Аңыз әңгімелер- халық даналығы
блог
Қазақ аңыз әңгімесінде қиял-ғажайып дүниелер мол. Олар адамды асыл армандарға бастайды, оның ұшқыр ойына қанат бітіреді, келешекке үміттендіреді.
Т.Ақшолақов
Жоспар:
Кіріспе.
Аңыз түбі- ақиқат.Шындық өмірдің шынайы туындысы
Негізгі бөлім:
а) Шөбі шүйгін, суы мол жерұйықты жырлаған Асанқайғы
ә) Ойын күлкі қуып жүріп, адамгершілікті ұлықтаған аңыз кейіпкерлері
б) Шығайбай- сараңдық символы
Қорытынды
Құндылығын жоймасы хақ!
Көптеген жанрда халық игілігі үшін жазылған туындылар қаншама. Ауыз әдебиетінің көлемді салаларының бірі, жемісін шындық өмірден алып, қиял-ғажайып оқиғалар араласып келіп отыратын, көбінесе тарихта белгілі адамдардың атына, іс-әрекетіне байланысты туындаған көркем шығарма-аңыз әңгімелер. Көлемі шағын, мазмұны құнарлы, тілі көркем, оқиғасы қызықты және өмірдегі алуан түрлі оқиғалар мен көріністерді қысқа әрі түсінікті етіп жеткізетін аңыз әңгімелер-халық мүддесі мен ел тілегін қамтыған туынды. Мұнда "қиял-ғажайып дүниелер мол. Олар адамды асыл арманға бастайды, оның ұшқыр ойына қанат бітіреді келешекке үміттендіреді" (Т. Ақшолақов). Сондай есте қалған, ойға ой қосатын, қиялыңа қанат бітіретін аңыз әңгіме "Жерұйық" іздеген Асанқайғы жайлы. Ел жұртының сорлы тағдырын, мүшкіл тұрмысын, құлазып жатқан даласын көріп, ұйқысы бөлініп, мұң-қайғыға батқан Асан малға мекен, елге ырысты жер іздейді. Асан желмаясына мініп, қазақтың бүкіл сахарасын, өзен-көлін, тау- тасын, құм-шөлін кезіп шығады. Әр жерде, әрбір тауға жайылып жатқан алқапқа, адыр- төбеге Асан барыпты-мыс, өз ойын айтыпты-мыс дейтін сын-бағаны халық әлі күнге дейін айтады. Қарсақбай аймағын көргенде " Айналаң жапан түз екен, тауыңның асты жез екен. Жұртың ашықпас!"- деп жүріп кетеді. Баянауыл өңірін көргенде "Баянға жаймай, қой семірмес" деп, Жуалыға келгенде "Жерің семіз, шөбің шүйгін, қарың мол, топырағың май екен, қадіріңді егін салған ел білер" депті деген аңыздар халық жадында.
Адам баласы қашанда күлкінің таусылмауын тілейді. Өйткені күлкі бар жерде өмір бар. Күлкі-күллі жаманшылық атаулыға, әртүрлі дертке қарсы қолданылатын қуатты қару.
Күлкінің мақсаты- адамдарға бақыт пен қуаныш сыйлау, адамдарды тәрбиелеу. Мысыр халқының ежелгі аңызы бойынша, Құдайдың күлкісі әлемнің жаратылуына ықпал еткен көрінеді. Ел басына төнген қиын күндерде күлкі еңкіш еңселерді көтеруге, әлсіреген рухты күшейтуге көмектескен. Күлкіні үш арсыздың біріне жатқызған ата-бабаларымыз ұрпағын бей-берекет күлуден тыя отырып, күлкінің әлеуметтік мәнінің күшті екеніне де баса мән берген. Оның бір дәлелі- халық аузындағы күлдіргі әңгімелер мен күлдіргі кейіпкерлер. Сондай кейіпкерлердің бірі де бірегейі- Қожанасыр. Қожанасыр әңгімелері қоғамдағы келеңсіздіктерге, адам бойындағы жат қылықтарға қарсы күресетін ойын-күлкіге құрылады. Мысалы, "Қожанасыр мен қулар", "Қожанасыр мен ұрылар", " Қожанасыр мен хан" т.б. Осы тектес әңгімелерде Қожанасыр сырттай аңқау адам болып көрінгенімен, оның аңқаулығының ар жағында ащы шындық, мысқыл, шебер қулық жатады. Қожаның халық арасында жиі айтылатын тағы бір есімі- Әпенді. Неге Әпенді? Өйткені, ол үнемі өз қателігі мен кемшілігін өзі ажуа етіп немесе өзін ақымақ ретінде көрсетіп, әпенділік қылықтарымен, іс- әрекетінің көмегімен халықтың күлкісін тудырып жүреді. Әйтсе де, оның ең басты қасиеті-тапқырлық. Ол осы қасиетінің арқасында тіпті ханның қаһарынан да, оған тағылған айыптан да құтылып кетіп отырады.
Ал, сөз тапқырлығымен, іс-әрекетімен, амал- айласымен еріксіз күлкі сыйлайтын аңыз қаһарманы Алдар әрекетінің астарынан да ақындық, өткірлік жатқанын аңғарамыз."Алдаркөсе мен Алаша хан", " Алдаркөсе мен Шықбермес Шығайбай ", "Алдар көсенің шайтанды алдауы" тағы басқа аңыздарда үстемдіктің жат іс-әрекеттері әшкереленді.
Ел аузында, мәтелге айналған "Жұмыртқадан жүн қырыққан", "Өзі тойсада көзі тоймайтын" Шық бермес Шығайбай сараңдықтың бейнесі.Ол осы сараңдығының арқасында ел-жұртына сыйы жоқ, қадірі жоқ, құрметсіз адам болады.
Қорытындылай келе, біз әңгіме еткен аңыздардан дана халқымыздың ақылдылық, айламен жауын жеңуі, өткірлік, батылдық, қайсарлық секілді қасиеттерді адамзат баласына үлгі етіп, өзімшілдіктен, сараңдықтан, ақылсыз ақымақтықтан сақтандырғанын, яғни, ұрпағының жетілген, толыққанды адам болғанын қалайтындығын байқадық. Аңыз әңгімелердің құндылығы да осында болса керек.
Елдің төл мәдениеті мен шежіресін айқындайтын аңыз әңгімелер халық мүддесін жеткізудің бірден-бір жолына айналды.Бүгінде ел зердесіне мықтап орныққан асыл қазынамызды мақтан тұтамыз, ардақтаймыз. Құндылығын әсте жоймаған тарихи мұрамызды келешекке өз шежіреміздей жеткізіп, танымдық мәні мен тәрбиелік мағынасын арттыруымызға барымызды салуымыз керек. Себебі, халықтың ойы мен тілегінен туындаған шығармалар құндылығын жоймасы хақ.