Әлихан Бөкейхан: Елім деп еңіреген ерлерді ұлықтайық!

Әлихан Бөкейхан: Елім деп еңіреген ерлерді ұлықтайық!
жеке
блог

            Ұлы адам- ұлт маңдайына бітетін сирек бақыт. Ол- мың ғасырда бір өмір сүретін кемел адамдар. Қазақ халқының  аузы дуалы шешендері, ақиық ақындары, топ бастаған көсемдері, бұлбұл үнді әнші-сазгерлер және суырып салма ақындары  әлеуметтік теңсіздікті қозғап, ұлт жанашырлары болған. Бұл даналар өмір сүрген кезде дүние тай-таласта тұрған кез еді. Бұл кез- Қазақ хандығының құрылуынан бастап, Кенесары ердің озбыр отаршылдықпен арыстандай арысып, жолбарыстай жұлысып жатқан, кешегі ұлт зиялыларының елім деп жан беріп, әділетсіз қазаға ұшыраған шағы еді. Жалпы мақсат- халықты қара түнектен жарыққа шығару, Отансүйгіштікке баулып, адамгершілік пен жақсылыққа үндеп, насихаттау.

           «Ертең-ақ күнді көре алатын ұрпақ келеді. Еңбектеріңді бағалап, құрмет көрсетіп жатса, онда бейнеттеріңнің ақталғаны емес пе ?!» деген болатын Алаш партиясының көсемі Әлихан Бөкейхан. Ұлттың бұл ұлы тұлғасының Қазақ елі үшін төккен маңдай тері мен өткен ауыр жолы, істеген ерен еңбегі айтылды, айтылып келеді, айтыла бермек. Ол қара халықты қатыгездікпен қанап жүрген надан молда, болыс пен старшынды, тойымсыз байларды өткір сынға алып, мақалалары арқылы осы мәселенің шешімін табуға тырысты. "Қырда кім болса да сол молла болады. Аз ғана оқу білетін қазақ, я қашқын ноғай, я сарт, я тәжік. Сол адамдар бек надан һәм нәрсені... білмейді һәм солар надан болған соң қазақтарға ауып, оларды мейлінше бұзады. Қай қазақ моллаға нанбайды, ашық күнді жауын қыламын деп тұрған соң... (Құдайындай иланады)... Бір сорлы қазақ бар ма екен... "жақсы" атанып жүрген қазақтар менен моллалардан көрмеген?.. Сол моллалар надандығыменен дінге қарсы өтірік айтады... ", - деп жазды Әлихан Бөкейхан. Ол қазақ өзін-өзі билеген уақытта ғана тәуелсіздікке қол жеткізуге болады деп есептеді. Әлихан Бөкейхан «Қазақтар петициясының» басты ұйымдастырушысы әрі авторы болды. Мұндағы талаптарды Петербургтің "Сын отечества" газеті мен Омбының "Иртыш" газетінде жариялады. Міне, мұның бәрі- қазақ деген атымыз бен затымыздың жоғалмауының, егемендік алып, өз алдымызға іргелі ел болуымыздың қамы. Ұлт көсемі елдің саяси және қоғамдық өміріне белсене араласып, көптеген қиыншылықтардан өтеді. Діттеген мақсат- Алаш партиясы құрылады. Қазақ автономиялы республиканың төрағасы болып Әлихан Бөкейхан сайланады. Бұл- қазақ елінің дербес, тұғыры биік, тұлғасы анық мемлекет болуына деген үлкен әрі маңызды қадам.

              Сол қазақ халқының маңдайына біткен асылдардың кей еңбектері бағаланбай қалды-ау. Қазақтың өмір-өзеніндегі бірде тасыған толқындар, бірде жайсаң тыныштық орнағандығын қазіргі ұрпақ өте жақсы біледі. Сан ғасырдың сырын сақтап қалған тарих беттері де қазақтың өмірі жайлы көптеген ақиқат пен аңызға толы екені анық. Сол шақта өз дараларын көзге іліп те, ескермей де жатты. Сол кемеңгер қазақ халқын сол кезде әлемге паш етпесе де, қазір жер жүзіне мәлімдеп отыр.

            Елім деп еңіреген ерлердің көптеп болуы үшін, меніңше, тәрбиенің таза бұлағымен ұрпақты нәрлендіргеніміз абзал. Отан отбасынан басталады демекші, ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берудің астары тереңде екені анық. Қанымызда қайсарлық, жанымызда өткір рух болғандықтан, артымызға бұрылғанда көз тастар батырларымыз жетерлік. Ал бүгінгі күнге көз салсақ…. ондай күрестер жоқ дей алмаймыз. Дегенмен де, тәуелсіз байрағын көкке көтерген еліміздің бет алысы шүкір етерлік. Есігіміз шартарапқа айқара ашылып, барынша даму үстіндеміз.

            Халық әр адамның жанұясы іспетті, тек халық тұрғанда ғана ешкім жетімсіремейді, ал елім деп еңіреген ерлер халқын жетімсіретпесі анық. «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» демекші бар алтынымызды жұлдыздай жарқыратып, биік деңгейде ұстайық. Ұлы ерлерді ескеріп, кемеңгерлерді бағалай білейік.

          Жетекшісі: Қозыбақова Ф.А., Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих және археология, этнология факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры.

          Дайындаған: Шубаева Ә.Ж., Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Филология және әлем тілдері факультетінің 1-курс студенті.