"Алтын белгілер" ордасы болған алтын ұям...

"Алтын белгілер" ордасы болған алтын ұям...
жеке
блог

Мен 2016 жылы ОҚО Жетісай қаласындағы №6 Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназияны тәмәмдадым. Біздің мектеп аудан, облыс, тіпті республикаға аты шығып танымал болған озық мектептердің қатарында. Себебі, жыл сайын "Алтын белгі" саны бойынша үздік нәтиже көрсетіп, білімнің биігінен бой көрсетеді. Бізге дейін де бұл білім ордасынан қаншама түлектер қанат қағып, ҰБТ сынағында жоғары көрсеткіш көрсетіп, мектептің есімін шартарапқа мәлім еткен болатын. Біз ҰБТ тапсыратын жылы түрлі қызықтар болды. Таң атқаннан кеш батқанға дейін мектептің табалдырығын тоздырып, мұғалімдермен бірге тынымсыз еңбектеніп, тыңғылықты түрде дайындалдық. Әрине, 11 сынып оқушысы болғандықтан біздерді қоғамдық жұмыстарға мүлдем араластырмады, бірақ білім жағына келгенде мектептің заңы қатал болатын. Тіпті бір қосымша сабақтан қалып қойсаң, мұғалімдер ата-анамызға қоңырау шалып, не үшін келмегенімізді сұрайтын. Мамыр айындағы қызу дайындықты айтсаңшы... Әке-шешелеріміз мектепке тамақ әкеліп, біздердің жағдайымызды жасайтын. Одан соң үйге тас қарайған түнгі 00:00, 01:00-де қайтатынбыз. Енді ойлаңыз, сабаққа таңғы сағат 08:00-де барып, түнгі 00:00-де қайтамыз. Бар уақытымыз білім алуға, ҰБТ-ға дайындыққа кетті. Сөз жоқ, бұл жерде біздің ғана еңбек емес, мектеп директоры, пән мұғалімдері және ата-аналардың қосқан сүбелі үлестері орасан зор. Соның нәтижесінде, 40 "Алтын белгі" иегері шығып, мектеп тарихында бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік. 70 бітірушінің 68-і мемлекеттік грантқа ие болды. Соңғы 4 жылда 131 Алтын белгі түлеткен біздің мектеп "Алтын белгі шығаратын зауыт" атанып кетті. Мен осындай білім ордасынан тәлім алып, түлеп ұшқаным үшін өзімді МАҚТАН ТҰТАМЫН!