Алматы – менің өмірлік армандарымның күәсі болмақ. Алматы десе әсем таулары мен жасыл табиғаты еске түсіп, көңіл қуантады. Бейне бір биік-биік таулардың шыңдары маған өсуге, дамуға қуат беретіндей. Шыңдар мен үшін жетер жетістіктерім мен армандарымның соңы іспетті. Биік болсын, аласа болсын мейілі әрбір шың – менің қиялымның шарықтау шегі.
Алматы – маған биіктігімен ерекше. Олай дегенім, өмірімдегі биік те әсем дүниелерді осы қаладан таныдым, көрдім, тамсандым, мақсат қойдым. Олар: таулар, ғимараттар, мен үшін жоғары көрінетін ерекше адамдар, менің ойыма да кіріп шықпаған идеялар бәрі-бәрі маған биік көрінеді. Бұл қалада сол биіктерді бағындырсам деген мақсаттар арман болып қалмау үшін ғана өмір сүремін. Басқа мақсат жоқ. Бұл қалаға өмірімді арнай алмаймын, шын жүректен ғашық та бола алмаймын. Тек жақсы көру жеткілікті. Себебі, менің жұмағым – Ақтөбе!