Ашаршылық зардабы
блог
Қай ұлттың болмасын қаламгерлер қауымы тарихтың тегершігімен бірге айналған жылдардың жүлгесінде өз халқының бастан кешкен басты қайғылы-тағылымды оқиғалары жөнінде көбірек қалам сілтеп, оқырман назарын осының байыбына барынша қырағаттап аударуға ұмтылады. Біздің қазақ үшін XX ғасырдағы сондай сұрапыл оқиғалардың арасында 1921 және 1931-1933 жылдар аумағын қамтыған ашаршылықтың алатын орны айрықша зор болды.
Рас, егемендігіміз еңсесін көтергенше, біздің ақындар бұл тақырыпта туынды тудырып, оны баспа жүзінен шығара қою аса қиынға түсті. Бұл ретте біздің ойымызға алдымен Бейімбет Майлиннің 1921 жылғы ашаршылық туралы жазылған «Берен», «Қырманда» атты повестері, «Күлпәш», «Ашаршылық құрбаны», «Айт күндері» деген әңгімелері, Нұрхан Ахметбеков пен Нұрлыбек Баймұратовтың поэмалары оралады. Сол сияқты Жүсіпбек Аймауытовтың «Елес» деп аталатын әңгімесі болды. Ал Жақан Сыздықовтың 1927 жылы жазылған «Әлі қарттың әңгімелері» дейтін поэмасы 1940 жылы кітап болып шыққан бойында өртелді. Содан бастап бұл тақырыпта жазуға тыйым салынды. Сондықтан сол бір зобалаң жылдар туралы сөз бола қалғанда, оны «асыра сілтеу кезеңі» деуден арыға бара алмадық. Дегенмен қаламгерлеріміз бұл тақырыпты «жаңбыр-жаңбырдың арасымен» қозғап тұруды да ұмыта қойған жоқ. Ал бұл тақырыпты жазба жүзінде аянбай ашық көрсете алатын нағыз ақжарылқап кезең республика тәуелсіздікке қол жеткізіп, дербес мемлекет атанған мезгілден бастап қана туды.
Алдымен 90-жылдарға қарай Балғабек Қыдырбекұлының «Алатау» атты романы жарық көріп, бір тарауында Жетісу өңірінде орын алған ашаршылық жайынан сыр шертті. Содан кейін 90-жылдары Адам Мекебаевтың «Құпия қойма» деген романы пайда болып, қызылдар ұйымдастырған қанқұйлы қырғынның шынайы кейпін ашып көрсетуге арна тартты. Қазақстандық орыс жазушысы Валерий Михайлов сол тұста «Хроника великого джута» деген деректі романын баспаға ұсынса, 2017 жылы мамырда мұның «Великий джут» деген жалғасын жариялады. Мұның біріншісі қазақшаға «Ғаламат жұт шежіресі» деген атпен аударылып, бірнеше рет кітап болып шықты. Бұлардан басқа, Ш.Мұртазаның «Қызыл жебе» («Тамұқ», «Қыл көпір» бөлімдері), Қ.Қазыбаевтың «Сұрапыл», С.Елубайдың «Ақ боз үй», З.Жәкеновтің «Зұлмат» романдары, С.Жүнісовтің «Заманай мен Аманай», М.Мағауиннің «Сары қазақ», Н.Ақыштың «Рақымсыз көктем», Т.Сәукетаевтың «Құзғын тойған қыс», Н.Қапалбекұлының «Жерошақтың түтіні» секілді хикаяттары қазақтың тамырына балта шабуға бағытталған ашаршылық атты зұлматтың бар бет-бейнесін көрсетуге бағытталған толымды туындылар қатарынан орын алды.
Бұлардан бөлек, қаншама тарихи-танымдық зерттеу кітаптары саналы оқырманға жол тартып, көптеген пьесалар жазылды, деректі фильмдер жарық көрді. Қазір олардың бәрін тізбелеп шығудың керегі де жоқ. Керегі, біз халқымыздың жартысына жуығын жусатып салып, демографиялық өсімімізді кемінде бір ғасыр уақытқа тежеуілдетіп тастаған қанды қасапты жай «ашаршылық» деп атап қана қойып, оның нақты бағасын осы кезге дейін бере алмай отырғанымызды баяндау. Сол 1931-1933 жылдардағы қолдан ұйымдастырылған ашаршылықта Украина мен Қазақстанның айрықша жапа шеккені тарихтан белгілі. Бұған бізден гөрі айрықша қатты мән берген украиндар тәуелсіздік кезеңінде ресейліктермен айтысып-тартысып жүріп, оған тұтас халыққа жасалған геноцид, яғни арнайы қыруға бағытталған саясат тұрғысынан келіп, «голодомор» деген баға берді.
Осы орайда ХХ ғасырдың 90-жылдарының басында халықаралық қолданысқа «holodomor» деген терминнің қосылғанын айта кетейік. Мұны украин ғалымдары айналымға ендірді. Тап осындай геноцид біздің алдыңғы толқын аталарымыз бен әжелеріміздің де басынан өтті. Бұл – қазақ тарихында бұрын-соңды болмаған ауыр қасірет. Өкінішке қарай, осы геноцидке халықаралық деңгей тұрмақ, қазақтың өз ішінде әлі ресми баға беріле қойған жоқ. Ал Киевтің қалалық соты 2010 жылы 1932-1933 жылдардағы голодомор қылмысын жасауға қатысты Иосиф Сталиннің өзін бас етіп тағы 6 адамның үстінен қылмыстық іс қарап, оларды қылмыскер деп таныған үкім шығарған. Украина ғалымдары мен саясаткерлері, бұған қоса, сол жылы Еуропа Кеңесінің Парламент ассамблеясына голодоморды геноцид деп тану жөнінде ұсыныс түсірген. Ассамблея бұған арнайы құжат қабылдамаса да, КСРО-ның кейбір республикаларында болған кең ауқымды голодоморды «адамзатқа қарсы жасалған қылмыс» деп қарар шығарды. Мұның өзі, тарихи тұрғыдан алып қарағанда, үлкен жеңіс еді. Қазір Украинада әрбір жылдың 26 қарашасында голодомор құрбандарына арнап ас беріліп тұрады. Біз сондай шешімге әлі жете алмай келе жатырмыз.
Рас, 2012 жылы республикада Елбасының нұсқауымен 1932-1933 жылдардағы ашаршылықтың 80 жылдығы аталып өтті. Бірақ содан кейін бұл мәселеге қайтып орала қойған жоқпыз. Шынтуайтына келгенде, халықтың қырылу мөлшері жағынан біздің тартқан азабымыз украиндардан да көп еді. Бұл зауалдың бізге қаншалықты ауырға соққанына тағы бір мәрте көз жеткізу үшін енді тарихи-статистикалық деректерге де бір шолу жасап өтейік. Ресей империясында 1897 жылы жүргізілген бірінші халық санағында қазақтар 3399751 адам болып, өз жеріндегі жұрттың 81,7 пайызын құраған екен. Бірақ 1917 жылдың қырғыны бар, 1918-1919 жылдардағы азамат соғысы бар, содан кейін 1921 жылдың ашаршылығы бар, 1926 жылғы санақта қазақтың саны 3627612-ге ғана жетіп тоқтапты. Бірақ бұл кездің өзінде біз республикадағы барлық халықтың 58,52 пайызын құрайтын едік. Бізден кейінгі орыстардың үлес салмағы 20,57 пайыз болды. Міне, осыдан бастап құлдырау басталды. Нағыз геноцид осы кезде келді. Сөйтіп, 1930 жылы – 313 мың, 1931 жылы – 755 мың, 1932 жылы 769 мың адам опат болды. Жалпы, 1930-1932 жылдары барлығы 1 млн 750 мың қазақ немесе халықтың 40 пайызы қырғынға ұшырады. Осының салдарынан 1939 жылғы халық санағында қазақтың саны 3100949-ға дейін түсіп кетіп, елдегі үлес салмағы 37,84 пайызға дейін құлдырады. Бұл кезде орыстар қатары бірінші рет бізден асып, 39,97 пайызды көрсетті. Бізге кейін осы олқылықтың орнын толтырып, республикадағы басымдыққа жету үшін тура 50 жыл уақыт керек болды. Қазақ халқы тек 1989 жылы ғана өз жерінде басымдық алып, 8135818 адаммен 39,69 пайызға жетті. Бірақ бұл кезде 37,82 пайызды толтырып тұрған орыстардан көп асып кеткеніміз шамалы еді.
Тарихқа көз жүгіртер болсақ, қазақ халқының бір ғасырда үш бірдей ашаршылықты бастан кешкенін байқаймыз. Оларды 1919-1922 жылдардағы аштық (1,5 млн адамды алып кеткен), 1931-1933 жылдардағы аштық (2,5 млн адам) және 1946 жылдары болған аштық деп қарастыруға болады. Осылайша, қазақтар іс жүзінде 15-20 жылдың ішінде халқының жартысына жуығынан айырылған. Біз үшін ашаршылықтың зардабы өте-мөте ауыр тиді. Ғалымдар оның қазақ халқының дамуын 110 жылға кейін шегергенін айтады. Осы ретте Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың: «егер ашаршылық болмағанда, біз қазір 45-50 миллион халық болып отырар едік» деген тұжырымында шындық бар. Мұны сол ашаршылыққа дейін біздің жарты санымыздан сәл ғана асатын өзбек халқының қазір 32 миллионға жетіп отырғанының өзі байқатады.
Өткен жылы мамыр айында «Астана ақшамы» газетінің үш нөмірінде профессор Құрманғазы Дәркеновтің «Қазақ елі қазақсыз қала жаздаған немесе 1921-1922 жылдардағы ашаршылық және «Торғай ісі» деген көлемді зерттеу мақаласы жарық көрді. Онда ғалым мынадай тұжырым жасайды: қазіргі кезеңде қазақ халқының жартысына жуығы қырылған 1930-32 жылдардағы ашаршылық біршама зерттеліп жазылғанымен, 1921-22 жылдардағы ашаршылық жөнінде бірен-саран еңбектерде болмаса, ақиқат әлі айтыла қойған жоқ.
Мұрағат деректері мен басылымдарға назар аудара келсек, 1921 жылы Қазақстанның бес губерниясы мен бір уезі, атап айтсақ, Орынбор, Ақтөбе, Орал, Бөкей, Қостанай губерниялары мен Адай уезі ашаршылыққа ұшырады. 2653300 адам тұратын Қазақстанның батыс бөлігімен және онымен шекараласатын Қостанай губернияларының ашаршылыққа душар болуының объективті және субъективті себептері бар еді. Олардың әрқайсысының аражігін таратпай жалпы айтсақ, 1921 жылғы аштықтың негізі әріде, тереңде жатты. 1916 жылы қазақ жастарын тыл жұмыстарына алу, шақырылғандардың бас сауғалап қашуы, халық наразылығының өршіп, Торғай төңірегін қамтыған ұлт-азаттық күресі, ақ пен қызыл кезекпе-кезек билікке келген аласапыран азамат соғысы, ер-азаматтың ат үстінде болуы қалыптасқан шаруашылық жүйесін тоқырауға ұшыратты. Оның үстіне, 1920 жылғы жұт пен 1921 жылғы құрғақшылық ауыл шаруашылығын тұралатып, халықты күйзеліске душар етті. 1921 жылдың наурызындағы мәліметке сенсек, Орал губерниясында тұратын 470028 адамның 446536-сы, яғни 99 пайызы аштыққа ұшырады. 1922 жылдың қаңтарындағы мәлімет бойынша Орынбор губерниясында – 437776, Қостанай губерниясында – 252816, Ақтөбе губерниясында – 359326, Орал губерниясында – 277835, Бөкей губерниясында – 100 мың, Адай уезінде 75 мың адам ашаршылыққа ұшырады. Міржақып Дулатов жанұшыра ашық түрде «Аштық қырғынынан қайтсек құтыламыз?» деген мақаласын «Қазақстан үкіметінің назарына» деген атаумен жазды. Қазақ өкіметі ел ішіндегі жағдайдың одан әрі ушығып бара жатқанын білді. Енді шегінерге жер қалмағанын түсінді ме, әлде аштықты жою ісіне қалың қазақты жұмылдыра бастаған «алашордашылар» ықпалының өсіп бара жатқанынан, оның сыртында ел ішіндегі ахуалдың ауырлап, аштықтың жайлағанына көзі жеткен соң ба, ұлт зиялыларына өзге аймақтардан көмек, жылу жинап, ашыққан аймақтарға көмектесуге рұқсат берді.
Қиналған халыққа жұртты жұмылдырып көмек берген, ажал, аштық, тырнағынан арашалаған Алаш арыстары кейіннен малды құжатсыз үлестірді деген жаламен істі болды. Қызыл коммунистер осылайша «Торғай ісін» бастады.
Елдегі ашаршылық жайы сол кездерде ұлт зиялыларын да бейтарап қалдырған жоқ. Атап айтқанда, 1920 жылдары орын алған ашаршылықтың зардабын сол кездегі зиялылардың көбі жазды, олардың арасында Тұрар Рысқұлов та, Мұстафа Шоқай да болды. Соңғы кезде ҰҚК мұрағатынан Мұхтар Әуезовтің 1921 жылы қазақтың тұңғыш құрылтайында сөйлеген сөзі табылды. Мұхаң сондағы сөзінде: «соңғы жылдары ашаршылықтың салдарынан 1 миллион 700 мың қазақ қырылды, оның 700 мыңы – балалар» деген екен. Сол тұста «Правда» газеті Сафаров есімді комиссардың 1 миллион қазақ қырылды деген сөзін келтіреді.
Ал 1932-1933 жылдары орын алған ашаршылыққа келер болсақ, ғалым Талас Омарбеков 2 миллион 300 мың адамның опат болғанын айтады. Ол мұрағат құжаттары негізінде жалпы қырылған қазақтың санын 4 млн 836 мың деп тиянақтап берді. Кейбір тарихи деректерде, 1932 жылғы ашаршылықта жалғыз қазақ емес, Қазақстанда тұратын ұлт өкілдерінің бәрі, яғни 250 мыңға жуық өзге ұлт өкілі қырылған делінеді. Соның көпшілігі орыстар болған.
Ел басына нәубет төнген жылдары Ғ.Ысқақов, І.Қабылов, Ж.Арыстанов, Ғ.Тоғжанов, Б.Айбасов, О.Жандосов есімді алаш ардақтылары 1933 жылдың 24 ақпанында Сталинге хат жазып, барлық ауыр халді баяндап берген. Тарихта бұл «Алтаудың хаты» деген атпен әйгіленген. Өкініштісі, осы «Алтаудың хатын» көп адам әлі біле бермейді. Осы хатта: «800 мың қазақ шаруашылығынан, яғни 4 млн 800 мың адамнан 1932 жылдың көктемінде 450 мың қазақ шаруашылығы, 2 млн 25 мың ғана қазақ қалды» деп жазылған. Ал 1932 жылдың 4 шілдесінде республиканың Ғ.Мүсірепов, М.Ғатауллин, М.Дәулетқалиев, Е.Алтынбеков, Қ.Қуанышев сынды қайраткерлері қол қойған әйгілі «Бесеудің хаты» жазылды. Ол БК(б)П өлкелік комитетіне, тікелей Ф.Голощекинге жолданды.
Бұдан кейін сол кезде РСФСР Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары болып жүрген Тұрар Рысқұлов 1933 жылғы 9 наурызда Сталинге арнайы хат жолдап, елдегі барлық жағдайды бүге-шігесіне дейін қалдырмай баяндайды. Онда Қазақстанда 1931 жылдың соңында басталған қазақтардың бір ауданнан бір ауданға көшуі 1932 жылдың көктемінде көбейіп, жазда тіпті қатты күшейіп кеткені айтылады. Бірқатар қазақ ауылдарын жайлаған аштық пен індеттің негізінде орын алып жатқан өлім оқиғаларының қазіргі ауқымы орталық органдардың шұғыл араласуын қажет етеді.
«Қазір Қазақстанда қазақ жұртының белгілі бір бөлігіне қатысты жасалып отырған мұндай жағдай басқа бірде-бір өлкеде немесе республикада жоқ, – деп атап көрсетті Т.Рысқұлов бұдан әрі. – Көшпелілер өздерімен бірге жұқпалы ауруларын көрші өлкелерге және Ташкент, Сібір, Златоуст теміржолдары бойларына өздерімен бірге алып барады. Кеңес тәртібімен (соның ішінде РСФСР ХКК) белгіленген жеке-дара шаралар мәселені шешіп бере алмайды. ОК-ның азық-түлік босату жөнінде дер кезінде қабылданған қаулысы өзінің мақсатына толық жеткен жоқ… Бұл мәселенің үлкен мәні бар болғандықтан, Сізден осы хатпен танысып шығып, іске араласуыңызды, сөйтіп, көптеген адамды аштық шашқан ажал тырнағынан аман қалуыңызды сұраймын».
Т.Рысқұлов хатында аштықтан қашқан қазақтардың жан-жаққа босып барып жатқанын жазады. «Жергілікті жерлерден алынған соңғы болжамды мәліметтер бойынша, Қазақстанмен көрші өлкелерге: Еділдің орта ағысы бойына – 40 мың адам, Қырғызстанға – 100 мың адам, Батыс Сібірге – 50 мың адам, Қарақалпақстанға – 20 мың, Орта Азияға 30 мың адам көшіп барған, – дейді ол. – Көшпенділер тіпті Қалмақстан, Тәжікстан, Солтүстік қиыр секілді алыс жерлерге де жеткен. Тұрғындардың байлар бастаған тағы бір бөлігі Батыс Қытайға кеткен… Қазақ қайраткері ашаршылықтың көктемнің келуіне қарай қайта күшейе түсетінін сөз етеді.
Бірақ жағдай Қазақстанның ішінде де мәз болып тұрған жоқ еді. Хат авторының айтуынша, көптеген қалалар (Әулиеата, Шымкент, Семей, Қызылорда және т. б.) мен стансаларда теміржолмен күн сайын өлген қазақтардың мәйіттері шығарылып жатады. Шу ауданының орталығы Новотроицкіде (уәкіл ж. Жандосовтың хабары бойынша) күніне 10-12 адам өліп тұрады. Қазақтар мен коммунистердің 60 пайызы ауданнан кетіп қалған. Бұрын 7000 шаруашылығы болған Сарысу ауданында қазір соның 500-і ғана қалған, қалғандары Әулиеата және басқа аудандарға көшіп кеткен, кейбірі тіпті Қырғызстаннан бір-ақ шыққан. Қарашада бұл ауданнан бірнеше жүз қазақ отбасыларымен алыс жолға шыққан. Қаңтардың екінші бескүндігінде ғана 24 адамның сүйегі жинап алынған. Оларға жолда қарақшылар шабуыл жасаған. Әйелдер балаларын суға лақтырған. Әулиеата қаласында 5-6 қаңтарда шайханалардан суыққа қатып өлген 20 баланың мәйіті теріп алынған, сол уақытта тағы 84 ересек адам жан тапсырған. Ақтөбе обкомының 1932 жылғы 16 қазандағы қаулысында Жосалы теміржол стансасында қайтып оралған (сосын Сексеуіл стансасына жіберілген) 300-400 отбасынан (анық емес мәлімет бойынша) 150 қазақтың (соның ішінде 21 адам қорасаннан) дәрігерлік көмектің көрсетілмеуінен қайтыс болғандары, стансада қазақтарды ұрып-соғудың орын алғаны туралы баяндалады.
«Жергілікті органдардың мәліметтері бойынша, Торғай және Батпаққара аудандарында тұрғындардың 20-30 пайызы қайтыс болған, қалған үлкен бөлігі көшіп кеткен. Шалқар ауданындағы бірқатар ауылдық кеңестерде тұрғындардың 30-35 пайызы өліп қалған. Тұтастай алғанда, Ақтөбе облысында (жоғарыда аудандар кіретін) атқару комитетінің төрағасы ж. Иванов өзінің Кеңестер съезіндегі баяндамасында (1932 ж., шілде) облыста 1930 жылы 1012500 адам болғанын, 1932 жылы содан 725800-і, яғни 71 пайызы қалғанын хабарлады. Қызылорда аудандық атқару комитеті төрағасының куәлік етуінше, аудандағы ауылдық кеңестер тұрғындарының 15-20 пайызы ғана қалған. Балқаш ауданында (жергілікті ОГПУ мәліметінше) 60 мың адам болса, соның 12 мыңы көшіп кетіп, 36 мыңы өлген және 12 мың адам қалған. Қаратал ауданында өткен қыста қазақтың үш ауылын басқа жаққа зорлап көшірген кезде тұрғындардың жартысы қаза тапқан. Сол ауданда (жергілікті ОГПУ-дың куәлік етуінше) желтоқсан мен қаңтардың (1933 ж.) он күнінде 569 адам аштан өлген, сол мезгілде Үштөбе стансасынан, Қараталқұрылыс алаңы мен Күріш кеңшарынан 300 мәйіт жинап алынған. 1931 жылы Шұбартау ауданында 5300 қожалық бар еді, 1933 жылғы 1 қаңтарға содан 1941 қожалық қалды. Қарқаралы ауданында 1932 жылғы мамырда 50400 адам болды, ал қараша айына қарай 15900 адам қалды және аудан орталығында күн сайын 15-20 адам (Өлкелік отырықшы комитетінің ақпарынан) өледі. Қарағандыда өткен көктемде 1500 қазақ өлді, соның ішінде жұмысшы қазақтар аштық пен індеттен үзілді. Сергиопольде (Түрксиб) қаңтар айында 300-ге жуық қазақ ажал құшты. Бұл келтірілгендердің бәрі ресми дереккөздерден алынды».
Көп немесе аз мөлшерде қазақ тұрғындарының өлуі мысалдарын басқа да бірқатар қазақ аудандарынан келтіруге болады. Әсіресе, балалар арасында өлім көп. Көптеген көшушілер балаларын тағдырдың тәлкегіне тастап кетеді. Басқа өлкелерге жеткендер өздерімен бірге балаларын әкеле бермейді. Қараусыз қалған балалардың қалың шоғыры Қазақстандағы қалалар мен теміржол стансаларына шоғырланады. Қазақ әйелдері балаларын мекемелер мен үйлердің алдарына тастап кетеді. Қазақ органдары 1932 жылдың соңында-ақ әлі орналастырылмаған қараусыз 50 мың қазақ баласының бар екенін ресми хабарлады. Қазақстанда жұмыс істейтін балалар үйлері толып қалған, олардың арасында бала өлімі көп. Мысалы, Семей аумағында комиссияның тексеруі кезінде бір балалар үйінің астындағы жертөледен көлік болмағандықтан амалсыз қалдырылған 20 қазақ баласының сүйегі табылған.
Т.Рысқұлов хатында қазақ органдарының қайтып келушілер мен ашығушыларға қалай көмек көрсеткендерін баяндайды. Жұрттың жаппай көше бастауына мал басының күрт кеміп, шаруашылықтың күйреуі де бір себеп болған.
«Мен Сізге 1932 жылғы 29 қыркүйекте жазған баяндамамда Қазақстанда мал басының қысқаруы нәтижелерін егжей-тегжейлі жеткізіп, оны қалпына келтірудің шараларын айтып берген едім, – делінген хатта.
– 1932 жылғы ақпандағы Бүкілодақтық халық санағының (екінші рет өткізілген) мәліметі бойынша, Қазақстандағы 1928/1929 жылғы 40 млн бас ірі қарадан санақ өткенге дейінгі сәтте 5397 мың бас қана мал қалған, яғни 85,5 пайызға қысқарып кеткен, соның ішінде 1931 жылғы ақпаннан 1932 жылғы ақпанға дейін 55 пайызға азайған (КСРО-да жалпы мал басының қысқаруы 16,7 пайызды құрады). Санақ өтетін кезге дейін ол 80 пайызға азайғаны анықталды, ал КСРО бойынша осы уақытта мал саны 33 пайызға ғана кеміген».
Хатта, бұдан бөлек, республикада жүріп жатқан асыра сілтеушіліктер мен көзбояушылықтар, егіннің егілмей қалуы, қазақтарды отырықшылыққа көшіру жайлары туралы кеңінен баяндалады. Бірақ «мал құлағы саңырау», мұны еститін құлақ, зерделейтін сана, құлақ асатын пейіл Иосиф Сталин бойынан көріне қоймады. Шет елдерден астыққа айырбастап станок алып жатқан көсем индустриялық революция мүддесі үшін мұны қасақана жасады, кең далада мал соңында жүрген қазақ егін салмайтын еді деген де дәйектер табылуда. Бұл кесапат саясат қазақ халқының қынадай қырылып, өз елінде азшылыққа айналуына апарып соқтырды…
Рахымбай Асел Жакитбекқызы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология және әлем тілдері факультетінің 1-курс студенті.
Ф.Қозыбақова,жоба жетекшісі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих және археология, этнология факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры.