Әлеуметтік желіде кеңінен таралған медиа саланың бірі-подкастинг
блог
Түрлі әлеуметтік желіде кеңінен таралып, қазіргі күнде беделі арта түскен медиа саланың бірі - подкастинг. Подкастинг сайып келгенде, хабар тарату деген мағынаны білдіреді. Подкастингтің бүгін күні биіктей түскен өнімі “подкаст” деп аталады. “Подкаст” сөзін жалпақ тілмен жеткізер болсақ, аудио, видео, теледидарлық хабар, радио хабар форматында ақпарат таратушы құрал. Подкаст әдетте белгілі бір тақырып төңірегінде бірнеше адамның пікірлесуі. Кейде подкаст жасаушының тек бір адам болуы да мүмкін. Түрлі көзқарасқа сүйенсек, подкаст қазіргі заманның тәрбие құралы болса, кей деректерде “подкаст ешқандай жанрға жатпайды” деп те айтылады.
Шындығында да подкаст ешқандай жанрға жатпайды. Подкаст жасаушы адам өзіне ыңғайлап кез келген дүниені жаза алады. Себебі подкаст жасау үшін белгілі бір талаптар да, қойылған бірде де бір шектеу де жоқ. Соның нәтижесінде аудио, видео форматындағы подкастар өріс ала бастаған. Кез келген тыңдарман өзіне ыңғайлы подкаст түрін тыңдай алады. Подкаст қазіргі заманда кеңінен танылған. Ал оның кеңінен танылу себебі қандай?
Біріншіден, подкаст арқылы көптеген адамдар ақпарат алуда. Білім нәрімен сусындаймын деген адам үшін де, өсек құмар, бос әңгімемен уақытымды өткізем деген адам үшін подкаст өте ыңғайлы құралға айналған. Оны кез келген уақытта, кез келген жерде тыңдауға болады. Һәм кез келген адам жаза алады. Сондықтан да болар подкаст бүгінгі күні өте өзекті.
Тіпті қазіргі заманда подкастың кеңінен қолданылатынын Apple компаниясы да білген болар, бүгін де компания подкасты iTunes желісіне енгізген болатын. Айфон қолданушыларына ең ыңғайлы құрал ретінде қарастырылған.
Подкаст жазатын адам подкастер деп аталады. Подкастың дамыған заманында подкаст жасаудың жолдары соншалықты қиын емес. Подкаст жасау үшін аудиожазбалардың бірнеше түрін қолдануға болады. Тіпті ұялы телефонымыздағы аудиожазбаның өзімен подкаст жасауға болады. Бірақ бұл ыңғайсыз. Себебі дауыс сапасыз шығуы мүмкін. Сондықтан тек ұялы телефондағы аудиожазбаны қолдану жеткіліксіз. Түрлі подкастерлер арнайы микрофондармен жұмыс істеуге кеңес береді. Себебі ол құрал керек емес артық дыбысты жазбайды, подкаст жазушы адамның дауысын анық жеткізеді. Подкаст арқылы сұхбат жүргіземін десеңіз де түрлі қосымшаларды жүктеп алуға болады. Мысалы: Skype желісіндегі eCamm-тың қоңыраулар жазу құрылғысы да өте ыңғайлы. Микрофонымызды дайындап, түрлі қосымшаларды жүктеп алдық. Ендігі кезекте подкаст жазу барысында не тақырып қозғауға болады деген сұрақ туындауы мүмкін.
Түрлі тақырыпты іліп алып кетуге, бір тақырыпты тереңірек зерттеуге, бір тақырыпты айтпау кетуге де болады. Себебі бұл - подкаст. Жаңа айтып кеткендей, подкаст жазуда ешқандай шектеу жоқ. Өзіңізге ыңғайлы тақырып бойынша әңгіме өрбітіңіз. Бірақ бір ескерту айта кеткен жөн: қандай тақырыпта сөз қозғасаңыз да сізді тыңдайтын аудитория да сондай болмақ. Неге? Себебі жеңіл-желпі әңгіме қозғалған жерге өсек-аяңға құмар адамдар жиналады. Ал білім жайлы тақырып қозғалған жерде тек білім алушы, ізденуші жандардың жиналатынын ескеріңіз. Байқағаныңыздай, подкаст жасаушы адам тыңдаушы аудиторияны да өзі таңдайды.
Жасыратыны жоқ, подкаст ең алдымен шетелдерде дамыды. Бірақ қазіргі күнде подкаст арқылы біздің Қазақстандық подкастерлер де таныла бастаған. Оған мына мысалдар дәлел: ютуб желісінде қазақ тілінде жүргізілген ғылыми, діни, психологиялық, не болмаса еркін тақырыпта жүргізілген подкастар. Біздің елде сұхбат жүзіндегі подкастар кеңінен таралған. Қазақша подкасты тыңдаушы тыңдармандардың көп екені бәрімізді қуантады.
Подкастың өріс алған заманында оны өз пайдамызға жарата білейік! Һәм пайдалы ете түскеніміз абзал!