1. "Махаббат, қызық мол жылдар". Ә. Нұршайықов. Махаббаттың тұмарына айналған төл туынды әрқашан оқырман қауымның ыстық ықылас-ілтипатына ие болып келеді. Шынайы сезім мен зұлым күштің өмірдегі арпалысына негізделген. Басты кейіпкер Меңтайдың бойынан қазақ қызына тән қылық пен мінезді көресіз, үйренесіз. "Апамның айтқандарын" міндетті түрде жазып, жаттап алуыңыз керек. Сондай-ақ, автордың жарына арнап жазған "Мәңгілік махаббат жыры" кітабы да идеал әйелдің бейнесін көрсете алады.
2. "Махаббат жыры". Ә. Тарази. Жүректі ізгілікке бөлеп, тілекті егіз арнадан іздеуге қол ұшын беретін шығарманың жүрекке қосымша күш сыйлар қасиеті бар. Әйел баласының артық жүрісі мен қасиет-қадірін таразыға салып суреттейтін жазушының ой ұшқырлығы тәнті қылады. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуді ұмытпасаңыз болғаны.
3. Ф. Оңғарсынованың "Дауа", "Жүрек күнделігі", "Шашы ағарған қыз", К. Ахметованың "Күн шыққанда күліп оян", "Жапырақ – жаздың жүрегі" атты жыр жинақтары да әйел дүниесінің жан айқайын паш етеді. Ақынмен бірге сырласасыз, мұңдасасыз...
4. "Ана бақыты немесе жүкті әйелге арналған күнделік". Ж.Көбекбай. Ана болу – әйел баласына берілген үлкен бақыт. Жүктілік кезінде осы бақытты сезінумен қатар, болашақ ананың бойында үрей, көптеген сауал пайда болады. Міне, осы кезде қаншама келіншек кітап іздеп, ғаламторды шарлап кетеді. Және ылғи да қазақ тілінде қажетті кітаптардың жоқ екендігін айтып қынжылады. Мұның бәрі де артта қалды. Замандасымыз Ж. Көбекбай жүктілік пен босану туралы қазақ тіліндегі тұңғыш кітапты жазып шықты. Кітап әрбір адамға түсінікті, медициналық терминдер барынша аз қолданылған. Кітап төрт бөлімнен тұрады. «Мен болашақ» анамын!» атты бірінші бөлімде сәбидің құрсақтағы дамуы мен 40 апта көлеміндегі ана ағзасындағы өзгеріс толық жазылған. Босанар алдындағы дұрыс тыныстану, тамақтану, ауруларды азайту әдістері кітаптың «Босанудың бабын біл!» атты екінші бөлімінде жазылған. Егіз қыздың анасы Ж.Көбекбай жүктілік кезінде өз басынан кешкендерін «Ерекше жүктілік немесе менің күнделігімнен...» атты үшінші бөлімге орналастырған. Кітаптың қорытынды төртінші бөлімі қазақтың ана мен балаға қатысты ырым-тыйымдарына, түрлі этнографиялық түсініктерге арналған.
5. "Ұлпан". Ғ. Мүсірепов. Туындыда қарапайым қазақ қызының ел анасына айналуына дейінгі оқиғалар баяндалады. Қазақ ауылының жүз жылдық тұрмысы, әдет-ғұрпы, барымта, қалыңмал беріп, қыз айттыру, бай мен кедей арасындағы, ел арасындағы жер дауы, жесір дауы мәселесі де қалыс қалмаған. Әрбір адам кітапты оқып шыққаннан кейін қазақ болып туылғандығын мақтан тұтып, өмірлік мақсатын айқындай алады деп ойлаймыз. Ер азаматты қадірлеуді, ата-анаға, ел-жұртқа қамқор болуды үйрене аласыз. Тізіміңізге Ж. Аймауытовтың "Ақбілек" романын түртіп алсаңыз да артық емес.
6. "Айналайындарым менің". Д. Матайқызы. Жас ұрпаққа арнап ұлттық салт-сананы, дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды өмірбаяндық деректермен байланыстыра отырып өсиет етіп жазған Ділдә Матайқызы Тасмағамбеткелінінің бұдан бұрын жарық көрген «Тәрбие туралы толғаныс» атты кітабы оқырмандардың ыстық ықыласына, үлкен құрметіне бөленген. Сол қалың оқырманның өтінішіне орай, туған тарихымыз, саяси-әлеуметтік тың көзқарастар, алуан түрлі өмірлік мысалдармен толықтырылып, қайтадан жазылған бұл жинақ та сіздердің сырлас достарыңызға айналар деген сенімдеміз.
7. "Бабалар аманаты". З. Ахметова. Кезінде «Шуақты күндерімен» оқырман жүрегінен орын алған Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» атты кітабы қазақ келіндерінің төлқұжаты болу керек секілді. Халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының келіні, батыр атамыздай тектінің тұяғы, асылдың сынығы - жазушы Бақытжан Момышұлының жан жары Зейнеп апа бұл кітапты ұзақ жылдар жүргізген күнделігінің негізінде жазған. Мұндағы басты әңгіме арқауы батыр атамыздың баяндауында ұсынылады. Автор осыдан отыз-қырық жыл бұрынғы оқиғаларды күні кеше ғана өткендей, тап қазір ғана болғандай көз алдыңызға келтіріп, сондағы Момышұлы шаңырағында айтылған әңгіме, шертілген сырды шешен тілмен баяндайды.
Мүмкін, бұл жазбаны ғаламтор желісіндегі басқа сайттан оқыған боларсыз. Бірақ, мұны маған әпкем оқып берген. Ендеше сіздерге ұсынамын)