Аппақ әлем - жатқан өлен...
Әр жыл мезгілінің өз ерекшелігі бар. Соның ішінде барлық жерді ақ бояуға бояп, түрлі өрнектермен безендіріп, табиғатқа ғажайып күйін сыйлайтын қыс мезгілі ерекше ұнайды. Әсіресе жапалақтап жауып жатқан қарды қалай жақсы көретінімді білсеңіздер ғой!
Негізінен басында қар туралы өлендер жинақтайтынмын(газет беттерінен, кітаптардан) Сосын қар туралы әнгімелер, ғылыми тұжырымдамалар, көркем сөздер... Жапалақтап жауып тұрған ұлпа қар жайлы өлендер жүрегімді ерекше қозғайтын. Қарасам елуге жуық өлендер жинақталып қалыпты. Соларды іріктеп тек оң жетісін ғана жариялауды жөн санадым. Жалпы қар туралы жазылған өлендер көп екенің білемін. Бірақ маған үлпілдеген ұлпа қар, яғни қарды әдемі жағынан сипаттаған өлендер жаныма жақын.
Соңдықтан Абай атамыздың / Ақ киімді, денелі, ақ сақалды, Соқыр мылқау, танымас тірі жанды/, түсі суық, кәрі құда/, - деген кейіптеудің тамаша үлгісі өленінің еңбей қалуын түсінікпен қарауларыңызды сұраймын. Ол мүмкін басқа тақырып айдарымен болашақта, қара сөздің көркемділігімен көріне жатар.
Сондай ақ, Ілияс Жансүгіровтың: - /Жерің аңау, Ақ кебенек кигендей. Желің мынау, Ел күңіренген өлімдей. Көлің аңау, көк пияла темірдей. Күнің мыңау, Тұманды, түк көрінбей/, - деген өте шеберлікпен қысты сипаттаған өлені де еңбей отыр.
Ақындар өзара ұқсастығымен емес өзгешелігімен оқырманға тартымды екені белгілі. Оқырмандардың талғамы да әр түрлі. Біреулер кең тынысты психологиялық талғам мен талдау бояуларына мол, мазмұны терең дүниелерді ұнатса, кейбіреуі оқылғанға жеңіл, жүрекке жылы, сөздің жаңдылығы, ойдың жинақылығы бар, жүрек түкпірін қозғайтын жырларды жүрегіне жақынырақ қабылдауы мүмкін.
Кәдімгі аспаннан жауған ақ мамық қар ұлпаларын ақындар қауымының әр қалай түйсініп, сөз саптауы және бейнелеуі оқырманды қызықтырады. Мысалы Қалқаман Сарин -/Түсіп жатыр аспаннан саулап хаттар/ , Темірғали Көпбаев - /Ардың аппақ түріндей ғой қар деген/, Танакөз Толқынқызы - /Менен таза бола алады ар ғана/, /Қар дегенің бар болғаны сағыныш,Көз жасымның мұздап қалған бейнесі, / Қар дегенің аппақ әлем елесі/, Нәзира Бердалы - /Менің мәнім – тазалықты тербету/.Қырау боп кеп,Терезеге гүл сыздым.Бұл өрнектер…Сезіміңіз кіл сіздің/,- деп сан сырлы поэтикалық сүреттері әр қырымен көрінген.
Әсіресе Жандос Байділданың - /Аппақ қар қап-қара шаш ақ түспеген, Аппақ қар менің анам ақ ниетті.., Аппақ қар ақ сөз Алла алдындағы/,- деген сөз жолдары ерекше тың, мазмұнды және әсерлі. Бауыржан Жақыптың - /Аппақ әлем- жатқан өлең/, - деген бір кескіндеген сөзі жолы, бүгінгі тақырыптың атауы болып жарасып тұра қалды.
Бір қатар алтайдын ар жағындағы қандас бауырларымыздың қар туралы еңбектері де ескерілді.
Жалпы ұлпа қар ғалымдар тарапынан әлі толық зерттелмеген көрінеді. Шәкәрім Құдайбергенұлының /Сипатын көр, тосып ал да,Жапалақтап жауса қар.Таза тексер, көзді салда, Қандай оның түрі бар?/ деген, өлен сөз жолдарынан соңау ата-баба заманынан аталған тақырыпқа қызығушылық танытып, зерттеулер болғаны аңғарылады.
Ендеше әдемі классикалық Ф.Шопеннің «Алғашқы қар» №20 музыкалық ноктюрнысүймелдеумен, аппақ қар жайлы мюзикл жасап төмендегі өлендерді тамашалайық.
О неткен ғажайып, әппақ ақ ұлпа қар жерге қарай асыға қонып жатыр. Табиғат бейне-бір қара жердің түсін ақ түске бояп, періштелердің ақ нұры жерге түсіп жатқандай! Қарасаң көз тоймайды. Неткен нәзік! Неткен көрікті! Жер – ақ көйлегін кигендей! Біртіндеп аспаннан кіршіксіз түсіп жатқан қарды басудың өзі қиянат.
Апыр-ау, бір-ақ түнде қыс келген бе?!
Қар ғой мынау, бір түнде түскен жерге
Бір-ақ түнде керемет істелген бе?!
Бір түнде мына аймақтың өңі өзгеріп,
Жәйімен жапалақтап қар жауып тұр.
Үлгермей де қалдың-ау қамданып бір
Ыққа кеп қонақтаған көгершіндер,
Бұталарға қарайды таңданып құр.
Қар жауып тұр, Жауып тұр, қар жауып тұр.
Аққа оранған көшелер, ағаштар да.
Заңды ғой, Заңды бәрі, талас бар ма,
Бар табиғат өзара жарасқан ба?
Ақ мамықтар ұшып жүр ақ аспанда.
Қала жатыр оранып ақ тұманға,
(Сірә, дала кіршіксіз, ақ бұдан да.)
Жығылған соң жалауы, жаз тығылды,
Қыс кіре алмас өмірі шахтыларға.
Қыт қытымыр. Жайлы емес далаға онша.
(Малшыларға қиын-ау, дара қонса...)
Біледі өзі табиғат, қайтер едік,
Қыс ақ болмай, егерде қара болса?! (М.Мақатаев)
Жапалақтап бірінен соң бірі ара қашықтығы есептеулі қарлар қыстың негізгі – көркі. Алты бұрышты қарларды кім өрнектейді екен? Табиғаттың осындай сыйлығына бөленген біз неткен бақыттымыз!
Аспанымнан ағылған ақ қар мынау,
Менің сырқат санамды сауықтырған,
Қарға қарап, қуандым жауып тұрған.
Қар астында қамалып қалса дедім,
Қу тірлігім жанымды жалықтырған.
Ағыл-тегіл сырыңды ақтардың-ау.
Жауған қарға көз алмай қарап тұрдым,
Тереземнен телміріп, қатқан қырау.
Көзіме көрінгенмен алыс мүлде,
Қиялым қанат қақты таныс күнге.
Ақ адал балалығым асыр салып,
Алаңсыз ойнап жатты қар үстінде.
Айнала ажарланған ақ күміс күн,
Сол кезде баянсыз бір бақты құштым.
Арманым ақ сағымға сіңіп кетті,
Қалмады. Құшағыма қатты қыстым.
Бұл өзі елес екен, жан жұбатпақ,
Ғұмыры қысқа болды қардың әппақ.
Жер бетінде мәңгілік қалмас ешкім,
Қысты да көктем келіп зар жылатпақ.
...Бүгін тағы толассыз жауды аппақ қар,
Көңілсіз құлазиды жаурап бақтар.
Жер бетіне жеткізіп ғайып сырын,
Түсіп жатыр аспаннан саулап хаттар. (Қалқаман Сарин)
Әр мезгілдің өз жақсылығы бар. Бірақ, қарды қалай жақсы көретінімді білсеңіздер ғой!!! Еріп кетпесінші деп тілеп отырмын, жаншылып аяққа тапталмасыншы.
Ақ көбелек қанаттары дірілдей,
Бұтақтарға қонып жатыр білінбей.
Ақ қайынды тербетеді тіршілік,
Ұяң қыздың ұйқыдағы түріндей.
Ақ жұлдыздар қонып жатыр сәндене,
Қар мен қыздың не қатысы бар деме.
Арулардың айнасындай ар деген,
Ардың аппақ түріндей ғой қар деген.
Ақ қайынды ару дедім ақмандай,
Күзден алып алтын жүзік таққандай.
Табиғаттың ет жүрегі елжіреп,
Жас келінге жаулық жауып жатқандай. (Темірғали Көпбаев)
Далада әппақ ұлпа қар жайымен ғана жауып тұр. Бұл дүниенің ғажайыптығын ғаламға паш еткісі келгендей бетіңді аймалап ақырын өбеді.
Аппақ қар ақ төсек қой дақ түспеген,
Аппақ қар ақ көйлек қой киілмеген.
Аппақ қар қап-қара шаш ақ түспеген,
Аппақ қар ақ орамал түйілмеген.
Аппақ қар менің анам ақ ниетті,
Аппақ қар менің әкем адал кісі.
Аппақ қар киелі жер, қасиетті,
Аппақ қар жаңа шыққан бала тісі.
Аппақ қар жалғыз аққу айдындағы,
Аппақ қар жаңа көрген ғашығыңыз.
Аппақ қар ақ сөз Алла алдындағы.
Аппақ қар алшы түскен асығыңыз. (Жандос Бәйділда)
Кіршіксіз ақша қарға қарап, адамның ақ пейілін көргендей боламын. «Ақша қардың ақтығын тілеймін!» деген тілекті де енді-енді жүрекпен ұғынып келе жатырмыз. Қардай көңілің кіршіксіз таза болсын, - дегені ғой бұл.
Танысалық, мен аппақ қар боламын.
Ақ пен қара өмірдің қос жолағын
Аппақ түске боямақшы боламын.
Ішімдегі сыймаған соң зор ағын
Қарға айналып қара жерге қонамын.
Танысалық, мен аппақ қар боламын.
Ренжітпеңдер ертегі елі қонағын.
Рас, талай жүректерді тонадым…
Ызғарымнан кейде өзім де тоңамын.
Елестеткен сіріңкенің қорабын
Тар кеңседе тереземнен қарадым.
Тыңдайсың ба, айтып берем қар әнін
Қалауымды тапсаң мен де жанамын.
Менен таза бола алады ар ғана,
Қардан асып туар, бәлкім, қар ғана.
Жанарыңды көлегейлеп қорғама
Кірпігіңде кідірте гөр сәл ғана.
Қолшатырлар шықты міне шеруге.
Шықты, бәлкім, қыс келгенін көруге.
Рұқсат берші ерніңе кеп еруге,
Рұқсат берші шыққа айналып өлуге,
Ақ қармын мен деген… (Танакөз Толқынқызы)
Қалың жауған кезінде төңірек тұтасып, көрінбей кетеді екен. Әп-сәтте-ақ қарайған нәрсені ақ киізге орап тастайды. Дәл қазір жер бетінде қара түр жоқ, мұқымы — аппақ....
Қар боп ұшып келемін
Қар боп ұшып келемін,
Қалаған жер үрлейтін,
Қалаларда ғана өмір сүрмейтін.
Далаларды, балаларды,
Молаларды құшақтап…
Қыстың биін билейтін.
Қар боп ұшып келемін,
Ешкімді де сүймейтін.
Қырау боп кеп,
Терезеге гүл сыздым.
Бұл өрнектер…
Сезіміңіз кіл сіздің.
Ал менде жоқ сезім, жүрек,
Рахат-ай..
Соқырмын, һәм тілсізбін.
Әдемімін, әппақ нұрдан келбетім,
Әппақ мұңмен…
Аралаймын жер бетін.
Менің дәмім – судың дәмі.
Тең келмейтін еш ащың,
Тең келмейтін шербетің.
Менің мәнім – тазалықты тербету.
Неге бұлай?
Біле алмадым себебін.
Мен ғайыптан жаратылдым,
Жоқ ешқандай дерегім,
Жоқ ешкімге керегім.
Мен суықтан қорықпаймын,
Себебі, өзім суықпын.
Аспан жақта туыппын,
Көктем шақта өлемін.
Ал, әзірше…
Шыр көбелек айналып,
Қар боп ұшып келемін. (Нәзира Бердалы)
Қар үсті-үстіне үдей түсті, сансыз ақ мамық қар ұшқындары жерге жетуге асыққандай қалбалақтап төмен құлайды. Олар да ілездік ғұмырының аяқталуына асығатын сияқты. Төңіректің бәрі ақ боз ұшқындар, ақ мамық жамылған ағаштар, ақ аязда сірескен ақ боз үйлер, ақ дүние…
Далада қапалақтап қар жауып тұр,
Өзінің ізін өзі жасырып.
Айнала ымырт құшағында мүлгіген.
Құлайды кіршіксіз ұшқындар жерге асығып…
Тұмса қиялдың тереңіне сүңгіген
әлдекім ескі әуенді есіне түсіре алмай әуре,
Алақанына қонған қар ериді баяу,
Өз салмағын көтере алмай адасқан ұлпадай зәуде,
Үзілген әуезді іздейді, көңілі қаяу…
Әйнек ішін дымқыл бу басқан, мұнар…
Жетім сәуле діріл қағады, ұмсынып.
Ана омырауынан уыз сорған сәбидей құмар,
Неткен риясыз тіршілік! (Тоқтарәлі Таңжарық)
Далада қапалақтап қар жауып тұр. Аспаннан жауған ақ мамық қар ұлпалары қара жерді қалықтай келіп құшып жатыр. Сондай кіршіксіз, сондай жеңіл, жерге түсе сала аққу бейнеге айналып жатыр…Ізсіз аппақ дала. Жүруге қимайсың, аппақ денеге дақ салмай, Ақ күйінде, пәк күйінде жатсын дегің келеді.
Жарқабақта түнгі ызғар бар,
Көл бетінде Ай қатқан.
Жалт-жұлт етіп жұлдыз-қарлар,
Жердің бетін жайнатқан.
Бау жүріп баққа келем,
Онда да алуан сыр ұқтым.
Аппақ әлем- жатқан өлең
Тылсым дүние- тымық түн.
Екі көзім қарығады,
Алға аттасам, ақ қардан,
Жаным жырдан арылады,
Жүрегімде сақталған.
Күн күмбізге барып қонған,
Шыңға сәуле лақтырып.
Ақ қайын тұр мамық қардан,
Шәлі тартып ақ түбіт.
Еске ауылдың түсті қызы,
Қылығы бар не түрлі.
...Қарға түскен құстың ізі –
Қыстың ізі секілді. (Бауыржан Жақып)
Далада қар жауып тұр. Ақ ұлпалар ауада қалықтап, «қысқы вальс» биіне жаттығу үстінде.Е-хе-хей қандай әдемі...Жер де аппақ көк те аппақ көркем неткен,
Шоқ ұлпа тік құлайды торғын көктен!
Мөп мөлдір таңертеңгі тұнық ауа ,
Япыр - ай жел болсашы-ау бір үф еткен .
Ақ үлпек баяу қалқып үлп үлп еткен
Қайыңды қалыңдықтай үлбіреткен.
Теректің әр бұтағын ақ мамыққа ,
Тәрізді әдейілеп орап кеткен.
Көркінен көзіңді алмай қарағандай,
Қайсы бір нәзік бұтақ көтере алмай.
Ақ ұлпа төмен сырғып күрп еткенде,
Ақ боран алай-дүлей борағандай.
Оранған ақ мамыққа танып қандай!
Емеспе көңілде күй боратқандай ?
Нұр төгіп тамылжыған бұл сұлу таң
Сан сырлы сезіміңді оятқандай. (Тұрсынхан Абдрахманова)
Қыс маған хан қызын елестеді. Неге екенін білмеймін, ханшайымдай көрем қысты. Жоқ, қысты емес, қарды. Қардың асыл, жақұтқа тым әуестігі мен тым тәкаппарлығы ерекше. Бұл қасиеттер оған әдемі көрік береді
Қар жауып тұр қалада баяғыдай,
Адамдарды бақытты ет, ая, құдай.
Туған жерге аспаннан суық гүлдер
Түсіп жатыр қанатын жая құлай.
Қай кезде де қазақтың даласы кең,
Біреу — бақыт, біреулер — жарасына ем
Іздей ме екен, адамдар бара жатыр
Аппақ-аппақ қарлардың арасымен.
Біреулер жүр тазалап күрекпенен,
Аппақ сезім толтырар жүрекке өлең.
Іздегенін адамдар тапса екен деп
Таза қардың үстінде тілеп келем.
Көптен осы қаланы қар басқаны,
Алатаудың айбарлы қарлы асқары.
Аппақ, аппақ, аппақ қар себелейді,
Үлпілдейді түбіттей тал бастары.
Тал бастары… Өнгелі не көрмеген,
Мезгіл жетпей жазғандар көгермеген.
Жас суретші қарайды тұра қалып,
Таласа алмай табиғат шеберменен. (Күләш Ахметова)
Жер бетіне түсіп, ерігенге дейін ғана өмірі бар, кәдімгі қардың әрбір қалаушасында Ұлы Жаратушымыздың шеберлігінің мөрі бар. Бұлардың әрқайсысы әр түрлі симметриялы ою-өрнекпен безендірілген хрусталь тәріздес алты бұрышты пішінде екенің білесізбе? Әлемнің ең мықты деген ғалымдары жасаған зерттеу жұмыстары жер бетінде бір-біріне ұқсас қарды таппаған.
Қырау, қырау, ақ қырау,
Мейлі, қайда қарама.
Үйлер қырау,бақ қырау,
Жармасады жағаңа.
Қаны тамып бетінен,
Елдің өңі кіргендей.
Бұрқыратып шетінен
Шылым шеіп жүргендей.
Аяз неткен күйші еді,
Құлақ күйін келтірген.
Жол – домбыра ішегі
Аяқ бассаң шертілген.
Аялдама дегені
Секілді би алаңы.
Тасығандай өнері
Әркім билеп алады.
Аяз күшін содан біл,
Қарыған-ау, шыдатпай,
Күннің өзі қып- қызыл,
Тоңып қалған бұлақтай. ( Оразақын Асқар)
Міне, ұрланып басталып жапалақтай жауған қар мәңгілік сабырмен аспан астын түгел жаулап алған. Аспан деп, баяғы ұғыммен айтамыз, әйтпесе аспан жоқ, мың-миллион — сансыз қар көбелектер ғана бір-бірін қуа жарысып, ойына келгенін істейді.
Далада
қапалақтап қар жауып тұр.
мен отырмын,сезімге алданып құр,
менің сырлы жүрегім сезесіңбе?
мына сырлы дүниеге жалғанып тұр.
Далада қар жауып тұр.қар жауып тұр,
бір керемет боладау таңға ұқтыр.
ақ мамыққа аунайық әлдіменен,
болып еді, көкірек шаң-қауып кір.
Алтайда қар жауып тұр ,
қайдасыңдар жігіттер арманы ұшқыр.
аппақ қарда ақ тәңмен аласатып,
болады-ау ертең күн таңданыс бір. (Алтайдын аржағынан Қойшы)
Қысқы табиғаттың қазіргі келбеті керемет еді. Ару-қыздың ешкімнен именбейтін, ешкімді менсінбейтін алқам-салқам бейбастық әрі әдемі еркін ұйқысындай еді. Ғажап, қар ән салып жатқандай... ғажап, қар жанып жатқандай...
Қыс қандай әсем еді, қара, далам,
Бір арман — ақ боз жеккен шана маған.
Ағызып жұлдыздайын
Дүниені не жетсін күніне бір аралаған.
Қар қандай! Қарып көзді шағылады,
Жамылған тау,даласы,бағы — бәрі.
Тоқтау жоқ, Кедергі жоқ Аппақ дүние!
Жер үсті аппақ нұрға малынады.
Күн ұзын жапалақтап тынбады қар,
Астында ақ мамықтың тұрғаным бар.
Ақ төсін жайып салып жатыр дала,
Кеудемде сол даланың ырғағы бар. (Ғабиден Құлахмет)
Қар молынан жауып, даланы да, адамды да тырп еткізбестен, тұсаулап қойған. Паң далада сауық құрып, аяз жүр. Терезеге қарасам, тіршілік белгісі білінбейді, тек қана мұржалардан түтін будақтап, аспандағы бұлттарға ілесіп көшіп барады.
Ұмытқандай айналып бірдеңені,
Қар жауып тұр, үйіме кір демедім.
Ақ шәлімен асығыс жауып жатыр,
Жуынбаған жаз бойы кір денені.
Кір-кір қолмен жүретін амандасып,
Кір-кір бала білемін, саған ғашық.
Жұмыссыздық жайлаған тарапта,
Кір-кір болу, әрине, заманға сын.
Білемісің, кімдерге бірінші айып,
Қар жауып тұр, қаланың кірін шайып.
Қар жауып тұр, мойылдың бүрін шайып,
Қыстың мына әлі бірінші айы.
Қар жауып тұр, оранар қырлар түбіт,
Аппақ қардай жасарып тұрар үміт.
Қар жауып тұр, аялап ақ ниетпен,
Көңілдерден қалар ма кір арылып.( Мергенбай Әбуов)
Қыс айы. Далада қар жауып тұр. Бейнебір мыңдаған, миллиондаған аппақ көбелектер жерге қонып жатқан сияқты. Мен алақанымды тосып, осы көбелектерді " аулауға" кірістім. Олар заматта еріп кетеді. Мен енді басқасын ұстауға тырысамын...Уақыттың қалай өткенін байқамадым. Қыс айы не деген қызық еді!
Қандай бақыт – қалаға қар жауғаны,
Ақ ұлпалар – көңілімнің маржандары.
Қандай мұңды – қар жауған құтты күні
Жанымда жоқ жалғызым жалғандағы.
Қандай мұңды – қардың да еритіні,
Қандай мұңды – жардың да жеритіні…
Қандай бақыт – көктемнің келетіні,
Қандай бақыт – бақытқа сенетінім…(Назира Бердалы)
Жыбыр-жыбыр қалықтаған қар жапалақтар бетіне асықпай келіп қонып, жылбысқалана еріп, суға айналып бетін айғыздап аға жөнеледі. Ептеп қытықтай ма-ау...Қар жапалағы бойжеткеннің ұзын кірпігіне келіп қона қалып еді, еріген жоқ, кірпігі қимылдаған сайын, қоса шошаңдап көбелекше жабысып тұр.
Қар дегенің бар болғаны сағыныш,
Көз жасымның мұздап қалған бейнесі.
Алып ұшқан көңілдегі сабылыс,
Қарға айналып кететіндей кейде осы.
Қар дегенің бар болғаны жұлдыздар,
Түнгі ызғардан тоңып қалған денесі.
Төбесіне тәж ғып киген тұл құздар,
Қар дегенің аппақ әлем елесі.
Қар дегенің үкісі ғой қиялдың,
Жерге қарай құлдилаған аспаннан.
Таптап соны жүргеніме ұялдым,
Есуастай махаббатқа мас болған.
Қар дегенің бар болғаны еркелік,
Алақанда ерісін деп жаратқан.
Қар да кейде кететіндей өртеніп,
Сезімдерден кірпік ілмей таң атқан.
Қар дегенің қырау шалған үміттің,
Күн түскенде шағылысқан сынығы.
Қар дегенің жүректегі бүліктің,
Қысылғанда айқай салған қылығы. (Т.Толқынқызы)
Ғалымдардың пайымдауынша қар түсінің ақ болуы себебі ауаның көптігіне байланысты. Әрбір қардың 95 пайызы ауадан тұрады. Сондықтан да оның құлау жылдамдығы өте аз болып келеді (0,9 км\сағ). 1944 жылы Мәскеу қаласында алақандай үлпілдеген ұлпа қарлар жауған көрінеді. Әлемдегі ең алып қар 1987 жылы 28 қаңтар күні АҚШ-тан табылды. Оның диаметрі 38 см-ге жеткен.
Қапалақта ақ перште, әппақ қар,
Табиғатты ақ бөяумен ақтап қал.
Адалдықтың ақ арына тұншықсын,
Кір қожалақ пасық кеуде батпақтар.
Қасіретті күнге күйген алқызба,
Тақыя бол әжім жүзды жар -құзға.
Сырға тақсын ақ кимешек киінсін,
Тәні жалаң мүсеуреген тал қызда .
Егер рас пәктілікті айталсаң ,
Мерселдесін меирімсіздің қайтарсаң .
Қапалақта ақ перште тынбай бір ,
Аспандағы жерге түссін сайтан шаң .
Міне бұл заң әділетті қақтығыс ,
Қара қылды қақ бөледі ақ қылыш .
Үш маусымның кірлеп қалған кеудесін ,
Өз өлкең де тазалай бер ақ күміс (Алтайдын ар жағынан Ораз Өсерұлы)
Әлемнің ең мықты деген ғалымдары жасаған зерттеу жұмыстары жер бетінде бір-біріне ұқсас қарды таппаған. Ал жер планетасының жартысына жуық елдері қарды өмірлерінде көрмеген.
Саумал түннен аппақ арман сауамын,
Қара жерге ақ қар болып жауамын.
Кетсем деймін аспан жаққа, жыраққа,
Мен білмеймін себебін, Сен білмейсің жауабын.
Сұрамашы, жерден, сенен жерісем,
Нәзік қар боп қолдарыңда ерісем
Деп едім ғой…
Неліктен мұз қып қойдың мені сен?
Суық әлем, қызуымды тонадың.
Қалжырап кеп, алақаныңа қонамын.
Жылытам деп, күйдіресің, содан соң
Дір-дір етіп тоңамын.
Мұндай сезім аңсаған да жоқ едім,
Мұздай жасты жанарымнан төгемін.
Қажыдым ғой.
Қашып кеткім келеді,Сұрамашы себебін. (Қ.Омар)
P.S Мақалада Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» повесі, Қ.Жолдыбайұлы «Имани гүл» кітабы, сондай ақ жеке авторлар: Айжан Қасымова, А.Найманқызы, Ербақыт Нүсіпұлының сөз жолдары, пайдаланылды.
Өндеп , құрастырған Ақиқат Арнамыс