Ата-ананың қарызын,өтеу-сенің парызың!

Адамда барлығын таңдау құқығы бар.Дос,мамандық,киім,сүйікті жар,үй,көлік не керек бәрін таңдауға құқылы.Менің ойымша ,адам екі нәрсені ғана таңдай алмайды.Олар:ата-ана баласын,бала ата-анасын.Себебі,ол Алланың қалауындағы нәрсе.
Осыған қарамастан, біздің қоғамда баласын тастап кететін ата-ана,ата-анасын қарттар үйіне өткізетін бала күн санап өсуде.Бұл не сұмдық!Сонда олар Алланың әміріне қарсы шыққаны ма?!Ойланып қарайықшы,ата-ана жарық дүние сыйлайды,қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай мәпелейді,тәлім-тәрбие береді.Бар өмірін баласына арнап,солар үшін күн демей,түн демей еңбек етеді.Өткенге бір сәт оралайықшы.Сен өмірге келгенде анаң мен әкең қуаныштан көздеріне жас алды.Сен әр түн сайын шырылдап жылағанда, анаң ұйықтамай сені тербетумен болды.Осылайша әкенің махаббатына бөленіп, анаңның түн ұйқысын ұрлап жүріп сен мектеп табалдырығын аттадың.Ол сәт ата-ана үшін үлкен мереке еді ғой.Сен мектептен келгенше тағаттары таусылып сені кутумен болатын.Міне, сен орта сыныпқа көштің.Енді ата-анаң:  "біреумен төбелесіп қалмады ма, ешкім ренжітіп қоймады"-деп уайымдайтынды шығарды.Осылайша, сен мектеп бітіріп, қалаға оқуға түстің.Бар жиған-терген ақшасын сенің қолыңа ұстатып, ата-анаң ауылда қала берді.Бәлкім, сен байқамадың сол сәтте әкеміз іштей тынғанымен, анамыздың көзінен тамшы жас үзіліп түскен еді.Ендігі кезекте ата-ана: "қатарынан қалмасын, елден кем болмасын"- деп, саған ай сайын ақша салып тұруды әдетке айналдырды.Ал,сен не істедің?Сабағыңның көп,уақытыңның жоқ екенін сылтауратып ата-анаңа қоңырау шалуды да доғардың.Демалыста уақытыңды сені сарғая күткен ата-анаңның жанында емес, достарыңның жанында қыдырумен өткізгенді жөн көрдің. Сөйтіп жүріп,оқуыңды бітіріп, жұмысқа орналастың.Ата-анаңның қуанышы қойнына сыймай  "баламыз бізге жемісін жегізед-ауі"- деген сәтте сен тағы жұмысбастылыққа салындың.Әке мен ананың кең жүрегі бұны да кешіреді-ау.Міне, бәлкім, ең маңыздысы  осы шығар, сен өмірлік жарыңды жолықтырдың.Байғұс ата-ананың қандай сезімде екенін көзінен-ақ көруге болатын еді.Осыдан кейін, ата-анаң келіннің қызығын көріп, немеренің маңдайынан иіскеуге іштей даярланып жүруші еді.Бірақ...олай болмады.Сен ата-анаңды  "Қарттар үйіне" өткізуге шешім қабылдадың.Бірақ, НЕГЕ? Ауырып қалсаң,жанын беруге даярланып,шыбын жанын қоярға жер таппағаны үшін бе? "Бауыр етім -балам" деп бар мейірім,шапағатын төккені үшін бе?Әлде сенің әр басқан қадамыңның сәтті болуын Құдайдан күн сайын тілегені үшін бе?НЕ ҮШІН?

Айналып келгенде біреу сені мінезің үшін,біреу әдемілігің үшін,біреу жетістігің үшін жақсы көріп,сыйлауы мүмкін. Ал ең бастысы,баласын еш кемшілігіне қарамастан 100 % жақсы көріп, бар махаббатын сыйлайтын де ата-ана ғой."Маған киім керек,ақша керек,сотка керек ,анада бар менде жоқ,достарыммен қыдырам , мынау ескі ,жаңасы керек, туу мам қойш,ой папа айттым ғой " біздің осы еркелігімізді ата-анадан басқа кім көтереді.Шынтуайтына келгенде ,біз ата-анамыздан басқа кімге керекпіз.Бірақ соны түсініп ,ата-ана қадіріне жететіндердің саны азайып бара жатқандай сезіледі маған.Ер жетіп өз қолы өз аузына жеткенде әке-шешесін керек етпей қарттар үйіне өткізетіндерге жаным ашиды,соншалықты ойлау қабілеттері,сана-сезімдері төмен бе... Айналайындарым-ау кең сарайдай үйіңнің төріне лайық жандарға,аядай ғана бұрышты қимадың ба?!Сенің осындай дәрежеге жеткенің Алладан кейін, ата-анаңның арқасы екенің қалайша тез ұмыттың?!Сол әрекетіңнен соң тамағыңнан қалай ас өтіп,қалай тыныш ұйықтайсың,қалай тыныш өмір сүресің?!Кейін бала-шағам да маған солай істейді-ау деген қорқыныш болмай ма?

Ата-анамыз бізді қалай мәпелеп өсірсе,ата-анамызды да солай мәпелеуді нәсіп етсін,баршамызға.Біздің  әр басқан шалыс қадамымыз анамыздың көзінен тамшы жас болып ағып, әкеміздің жүрегіне қанжар болып қадалатынын ұмытпайық!?Біздің бүгініміз Алладан кейін ата-анамыздың арқасы екенін естен шығармаңыздар.Мен көпке топырақ шашудан аулақпын!Бұл тек мендегі ой,өзіндік пікір.



Бөлісу: