Арманның арманы...

Арманның арманы...
жеке
блог

Арманмен жұмыс сапары барысында таныстым. 2013 жылы түсіру тобымен арнайы Шығыс аймағына сегіз күнге созылған сапарымда жанымнан қалмай бірге жүрген серігім болды. Өте жақсы адам. Енді әдеби суреттей алмаспын, бір сөзбен айтқанда ашық, ақжарқын адам.

Бір кемшілігі телефонына маза болмайтын. Қашан қарамасаң құлағынан қара соткасын жабыстырып алып, сөйлесіп жүреді. Байқағаным ол кісінің телефонының рингтонында 3 түрлі музыка болатын. Бірінші музыка ойнағанда жұмыс жайында сөйлесетін. Екінші музыка ойнағанда тез сөйлесіп, кейде арасында боқтап жіберіп тұтқаны тастай салатын. Ал, үшінші өзгеше музыка қойылған звонок келгенде Арман ұзақ сөйлесіп, артынан қатты ашуланатын. Бір сәтті түскенде осы звоноктар жайлы сұрармын деп ойладым.

Содан қойшы, түсірілім аяқталды. Ертең таңертең Астанаға жолға шығуымыз керек. Арман аға кешке жұмыс сәтті өткені үшін дастархан жайды. Біразға дейін отырдық. Қысқасы «от души» күліп отырдық. Бір кезде сол әдет бойынша телефоны шырылдап, Арман тұтқаны көтерді де біраз сөйлесіп, айғайлап жаба салды.

Қалжындап, «жақында үйленіп па едіңіз, жеңгей ма, маза бермей жатқан?» деп едім. Бетіме қарады да «еее... бауырым, менің басымдағы жағдайды ешкімге тілемес едім» деді де сыртқа шығып кетті.

Артынан шығып едім, Арман далада темекі шегіп тұр екен. Қасына келіп едім. Әңгімесін бастады:

«Жақында үйлендім. Бұйырса әйелімнің аяғы ауыр. Уақыты тақап қалды. Сол ғой звондап «бала дүниеге келгеннен кейін мені Барселонаға апарасың ба?» деп басты қатырып жатыр. Бұл екінші әйелім. Жас болғаннан кейін ба білмеймін түсінігі мүлде бөлек. Қайдағы жоқ нәрселерді айтады. Баланы тумай жатып, қыдыруды ойлайды» деді де қолындағы темекісін лақтырып, тағы біреуін тұтатты.

«Бірінші әйеліммен 10 жыл бірге тұрдық. Бала махаббатым. Жанымнан артық жақсы көрдім. Түктеміз болмады. Студент кезінде үйленіп, барлығына бірге қол жеткіздік. Тынымсыз екі жақтап жұмыс істеп, алғашқы үйімізді алдық, біраз уақыт өткенен кейін алғашқы машинамызды алдық. Артынан ойымыздағыдай 3 бөлмелі пәтерді, міне алдыңда тұрған, өзіңді тасып жүрген армандаған ақ Прадоны алдық. Барлығы жақсы болды. Бірақ, осы 10 жылда баламыз болмады. Бармаған жеріміз, қаралмаған емханаларымыз қалмады. Барлығы бекер.  Өзім біреудің жалғыз ұлы болғандықтан әке-шешем маза бермеді. «Бізге немере керек, жасымыз өтіп барады, балаңды сүймей өмірден өтеміз ба» - деп. Бірінші әйелім сезді ма білмеймін, бүр күні маған «ажырасайық, сен жас біреу ал, ата-анаңның арманы немере сыйла» деді. Мен қанша бас тартып едім, бірақ бір жақтан жылдар бойы жылай-жылай жанарында жасы қалмаған әйелім, екінші жағымнан әке-шешем болмағандықтан ақыры екі жақтағы қысымнан ажырасуға келістік.

Енді міне Балжан деген жас әйелім бар, бұйырса балам болады. Әке-шешем мәз.

Бірақ мен бақытсызбын. Екі жыл өтсе де әлі күнге дейін бірінші әйелім Айнамен сөйлесем. Қайтадан қосылғым келеді, қайта онымен тұрғым келеді.

Соңғы кезде басым қатып жүр. Балжанға бала тапқаннан кейін ажырасайық, жағдайыңды жасап беремін, әке-шешеммен тұра бер десем, кетіп қалама деп қорқам...

Ал, өзім қайта бірінші әйеліме кеткім келеді. Қазіргі арманым осы, - дейді Арман.

Бұл оқиғаның аяғы немен аяқталғанын білмеймін. 5 жыл өтсе де әлі күнге дейін ойымнан шығар емес. Сол кезде Арманның ішінен жеп бара жатқан ойды елесте де алмаймын. Қиын ғой.

Бір жағынан Арманның әйеліне деген шынайы сезіміне қарай екеуі қайта қосылса екен деп тілейсің. Екінші жағынан немере сүюді армандаған ата-ананы да ойлайсың. Ортада тек бақытты басқаша ұғатын, бірақ бақытты болуды аңсаған екінші әйелі Балжанды аяймын.

Ал, Сіз Арманның орнында болсаңыз қандай таңдау жасар едіңіз?