Арман сапарында болсаңыз...

Арман сапарында болсаңыз...
жеке
блог

Арманға сапар шексең, оның жақындай түсуі үшін тек қана "жылдам жүріс" емес, қажырлы еңбек пен нақты мақсат керек. Арманға жету үшін біз бірнеше, тіпті жүздеген қадам жасаймыз. Жарты жолға жеткенде шаршаймыз, тоқтаймыз... Бірақ ол жерде аз ғана аялдау керек, кері қайтуға болмайды. Қаншама ғұлама ғалымдар мен ұлы тұлғалар осы əдісті пайдалану арқылы өз биігіне жетті. Солардың бірі - Карл Маркс. 

Карл Маркс - социализмнің негізін қалаушы тұлғалардың бірі. Ол туралы жазушы Елена Ильина "Арман сапарында" деп аталатын ауқымды повесть жазды. 

Карл Маркс Генрих Маркс пен Генриетта Маркс есімді еврейлер отбасында дүниеге келді. Генрих Маркстің əкесі яһуди дінінің раввині болған. Ол баласы өзінің жолын қуғанын қалағанымен, Генрих Маркс оны тыңдағысы да келмеді. Себебі ол кезде христиандарға ғана білім алуға мүмкіндік бар еді. Генрих Маркс христиан дінін қабылдап, үйінен біржола кетті. 

Генриетта Маркстің - Карлдың анасы. Үй шаруасындағы ізгі жанды ана, тірлікке мығым əйел болды. Ол туралы оқып отырып, нағыз отанасын көз алдыңа елестетіп, оған сүйсінбей қоймайсың (Біздің қоғамдағы кейбір үй шаруасына епсіз қыз-келіншектерге үлгі боларлықтай).

Карлдың балалық шағы Трирде өтті. Көп балалы үйдің баласы сонда талай рет бауырларымен ойнады, оларға ертегі айтып берді. Əкесімен бірге талай рет Трир көшелерін аралап, серуен құрып оған өзін толғандырған талай сұрақты қойды. Карл жастайынан зерек, елгезек болды. Көп ізденетін. Ал гимназияға оқуға түскенде ол кластағылардың ең кішісі болса да, олардан білгені əлдеқайда көп еді. 

Повестен нағыз əке мен баланың қарым-қатынасын, махаббатын сезінесіз. Əкесі баласына бар білгенін үйретіп, ұлының болашағына көп алаңдайды. Карл студенттік кезін алғашқы жылы Бетховен туған жер Боннда той-думанмен, ал кейін Берлинде тек ізденіс үстінде өткізді. Ол студент болғанда да əкесі жиі хат жазып, кеңесін беріп тұрды. Қаржылай көмек те берді. Ал Карл... əдеттегіше, əкесінің қадірін бұл кезде жете түсінбеді. Сирек хат жазды, əкесін уайымға салды. Дегенмен, ол да əкесін өзінше жақсы көрді. Əкесі қайтыс болғанда Карлмен бірге мен де қиналдым. Себебі - мұндай асыл да қамқор əкені ажалға кім де болса қимайды. Көз жасыма мен де ерік бердім...

Женни! О, махаббат! Карл Женниді жанындай жақсы көрді, сүйді. Женни Карлды университет бітіргенше бақандай жеті жыл күтті. Қаншама князь, граф оған жүрегін ұсынса да ол қарапайым адвокаттың ұлы Карлды сүйді. Алда қаншама қиындық күтіп тұрғанын білсе де, ол Карлға тұрмысқа шықты. Мұншалықты көп ізденетін Карлдың өмір жолы ойлы-қырлы, бұралаң болса да Женни Карлмен соңына дейін бірге болды. 

Қысқаша мазмұны осылай! Сіз де оқып көріңіз. Көп ой салады, мүмкін содан соң жақындарыңыздың қадірін түсінерсіз! Сіз де арманға сапар шегіп, сол үшін күресерсіз. Тек сізге шыдам мен төзім, еңбек қажет. Оны сізге осы кітап үйретуі əбден мүмкін. Тек шаршамасаңыз болғаны...