Әйел теңдігін ұран еткен қазақ газеті
блог
ХХ ғасырдың алғашқы жартысынан-ақ көтеріліп келген бұл мәселе кейбір мемлекеттерде әлі күнге дейін шешімін таба алмай жатқаны өкінішті. Әйел теңдігі жайында алғаш рет пікірін ортаға салып, маңыздылығын ескерген Алаш азаматтары еді. Тіпті, сол кезеңнің өзінде-ақ әйел теңдігін насихаттайтын басылымдардың пайда болуы қазақ арасында әйелге деген көзқарастың қалыптасқанын байқатады. Солардың ішінде барлық әйелдерге арнап басылып шығарылған - «Жетісу әйелі» журналы.
«Жетісу әйелі» журналының шығу мерзімі жайлы деректер әртүрлі. Жазушы Л. Ахметованың «Қарлығаш қаламдастар» кітабында 1923 жылдың қаңтарында шыққан деген деректер келтірілген. Сондай-ақ Қ. Аллабергеннің «Тарих және баспасөз» кітабында журналдың нақты шығу мерзімі 1923 жылы, 23 қаңтар деген дерек кездеседі. Аталмыш журналдың редакторлық қызметін әйелдер құқығы үшін күрескен Сара Есова атқарған болатын. Ол алғашқы комсомол және журналист қыздардың бірі. Сара Есованың есімі оның күйеуі, 1937-1938 жылдары сталиндік қуғын-сүргін құрбаны болған Қазақ КСР Халық коммисиарлары кеңесінің төрағасы Ораз Исаевпен байланысты.
Сара Есова басынан өткізген ауыртпалықтарға қарамай әйелдердің бостандығы жолында талмай еңбек етті. Тіпті «Отанын сатқанның әйелі» деген таңба тағылса да ағартушылық саласында басшылыққа дейін көтеріледі. Ол 1919 жылы ущилищені аяқтаған соң бірден бастауыш қазақ-татар мектебіне оқытушы болып орналасады. Жастығына қарамай ол іске ден қоя араласып, жергілікті әйелдерге үлкен пайдасын тигізеді. Сонымен қатар, Сара Есованың басшылығымен балаларға арналған интернаттар мен балалар үйлері салына бастайды. Осыдан-ақ біз оның сауаттылығы мен зияткерлік қабілетін анық аңғарамыз. Ол оқу оқыған төрт жылдың ішінде татар және орыс тілін, ислам негіздері, тарих, география, жаратылыстану пәндерін жақсы меңгеріп шығады. Нағима Арықова, Мәдина Бегалиева, Алма Оразбаева сынды тұлғалармен бірлесе жүріп әйелдерге көп әйел алушылық пен қыздарды қалың малға сату жайлы мәселелермен күресудің маңыздылығын түсіндіреді. Ғылыми деректерге сүйенсек, Сара Есованың журналистикаға аяқ басуына бірден-бір себепкер тұлға-Ғани Мұратбаев. Тіпті ол жайында Сара Есова: «Ғани тек қоғам қайраткері ғана емес, сонымен қатар ол өнер қайраткері де болды. Ол әнді қатты жақсы көретін, өзі де әнді жақсы айтатын. 1921 жылы, Орынбордағы Қазақстан комсомолының І съезі кезінде, Ғанидың тапсырмасы бойынша біз Ерғали Алдоңғаровтың үйінде көркемөнерпаздардың үлкен кешін ұйымдастырдық, бұл кешке Александр Затаевичті де шақырдық. Сол жылы Затаевичке Ғани Мұратбаевтың, Ерғали Алдоңғаровтың, Алма мен Мәдина Оразбаевалардың әндері қатты ұнады. Затаевич тіпті Ғанидың орындауындағы «Дудар-ай» мен «Қатын жырау» өлеңдерін «Қазақ халқының 1000 әні» жинағының бірінші томына енгізді»,-деп еске алады. Сара Есованың әйел теңдігі үшін, соның ішінде бостандық пен сауаттылық үшін атқарған еңбегі ұшан теңіз. Ол жайлы Райхан Қосмамбетованың естеліктерінде де баяндалады: «Оның есте сақтау қабілетіне көпшілік таңғалатын. Жетпіс жасында ол Блоктың «Он екі» поэмасын жатқа оқитын. Есенинді, Блокты ерекше жақсы көретін, өте көп өлең білетін. Іссапардан қайтып келе жатып, жолдан әбден шаршағанда Сара Сәтпайқызы бізге жатқа өлең оқитын. Ешқашанда жаңылмайтын, Алматыға жеткенше оқитын».
Міне, қазақ арасында да ұлт мүддесі үшін алаңдап, ағартушылық тұрғыда бар күшін аямаған әйел адамның бейнесін көрдік. Осыған қарап-ақ патша өкіметінің кезінде «Әйел теңдігі жайлы мәселені бірінші болып көтерген бізбіз»,- деген пікірін жоққа шығарасың. Тек бұл айғақ қана емес, сонау Қарахан дәуірінен бастау алып келген заманда Айша бибінің атына ескерткіш салынуы, одан қала берсе жер-су атаулары сөзімізге дәлел болары рас-ақ...
Алтынай МАЛИКАЖДАРОВА