Әскери психологтар қандай жұмыстар атқарып жүр
блог
Аға лейтенант Әлішер Мажрапов. Алматы қаласының тумасы. Қарағанды қаласындағы Талғат Бигелдинов атындағы училищесінде білім алған. Алматыдағы әскери институттың түлегі. 2020 жылдан бері 21450 әскери бөлімінде офицер-психолог. Садақ ату спортымен шұғылданады. Кітап оқығанды және шет тілдерін үйренгенді ұнатады. Неміс, ағылшын тілдерін жетік меңгерген.
"Қарулы Күштердегі психологтардың жұмысы ҚР Қорғаныс министрі 355-бұйрығына сәйкес жүргізіледі. Осы бұйрыққа сәйкес, біз сарбаздармен және келісімшартпен қызмет етіп жатқан әскери адамдарға моральдық-психологиялық қолдау көрсетеміз. Бүгінде психологтардың жұмысы - өте маңызды. Әскери адамдардың жүйкесі мен психологиялық тұрақтылығы тексеріледі. Суицидтің алдын алу шаралары жүргізіледі. Түрлі тесттер, авто/аудио тренингтер өткізіледі. Фильмдер көрсетіледі. Агрессияны басу, релаксация жұмыстары жүргізіледі. Әртүрлі тақырыпта әңгімелесіп тұрамыз. Жас сарбаздар көбіне командирлерінен және бірге борышын өтеп жүрген қатарластарынан қолдау күтеді. Жалпы, әскерде ғана емес, қарапайым өмірде де біздің елдің азаматтары психологқа бару үрдісін аса бір қатты қалыптастырмаған, мұнда да сондай жағдай. Сарбаздың не әскери шенді адамның психологиялық көмек сұрап, маманға келуі сирек кездеседі. Сол себепті біз өзіміз оларды көбірек әңгімеге тартуға тырысамыз", - дейді Әлішер.