүзінде болып жатқан маңызды уақиғаларды кездестіруге болады. Әсіресе Ресей мемлекет думасында қаралып жатқан мәселелер туралы журнал дәйектемелерінде қазақ елінің ең көкейтесі мәселелері қабаттаса қозғалып отырды. Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы мен М.Сералиндер қазақ елі мен жері туралы саяси-әлеуметтік мәні зор мақалаларды жиі жариялаған. «Айқап» бағдарламасында көрсетілетін тоғыз істің үшеуі тікелей әдебиетке қатысты. Олар: «фельетон, өлең жырлар, кітаптар хақында һәм ғылым бабынан». Журнал бетінде жарияланған материалдардың жалпы бағыты да оның сол кездегі әдеби өмірдің бар саласына қоян-қолтық араласқанын көрсетеді. Әдебиеттің адамзат қоғамындағы орны мен халық алдындағы міндеттері, ауыз әдебиеті үлгілерін «әзір кеш болмай тұрғанда» жинастыру, жариялау, көркем әдебиет тілі, жаңа жанрлардың қажеттігі, роман туралы әңгімелер, үздік шығармаларға бәйге т.б. Осының бәрі – «Айқап» журналы белсене араласқан мәселелер. Журнал туралы жарияланған азды-көпті еңбектер арасында С.Зиманов пен Қ.Бисембиев, Б.Кенжебаев пен X.Бекхожин, Т.Кәкішев пен Т.Қожакеев, Ү.Сұбханбердина мен Н.Қарашева, Қ.Ыдырысов, Қ.Ергөбек, т.б. зерттеулерін ерекше атауға болады. Қазақ өмірінің үлкен проблемаларына батыл араласа бастаған «Айқаптың» өнер мен әдебиеттің қуатты қасиетін пайдалануға ұмтылуы заңды. Негізінен Шоқан, Ыбырай, Абай бастаған реалистік әдебиетті, өткір көсемсөзді одан әрі дамытты.
Қазақ баспасөзінің тарихында дәл осындай “Айқап”секілді журналдар кемде-кем.”Айқап”-қазіргі баспасөздер,газеттер мен журналдар ұмтылуы тиіс үлгі!

                                                                                                         Біржан Ролан



Бөлісу: