Мен кіммін? (монолог: Арман)
Мен кіммін? Әр сөзінен бал тамған былдырлаған бүлдіршіннің тәтті тілімінбе? Бет шарпыған ерте келген көктемнің самал желімінбе? Жоқ, әлде, бойжеткеннің қос бұрымының шолпысының сыңғыр үнімін бе? Әлде, сол бүлдіршіннің жүрек түкпіріндегі пәктік пен сәбилікпін бе? Немесе ер жігіттің кеудесіндегі өр сенімін бе? Кимешегі иығын жапқан ақ әженің жымиғандағы көз қиығындағы әжімімін бе? Мүмкін, қарт қарияның еңбек жеңген, анда-санда көзіне келген жасын сүртіп қоятын тарамыс қолдары шығармын? Немесе сен үңіліп қарайтын, бетіңе құлап кетердей төніп тұрар жұлдызды аспан болармын? Әлі таппадыңба? Мен- жас қаламгердің қаламына демеу болған оны жазушы еткен, суретшінің қылқаламымен мың бейнеге жан бітірген, кең дала төсінде, ұшқыш боламын деген жанға ұша жөнелтіп қанат берген, бірде мүлде шаң ілестірмей зымырайтын, бірде сені тосып жай ғана аяңдайтын, Арманшылға тән қасиет, жоқ, сенің сонау балалығыңда қалған, не болмаса әлі де жүрегіңдегі – Арман дейтін Арғымақпын.