Әр нәрсенің хайыры бар...

Әр нәрсенің хайыры бар...
жеке
блог

ҰБТ. Аудитория іші мүлгіген тыныштық. Жайшылықта бір мектепті басына көшіретін түлектер бүгін ерекше сабырлы, әрі жинақы. Жинақы болмай қайтсін?! Бүгін, он бір жыл метеп табалдырығын тоздырып, жинаған білімдерінің таразыға тартылар кезі, атақты ҰБТ (Ұлттық бірыңғай тестілеу) емес пе?! Танысып қойыңыздар, мыңдаған түлектердің он бір жылдық білімін үш-ақ сағатта анықтап беретін «ҰБТ» деген мықтыларыңыз осы...

Бүгінгі кейіпкерлерімізде көпшілік қатарында білім бәсекесіне түсуде. Олар бір ауылда тай-құлындай тебісіп өскен, ал енді жауапты сәтте білім шыңына да бір-біріне арқа сүйеп шықпақ ниеттегі қос қыран Болат пен Баурат. Екеуі де жастайынан жақсы оқып, озат оқушылардың алды болды. Мектеп ұжымы, тіптен бүкіл ауыл осы екеуінің тілеуін тілеп, үлкен үміт күтті. Олай болатын себебі де бар, еліміз тәуелсіздігін алғалы бері шағын ғана ауылдан алғашқы болып «Алтын белгі» атағына үміткерлікке ұсынылып отырған осы екеуі – Болат пен Баурат. Бұл екеуі сабақты жақсы оқыса да, оқушыға тән әлсіз тұстары болды. Болат - томаға тұйықтау, көппен араласа бермейтін, математика, химия сынды техникалық пәндердің білгірі еді, бірақ керісінше, әдебиет, тарих, секілді гуманитарлық салаларда әлсіздеу болды. Ал, Баурат – ашық-жарқын, көпшілікпен тез тіл табыса білетін әдебиетті жаны сүйіп оқитын, гуманитарлық салаға бейімі бар оқушы болды. Бірақ, Баураттың кемшіл тұсы ол математика еді. Бұл екі оқушының әлсіз және күшті тұстарын ұстаздары жақсы білетін. Жыл бойы екі оқушының әлсіз жақтарын жетілдіруге ұстаздары бар күш-жігерлерін аямай салды. Алайда, табиғатында жоқ дүние болған соң ба, әлде ынта-ниеттері әлсіз болды ма, олқылықтың орны толықтай тола қойған жоқ. Міне, сол бар дайындықтарымен қос кейіпкеріміз ҰБТ тапсыруға тәуекел деп келіп отырған жайы бар...

Аудиториядағы оқушылардың санын тексеріп, дұрыстығына көз жеткізген мемлекеттік комиссия мүшелері сағат тілі тура таңертеңгі тоғызды көрсеткенде тестілеуді бастап кетті. Әрбір минут, секундтары қымбат түлектер орындарынан алғашқы арынмен ытқи қозғалған бәйге аттарындай, тест кітапшасын парақтай бастады. Бауратта реттілікті жақсы көретін әдетімен «Қазақ тілі» пәнінен бастап, айналасы 10 минуттың ішінде барлық сұрақты белгілеп үлгерді. Өзінің дайындығына іштей көңілі толған ол ашқарақтана «Қазақстан тарихы» пәніне ауыз салып үлгерді. Тарихты да 5 минут көлемінде толықтай белгілеп, барлығының дұрыс екендігіне сенімді болды. Ішінен ҰБТ-ға бір-екі апта қалғанда тарих пәні оқулықтарын толықтай қайта бір қарап шыққанына риза болды. Алайда бұл қуанышы көпке созылмады, алдынан өзінің іштей ойлап, мүжіліп жүретін математикасы бүгін тағы алдынан сопаң етіп шықты, «қайда барсаң да Қорқыттың көрі» деп бір күлді де, алдынан шыққан жауды тек алысып қана жеңетінін түсінді. Бірақ, ойына ұстаздарының егер бір пәннен немесе есеп, сұрақтан қиналып қалсаңдар отырып қалмай, келесісіне көше беріңдер, оны артынан орындайсыңдар дегені есіне түсіп дереу «Физика» пәніне көшті, техникалық саланың ішінде қызығып оқитыны осы пән еді. Физиканы 40-45 минуттың көлемінде белгілеп, тестке биыл алғаш еніп отырған «Орыс тілі» пәнін бастап кетті, ауыл балаларының әдеті бойынша кішкене қиналыңқырап, уақыт өте келе аздап бой үйрете бастады. Орыс тілін де жарты сағат көлемінде бітірді. Төрт пәнді белгілеп тастаған ол, уақытқа бір қарап еді, берілген үш сағаттың бір жарым сағатын пайдаланып үлгеріпті. Алдында алынбайтын қамалдай сол баяғы математика тұр. Енді қашып құтылмасын сезген ол амал жоқ алысып көруге бел буды. Басын бастап жартысына дейін қиналмай белгілеп келді де, ортасына келгенде омбы қарға кібіртіктеген бәйге аттай тұрып қалды. Сол сәтте өзімен бірге сол аудиторияда тест тапсырып отырған ауылдасы, әрі сыныптасы Болаттың есіне түсіп кетпесі бар ма?! Болат бұл қиналып отырған математика пәнінің білгірі еді, жалма-жан алыста отырсада аудиториядағылардың көмегімен Болаттың назарын өзіне аудартып алды да, бар мән-жайды түсіндіріп берді. Болаттың да тарихтан қиналып отырған жайы бар екен, ол да қуана келісті, сөйтіп екеуі заңсыз болса да тест кітапшаларын бір-бірімен ауыстырып, қиын сәтте бір-біріне қол ұшын созбаққа келісті. Баурат тарих пәнін айналасы 10 минуттың ішінде белгілеп дайындап қойып, Болаттың есебін аяқтап беруін күтті. Тесттың аяқталуына жарты сағат қалғанда екеуі кітапшаларын қайта ауыстырып, жауап парағына белгілеуге кірісіп кетті. Болаттың барлық есепті шемішкеше шағып тастағанына сенімді болған Баурат тест кітапшасын ашып екі көзі атыздай болды. Есебін шығарып береді деп сеніп отырған досы кітапшасына қаламының ұшын да тигізбепті, сол сәтте алданғанын сезген ол орнынан тұрып барып досының желкесінен бір қойғысы келіп кетті, бірақ өзінің тестта отырғаны есіне түсіп, бойын тез жиып ала қойды. Өзінің Болаттың тарихын белгілеп бергені есіне түсіп кетіп, енді өз-өзіне деген ашу-ыза, зығырданы қайнады. Бірақ, амал не, бәрі кеш, енді бар білген-жиғанын топтастырып есептің қалғанын аз уақытта шығаруға бел шешті. Осы орайда ойына дана Абайдың:

Өзіңе сен,

Өзіңді алып шығар.

Ақылың мен білімің екі жақтап, -

деген өлең жолдары орала берді...

Сол уақыттан бері біраз жылдың жүзі өтті, Баурат мектеп кезінде Алтын белгіні қорғай алмаса да, университетті жақсы бітіріп, білікті инженер-маман болды.

Тағдыр деген қызық қой, мектептен соң техникалық оқу орнында, қызметінде де сол баяғы математика қыр соңынан қалмай келеді. Оған ол да көндігіп, еті үйреніп кеткен. Тек, бұрынырақта «ҰБТ» деген сөзді естісе бұрын көмектеспей қойған досына зығырданы қайнаушы еді. Ал қазір шағын ауылдан үлкен қалаға келіп, өмірдің талқысына түскелі кейде досының сол қылығын, бәлкім мен үшін де дұрыс болды-ау деп ойлап қоятын. Кейде әр нәрсенің бір қайыры бар деп, сабыр еткен қазақ емеспіз бе дейтін өз-өзіне. Бірақ, шындығында да сол бір жастық шақтағы оқиға бала Бауратты өмірлікке ширатып кетті. Содан бері Баурат қандай қиындыққа тап болса да, алдымен бір Алладан жәрдем тілеп, өзіне, өзін қай жерден болмасын алып шығатын ақылы мен біліміне сенетін болды. Өйткені, ауылдағы әжесі: «Балам, Алладан сұра! Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады, адамнан сұрағанның екі көзі шығады», - деп өсиет айтқан еді, балалық шағында ақымақ басы соның парқына бармаған екен...

Сөз соңында айтарым, кей кездері қиын сәтте қоршаған ортадағы таныстарыңыз, достарыңыз, жақындарыңыз көмек қолын созбаса да моймаңыздар, әрі ренжімеңіздер, бәлкім оның да сіз үшін бір жақсылығы, алар бір сабағыңыз бар шығар. Бұл сөзімді жоғарыдағы Баураттың басынан кешкен оқиғасы қуаттайды. Сондықтан құрметті ағайын, біз үшін Аллаһ Тағаланың тарапынан өмірімізде болып жатқан әрбір іс (мейлі жақсы, мейлі жаман) үшін хайыры бар екендігін естен шығармайық!