“Анонимділік жоқ” немесе сіздің жеке ақпаратыңыз қандай мақсатпен қолданылады?

Социологиялық зерттеу нәтижелері бойынша, қазақстандықтардың тек 10,6 пайызы әлеуметтік желілердің бірінде де тіркелмеген. Қалған 89,4%-ы әлеуметтік өмірді белсенді жүргізіп, ғаламтор аясында күнделікті жаңа ақпаратпен бөліседі. Тіпті бұл ақпарат екі адамның арасындағы жеке хат алмасу мақсатында жіберілген болса да, ол “жеке” болып сақталмайды. Ол сіздің ғаламторда мәңгілікке қалдырылған ізіңізге айналады. Сене қою қиын, бірақ тіпті қазір сіздің осы парақшаға кіріп, дәл осы мақаланы оқып отырғандығыңыз - бір дерек. Сіздің ғаламторда жасаған әрбір қадамыңыз, жазылған хат пен түсірілген суреттеріңіз, сатып алынған тауарыңыз - сіздің “пайдаланушы” портретіңізді құрастыратын кішкентай бөлшектер, үлкен деректер. 


 
«Big Data» немесе «үлкен деректер» - бұл сиқыр емес, бұл көптеген ақпарат көздері мен болжам арасындағы тәуелділікті іздейтін алгоритмдердің жиынтығы. Үлкен деректермен жұмыс жасау көп дайындықты қажет етеді : уақыттың 95% -ы ақпарат жинауға жұмсалса, қалған 5%-ы алгоритм мен команда құрастыру, алынған ақпаратты нақты өңдеу және тәуелділікті іздеуге бөлінеді. Енді көз алдыңызда үлкен деректердің мөлшерін елестетіп көріңіз… Ақпарат қайдан шығады десеңіз, ең басты дереккөз - сіз. 
 
 
Себебі, 

Анонимділік жоқ. Ғаламтор желісіне жазылған, жүктелген, жіберілген әрбір ақпарат ешқашан жойылмайды. Ол бір милисекунд аралығында жүктеліп, мәңгіге сақталады. Айтпақшы, бұл ақпаратқа жедел қолжетімділік қамсыздандырып, өңдеуге рұқсат берген - cіз өзіңіз. Есіңізге алсаңыз, әлеуметтік желіге тіркелу кезінде жеке деректерді өңдеуге рұқсат сұрайтын жол кездестіріп, оған қанат белгісін қойған болатынсыз. Бұл қанат белгісі компанияларға сіздің кез-келген қадам, геоақпарат, жасаған транзакцияларыңызға тіпті әлеуметтік желіні қолданбаған жағдайда бақылауға жол береді. Әлеуметтік желілер бұл өңделген ақпаратты ірі компанияларға сатып, сізден табыс табады.

Олар неге соншалықты құнды десеңіз, 

Шетелде немесе басқа қалада болған жағдайда, сонда орналасқан мекемелердің жарнамасын өз телефоныңызда кездестірген сәттерді еске алыңыз. Немесе кеше ғана пицца жайлы досыңызға хабарлап, бүгін оның жарнамасын барлық әлеуметтік желілерде көре бастаған сәттер ше? Телефон сіздің ойыңызды оқиды деп ойладыңыз ба? Шынымен, соншама романтикалық болмаса да, шындығы осы үлкен деректерде жатыр. 

Тереңірек ойларға бөленсек, үлкен деректермен байланысты жобалар бизнес саласында екіжақты өзара көмек көрсетеді. Мәселен, олар пайдаланушының мүдделерін зерттеу арқылы кәсіпорындар үшін нақты клиенттік дерекқорды қалыптастырады, жарнаманы мүдделі тұтынушыға жібереді. Ал сіз тұтынушы ретінде сіздің қалаңыздағы және тек сіздің мүдделеріңізге сәйкес келетін жарнаманы аласыз, ыңғайлы емес па?

Сонымен қатар, үлкен деректер бизнестан тыс жерлерде де әлемді әртүрлі жолмен өзгертуге көмектеседі:

Солардың бірі, қылмыстың алдын алу. Үлкен деректер қылмыскерлерге тән заңдылықтарды анықтауға, болашақта жобаланып жатқан қылмыстарды болжауға мүмкіндік береді. Қажет болған жағдайда, жедел сақтық шараларын қолдану арқылы қылмыстың алдын алуына көмектеседі. Сонымен қатар, геолокациялар мен адамдардың күнделікті қозғалыстары түріндегі үлкен мәліметтер жердің қай аудандарында қосымша дүкендер, үйлер, жолдар немесе аялдамалар қажет екенін анықтауға көмектеседі. Үлкен деректер қолданылатын салалық спектр металлургия, медицина, жаңа инновациялар және тағы басқаларын қамтиды. 

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, үлкен деректерді қолданудың тәсілдері көп және одан әрі көп тәсілдері әрі алда.
Осы тәсілдердің санын арту үшін сіз өзіңіздің анонимділігіңізді құрбан етуге дайынсыз ба?


Бөлісу: