«Ана» сөзінен бастау алған қасиетті тіл
блог
««Ақ бота» деген мультфильмде ақ бота інгеніне былай дейді: «Мама, жарық дүние деген не?» Тіліміздегі ең киелі сөздің өз тілімізде айтылмауы қорлық қой»»,- деген ой-толғамды белгілі жазушы, әдебиет зертеушісі Ақселеу Сейдімбектің кітабынан көзім шалып, бір сәтке аңтарылып қалғаным бар. Ұялғанымнан, кітапқа қайта үңілуге дәтім бармады.
Бізді жарық дүниеге әкелген аяулы жанды «мама» деп үйреткені рас. Бұған кімді кіналауға болады?! Үлкендерге салсақ, мұны Кеңестік дәуірдің қалдырған тәрбиесі дегенді айтады. Ал, еліміз тәуелсіздік алғалы өскелең ұрпақтың тәрбиешісі жаңарып келеді емес пе. Ана тілімізде дыбысталған «құдіретті сөзді» естуден ләззат алатын күн жеткенімен, бұл жетістіктің сапасына қуану әлі ертерек секілді.
Бұлай дейтінімнің себебі де жоқ емес. Екі мың жылдық тарихы бар киелі өлкеден қазақ елінің болашағын басқарған Елордаға келгеніме айтарлықтай көп бола қоймады. Әлі есімде, ұлтымыздың абыройын асқақтатар патриоттар мекені деп елестеткен қала тұрғындарының рухани тынысы менің жағамды ұстатты. Айналаның бәрі орысша сайрап тұрғанда өзімді Мәскеуде жүргендей сезініп қалдым. Көшедегі кішкентай қарадомалақтарымызға сүйсінейін десем, ана тілінде сөз ұқпайды. Көңілге жұбаныш іздеп, бетін әжім сызған қазыналы қарттарымызға ден қойсам да, немерелеріне орысша сөйлеймін деп жалтақтаған көрініске тап бола бердім. Тіпті, түйіндемеме «бұл жақта қазақша қабылдамайды, орысша үлгісін жазғаның жөн» дегенді естігенде жүрегіме тас түскендей еді. Ал, тағы бір қынжылтатыны, қазақ тілінде өтетін іс-шаралар саусақпен санарлықтай. Сондықтан, тек журналист емес, аудармашылық қызметті қатар атқаруда уақытпен ерегіске түсіп қалатын сәттер жиі кезігіп тұрады. Ендігі әрекетім, мемлекеттік тілдің қажеттілігін менсіне бермейтін елордалықтарға деген назымды арқалап қос ақын Қайырбек Асанов пен Күләш Ахметоваға жолықтым. Алдымен, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Күлаш апамыз күрсіне жауап берді:
– Біз сияқты қаламгерлер «тіл білмеу» деген нәрсені үлкен қайғы, әрі халық үшін қасірет деп қабылдаймыз. Дегенмен, бұл кемшілікті айқалайлап айтып жеңе алмаймыз, күрмеуі қиын мәселеге әрбір отбасы, әрбір әке, әрбір шеше, шаңырақ құрған жас – баласының қазақша сөйлеуіне, қазақ болуына бар еңбегін жұмсау керек. Бұл деген маңызы терең тәрбие! Өмірде байқайсыздар ма, жас ата-ана тұрмақ, жасы үлкен әжелер мен аталар да балаларымен, немерелерімен орысша сөйлесіп қояды. Бұл дұрыс емес. Ол кісілер балаларын бір ауыз болса да қазақша сөйлету керек. Біз өзіміз үй болғаннан кейін, балаларымыздың тілі шыға бастағаннан-ақ «шифонер» дегенді «кебеже», «свет» дегенді «жарық, шам» деп үйреттік. Көп нәрсені ақылымыз жеткенше, қазақшалап отыруға тырыстық. Яғни, баланың қазақ болып туылып қана қоймай, оның қазақ болып қалыптасуы алдымен ата-анаға, сосын қоғамға байланысты деп ойлаймын. Тәуелсіз ел болған соң, бірінші сананың тәуелсіздігін көрсету керек. Ел екенімізді, ұлт екенімізді, өз ана тіліміз бар екенін нақтылай беруіміз қажет.
Ақын, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткері Қайырбек Асановтың да тіл туралы айтары аз емес:
– Баланың ұлтын, Отанын сүйіп, ұлтжанды болып өсуі ең алдымен ата-анасына байланысты. Мысалы, өзіміз осыдан 40-50 жыл бұрын Алпамысты, Ертөстікті, Қыз Жібектерді жаттап, ұлттық құндылықтарды, дүниелерді бойымызға сіңіріп өстік. Сондықтан да, менің айтайын дегенім, қазіргі ата-аналар өз балаларын небір керемет қазағымыздың асыл қасиеттері бар, солардың бәріне баулып өсірулері қажет. Оны алдымен балабақша жасынан бастау керек, бесінші сыныпқа дейін оларды қалай тәрбиелесең, сол ағыммен жылжи береді емес пе?! Міне, сол себепті де, балаларымызды ұлтжанды, қазақы етіп тәрбиелеуге тиіспіз. Ал, мен айтып отырған бұл ұлтжандылық – ана тілін құрметтеуден басталады. Сонда ғана олармен шын мәнінде біздің болашақ ұрпағымыз, Отанымызды қорғайтын азаматтарымыз деп кеуде керіп мақтана аламыз!
Тіл жанашырларының шырылын еститін құлақ болса ғой, шіркін. Тілсіз қазақ халқының болашағын елестетуден қорқып, түн ұйқысын төрт бөлетін азаматтарымыз бар болғанымен, солардың соңынан еретін саналылар бірен-сараң ғана ма деп күрсінесің, кейде. «Үш алыптың көз жасы» тақырыбында жарық көрген мақаланы таба алмадым. Тіл жанашырларының айтуына сенсем, онда Мұхтар Шаханов бастаған зияылар тіл туралы сөз қозғаймын деп, көз жасына ерік бергені жайында жазылған. Сонда, қазақ тілінің тағдыры қыл үстінде тұрғанын тағы да амалсыз мойындауға тура келетіндей.
Жақында дүңгіршек сатушысы мен қала тұрғынының әңгімесіне кездейсоқ куә болдым. Сатушы қыз өзінің орысша сөйлеуін «Ел басқарушы ағаларымыз қашан қазақша сөйлесе, мен де орысшамды сол кезде доғарамын» деп арбаның алдыңғы дөңгелегі қайда домаласа, соңғысы да сол жаққа апаратынын айтып ақталуда. Ендеше, заманның талабына сай, «қазақша сөйлеу» эстафетасын Елбасы бастап берсе игі еді.
Күнделікті ауызекі сөйлеуде тап-таза, тұнып тұрған қазақша сөйлеген адам көргеніңіз бар ма?! Орыс тілін күнделікті өмірде мойнымызға тұмар қылып тағып алыппыз. Тіпті екеуі бірге ұйықтап, бірге тұратындай. Сөзіміздің шырайы орыстың сөздерін қоспасақ келмейтіндей. Тізбектеп берейін бе? Уже (енді, әлдеқашан), еще (тағы, және), более (артығырақ, көбірек), давайте (қанекей немесе «сау болыңдар»), или (немесе), может (мүмкін, бәлкім), молодец (жарайсың), ясно (түсінікті), хорошо (жақсы, мақұл, «келістік»), обязательно (міндетті түрде), но (бірақ), если (егер, егер де), потому что (өйткені, сондықтан), зато (бірақ, есесіне), нормально (жап-жақсы, тәп-тәуір), короче (қысқасы). Бұл бірден ойыма түскендері. Ал, магазин, остановка, сотка, стол, сумка, юбка, ручка, карандаш, т.б. осы секілді белгілі атауларды қосыңыз. Мұны жиыстыру өте оңайға соқты. Себебі, осы «қыстырмаларды» өзіңіз де бір диалогтың барысында-ақ қаншалықты жиі қолданатыныңызды есептеп анықтасаңыз да болады…
Ал, енді жақшаның ішіндегі аудармаларды орын-орнымен қолданып көріңізші. Қазақ тілінің ешбір қоспасыз, нәрлі дәмін сезінетініңізге кепіл боламын. Сөздерімді дәлелдеу үшін өмірлік тәжірибеммен бөлісе отырайын.
Университетте оқығанда, «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының бір топ студенттері болып өзара келісімшартқа қол қойдық. Яғни, «Біз тек қана қазақша сөйлейміз» атты жүрекжарды ұранмен әр айтқан орыс «қыстырмасы» үшін айыппұл есебінде «5» теңгеден жинақ сандықшасына салынып отыру қадағаланды. Бес теңгелік бақыршық не болады деп ойладыңыз ба?! Дегенмен, сол тиынның жинақ сандықшамызға үздіксіз түскенін көргенде расымен де біраз ойланып қалдық.
Уақыт өте келе жинақ сандықшамыздың тиыны да едәуір азайды. Өзге топтағы ізбасарларымыз осы әрекетті зор ыждағатпен қолға алғанын ұстаздарымыздан естігенде, төбеміз көкке жеткендей ерекше шаттыққа бөленгеніміз рас. Өзгенің сөйлемін аңдып, орысша «қыстырмаларына» жиіркене қарайтын халге де жеттік. Көп жағдайда ескертпелер айтып, қызылын бетіне шығара тілін түзулеп кетуге аса шебер бола бастадық. Міне, шұбарланып бара жатқан туған тіліміздің ою-өрнегін осылай қалпына келтіруге әлі күнге дейін тырысып келеміз.
Ұрпағымызға анамыздың ақ сүті киесімен дарыған туған тілде «Ана» сөзін үйретіп, ана тіліне қастандық жасамауына үлгі болайық.