АУДАРМА - ТІЛДІК ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ АРАЛЫҚ ҚҰРАЛ

Тілдер қалай дүниеге келді деген сүбелі сұрақ қойылса, "Вавилондағы аңыз" бірден санаға сап ете қалатыны белгілі. Аңыз бойынша Тәңір адамзат бір-бірімен жанжалдасып, дауласып қалмасын деген мақсатпен, бәрін түрлі тілге ауыстырып тастаған еді. Соның нәтижесінде әлемде соңғы статистика бойынша 5651 тіл және "аударма ісі" деген ауқымды сала дүниеге келді.

         Иә, аударма-тілдік және мәдениет аралық құрал. Алайда аударманы осы сөйлемнің аясында ғана шектеп қою әлем мәдениетіне һәм аударма саласына жасалған үлкен қастық болар еді. Оның таралу ауқымы, өрісі құлашын кеңге жайған ертегілердегі ақ бура секілді. Бұл туралы қазақ лингвисті, шет тілдер институтының оқытушысы Есіл Айдарбекұлы: "Аударма - бірнеше тілдердің коммуникациялық байланысы арқылы дүниеге келген күрделі құбылыс" десе, орыс зерттеушісі Григорий Цементин: "Ақпарат жіберуші рециепиентке лексигография мен семантикалық зерттеулері толық жасалған сөзді яки сөйлемді баяндауы"[1] деп түсіндірген. Ал британдықтар "аударма-ақпарат алмасудың қарапайым ғана түрі. Бұл саланы күрделендірудің еш қажеті жоқ" дейді.

Сонымен, аударма-заманауи, ешқашан өлмейтін, мәңгі жасайтын, уақыт өткен сайын түрленіп тұратын, үлкен ізденіс, ғылым мен білімді қажетсінетін, озық ой мен сана трансформациясының үстемдік құрған саласы.

Ал мақала маңдайшасында берілген "мәдениет" сөзі аудармаға тікелей де, жанама түрде де рөл ойнайды. Неге дейсіз бе, демесеңіз де айтайын. Біріншіден, аударма саласының өзі саясат, әдебиет, қоғам, әлеумет емес тікелей мәдениетке жатады. Демек мәдениеттің төрінде самсап тұрған кино, театр, мұражай, кітапханалар тепе-тең дәрежеде аудармада қолданылады.

Екіншіден, аудармаға һәм аудармашыға адалдық-мәдениеттің белгісі. "Жібекті түте алмаған жүн етеді" тәмсілі осы орайда дәлме-дәл айтылған. Берілген мәтіннің 1-2 сөзін тастап, енді біреуін бұрмалап, екінші тарапқа жеткізетін болсақ аударма мәдениеті бұзылады.

Үшіншіден, аударма-жеке жанр ғана емес, бар жанрдың бел баласы, мәдениеттің қайнар көзі, қоғамның элитасы. Ал элита-мәдениет бар жерде ғана қалыптасады. Алайда элитаны элита ететін дүние-бірнеше тіл білушілік.

Бұл туралы аударма теориясын зерттеуші В. Алимов "Мен аударманы-мәдениеттің тал бесігі деп түсінемін. Сондықтан да аударманы көркемдік, қоғамдық-саяси, салалық аударма деп ірі-ірі топтарға бөлдім. Әркім өз көңіліне жаққанын таңдасын" дейді. Қазақтың көңіліне "көркем" деген сөз әу бастан жақын емес пе?! Көркем аудармаға тоқталайық.

Көркем аударма-көрікті, сұлу, сапалы әрі қиялға бағынып, түрлі әсем сөздермен кестеленіп, өрнектелетін аударма. Яғни берілген шығарманы сөзбе-сөз аудармасанда, бастысы мағынасы бәз қалпында сақталса жетіп жатыр. Бұл айтқанға оңай болғанымен, көркем шығарма аударушыға жеңіл тірлік болайын деп тұрған жоқ. Шын мәнісінде көркем шығарманы аударатын адамның тек тіл білуі жетпейді. Оның бойында шығармашылық қабілет, өнерге деген сүйіспеншілік, әдебиетке деген махаббат болуы тиіс. Бұл тұрғыда мәдениет әдебиетке ақырын ойысады. Себебі мәдениет пен әдебиет-егіз ұғым. Бірін-бірі тудырады. Осылайша көркем аударма бірнеше түрге бөлінеді. Ол поэзия, проза, сатира, пьесса секілді жанрлардан тұрады.

Аталмыш жанрдағы өзге тілде берілген мәтіндерді қазақ тіліне аударудың арғы бергі өткен жолын, ізденістерін саралау – ұлттың көркемдік ойдың бүгінгі биігін бағамдаудың, алда алар асуларын белгілеудің бір жолы[1].

Бұл жолға талдау жасау арқылы тəржіманың халқымыз тарихында қандай орын алғанын ғана емес, сонымен бірге келешекте атқарар рөлінің де бөлекше болатынын көрсете аламыз. Бүгінгі таңда аударма қазақ тіліне əлем əдебиетінің көрнекі шығармаларын аудару арқылы мемлекеттік тіліміздің мəртебесін асыруға ықпал жасай алады. Қазақ поэзия аудармасының мұндай кемелдікке келу кезеңін теориялық тұрғыдан тұжырымдай талдау оның келешектегі көркемдік көкжиегін кеңейту жолдарын қарастыруға мүмкіндік береді. Көркем аударма, əсіресе поэзия аудармасы барысында мазмұнды, көркем бейнені, айқын суретті жеткізуде қаншалықты дəлме-дəл сəйкестілікке қол жеткізуге болатындығы қарастырылады. Ұлттық əдебиетіміздегі көркем аудармаға байланысты ой-пікірлерін ортаға салған мақаласында М.Əуезовтің: «Аударма теориясының басты кемшіліктерінің бірі ... жақсы, үлгілі аударма тəжірибелерін жеткіліксіз, үстірт зер салу, шетеңдеп қана зерттеу болып отыр. Ал асылында, ондай аудармаларды бүкіл егжей-тегжейіне жете, жан-жақты талдау аса мəнді шарт, талданғанда шығарманың идеялық-көркемдік қасиеттерін аударманың бойына қалай сіңіргендігін, образдылығын, түпнұсқаның ырғақтық, үндестік, шумақтық, ұйқастық нəзік ұтымды тетіктерін, авторының сөз өнеріндегі өзіне тəн ерекшелігін, тарихи нышандарын беруде аударма өнерінің, бұрынғы-соңғы аударма істерінен мүлде басқаша екендігін дəлелдеу əбден керекті міндет»[3], — деген талабын қаламгер аудармашылығын сөз еткен тұстардың барлығында да қатаң ескеру орынды болары анық. Әдеби тәржімеде, әсіресе поэзиялық тәржімеде аударманың көркемдік тұрғыдан биік деңгейде орындалуы түрлі факторларды есепке алуды қажет етеді. Түпнұсқадағы ұлттық бояуды сақтай отырып, тілі жатық әрі көркем аударма жасау дегеннің өзі кереғарлықтан туындаған қатаң талап екені белгілі. Дегенмен ескеру қажет. Кей жағдайда аудармашылардың сөзбе-сөз тәржімеге бой ұратын кездері де болады. Толыққанды көркем аударма жасауда мұндай тәсілдің тиімді бола бермесі анық. Себебі поэзиялық аудармада ең негізгі назарда ұстайтын мәселе – лирикалық қаһарманға тән ой-сезім ауанының түпнұсқадан ауытқымай, мейлінше жуық бедер табуы.

Көркем аударма-тілдік және мәдениатарлық құралдың нақ өзі. Баламалы һәм ақпараттық, салалық аудармалар мәдениет ұғымынан алшақтау. Көркем аударманы өзге жанрлардан бөлектеп қарастырған басты себебіміз де сол.

Ал аударманың негізгі қыж-қыж қайнаған ортасы - ол тілдер әлемі. Тіл көп болған сайын аударма да жаңа туған айдай толысып, әрлене береді. Ал аудармашы - тек тілге ғана емес мәтіннің өң бойына толықтай көз жүгіртеді, өз жанынан сөз шығарады. Бірақ идеясы өзгенікі болады.

Сіз бен біз білетін қарапайым ғана "аударма" деген сөзбен шектеліп тұратын саланың ауқымы біз ойлағаннан да кең екен.

Себебі ешбір сала әлем халықтарының мәдени-рухани қозғаушы күші, жан-жақты дамытушы саласы, коммуникациялық құралы бола алмайды.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Заманауи әлемдегі ғылым мен білім. халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары

2. Аударматанудағы баламалық мәселелер туралы / https://akikatkaz.kz/.

3. Көркем аударма/ https://stud.kz/referat/show/30227

Г.С Габдкаримова,

аль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті,

Алматы, Қазақстан



Бөлісу: