"Анашым,бір өзіңсің-Табынарым"

   Анашым,бір өзіңсің - Табынарым!       

 «Ана» үш әріптен тұратын сөз болғанымен, түбінде қанша мағына жатыр десеңші! Тоғыз ай, тоғыз күн толғанып, бізге жарық өмір нышанын сыйлаған ананың орны әрқашан да ерекше. Алғаш көзіңді ашқан сәттен бастап, түн ұйқысын төрт бөліп,ақ сүт беріп өсірген,алысқа кетсең алаңдап,сарғайып күтетін жалғыз жан - анаң. «Жұмақтың кілті ананың табанының астында», «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да,қарызыңнан ешқашан құтыла алмайсың» деген сөздерден ананың мәртебесінің биік, құдыреттілігінің жоғары екендігін аңғара аламыз.

Бірде Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с)-ға біреу келіп:
-Ең алдымен жақсылықты кімге жасайсың? - десе,
-Анама! -депті.
-Жарайды,ал сосын кімге? - десе,
-Анама! -депті.
-Иә,түсіндім ғой,ал сосын ше? – десе
-Тағы да анама! -депті.Міне Пайғамбарымыздың өзі ана атаулыны қалай сыйлаған!

        Анаңа қанша жақсылық жасасаң да,анаңның бір түн ұйқысыз сені бағып,қаққанына тең келмейді. Ана - тіршіліктің гүлі,отбасының берекесі,бір үйдің түтінін түтетіп,шаңырағын биіктетіп отыратын жан. Анамыз үйде болмаса, үй іші қаңырап,қара түнекке айналғандай болатыны сөзсіз. Күнделікті тіршілікте анамыз бір іске жұмсаса, «уф» ,«туф» деп қарсы келіп қалатынымызды жасырмаймыз,алайда осы бір сөздер аналарымыздың көңіліне үлкен сызат түсіреді. Сол себепті,барында бағалап, айтқанын екі етпей,барынша көңілдерін табуға тырысайық.

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Филология факультетінің 1 курс студенттері: Раисова Ақнұр, Жапар Қарақат

Қазақстан тарихы кафедрасының доценты Джолдыбаева У.М

 

 



Бөлісу: