Атасы жақсы қандайды...

Атасы жақсы қандайды...
жеке
блог

Ол кіснің полк, дивизия командирі болғандығын, 5 рет қоршауды бұзып, 27 рет өз батальонын жауға қарсы бастап барғаны маған патриоттық сезім сыйлайтын. Мәскеу түбіндегі ерлігін ойласам, мақтаныш сезімі кеудемді кернейді. Ерліктің  символына айналған Бауыржан Момышұлының дивизия басқарған « №1 қазақ» екенін білгенімде, көкейімді ерекеше қуаныш сезімі билеп, төбем көкке сәл-ақ жетпеді.

Әрине, батыр атамыз туралы әңгімелер, аңызға бергісіз оқиғалар көп... Мысалы, Бауыржан Момышұлы немістерге қарсы шабуыл жасау мақсатында, жауынгерлерімен орман ішімен өтіп бара жатып, неміс солдатының мәйітін тауып алғанын және оны арулап көмгенін есңтіп, таң қалдым. «Апырмай, басқа біреу болса, жау баласы деп ит пен құсқа жем етер еді ғой! Өлтіремін деп барып, көміп кеткені қалай?» -деп ойладым. Бұл ол кісінің адамгершілігінің, рухани тәрбиесінің мықтылығының, ізгі парасат иесі екендігінің көрінісі еді. «Кім болсақ та адам баласын ит пен құсқа жем етуге ешкімнің құқығы жоқ» -деген осы бір сөздер санамда сақтаулы. Ол өзінің Кубаға барған іс-сапарында, сол мұхиттың арғы жағындағы елдің басшысына үлкен әсер қалдырып, алғысын алғандағы жауабы да маған қатты ұнады. Бауыржан Момышұлы өз сөзінде: «Маған алғыс айтудың қажеті жоқ, менің  халқыма алғыс айтыңыздар! Мен жәй ғана СССР-дің қалдығымын!»-деп, Куба басшысын қазақ халқына бас идіргеніне тәнті болдым. Осылайша, Бауыржан Момышұлының толымды тұлғасы жүрегімнің төрінен орын алды.

Қазақта: «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген тамаша сөз бар. Бауыржан Момышұлының қыры сегіз емес, сексен сегіз десек те жарасады. Бір өзінің бойынан, мінезінен,майдан жылдарындағы, одан кейінгі бейбіт кезеңдердегі іс-әрекеттерінен қазақ халқының тұтас тұлғасы танылғандай. Бауыржан Момышұлы-өзі көсем, өзі шешен болды, сонымен қатар, ол адал сенімнің, ар-ұяттың, намыстың адамы, шындық үшін күрескен жан-тын. Тек,майдан даласында ғана емес, бейбіт өмірде де қаһармандықтың сан алуан ғажап үлгісін жасаған тұлға.  

Бауыржандай батыры, әрі шыншыл дарабозы бар болған біздің қазақ қандай бақытты! Осындай батырлардың, дүлдүлдердің ұрпағы – біздер де бабаларымыздың рухына сай болып өсуіміз қажет, ол кісілердің атақ-даңқын аяқ асты етпей, арман-мақсаттарын жүзеге асыруымыз керек,- деп ойлаймын.

Бауыржан Момышұлы  туралы айтылмаған сырлар, жазылмаған жырлар, шертілмеген күйлер көп. Болашақта батыр Бауыржанның өнегелі өмірін насихаттауда, оның өмір жолы мен еңбектерін зерттеуде талай қалам тербермін деген ойдамын.