Алатаудың етегіндегі – ҚазҰУ
блог
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті – арманы мен мақсаты бөлек, бірақ ел мүддесі үшін қызмет етуді алғашқы орынға қоя білген жас өрендердің ордасы. Қарашаңырақ ҚазҰУ-ға түсіп, сапалы білім алып, студенттік шағын ыстық естеліктерге толтыруды армандайтын жастардың қарасы қалың. Дегенмен, еліміздегі көшбасшы университетте оқу екінің бірінің қолынан келе бермесі де белгілі.
Өткен жылы қиялы әлеміндегі оқиғам шыңдыққа айналып, өзім бала кезімнен армандаған оқу ордамның студенті атану бақыты маған да бұйырды. Қарашаңырақтың студенті болу бір бақыт болса, оның ішінде журналистика факультетінде тәлім алу екі есе бақыт сыйлады.
Журналистика факультеті – оқу ордасы құрылған жылдан бастап, үздіксіз білікті мамандар даярлаумен айналысады. Қазақ журналистикасының дара жолы дәл осы, ҚазҰУ-дың журналистика факультетінен өз бастауын алады. Факультеттің қабырғасында кешегі күні жаңадан қанат жайып келе жатқан қазақ журналистикасын зерттеуші-майталмандары Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев, Марат Барманқұлов, Хайыржан Бекхожин және т.с.с көрнекті ғалымдар мен профессорлар дәріс оқыған. Осындай ел азаматтарынан тәлім алған оқытушыларымыз біздерді тек теориялық біліммен ғана шектемей, керсінше практика жүзінде шыңдап, журналист маман ретінде тәрбиелеп жатыр.
Мен, қазіргі сәтте «Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер» кафедрасының «Баспагер-редактор» мамандығының 2-курс студентімін. Өткен жылы кітап саласына қатысты «Отандық және шетелдік баспа ісі» мен «Кітаптану» курстары бойынша дәріс тыңдап, алғашқы білім базамызды жасақтаған едік. Ал осы оқу жылы басталған сәттен-ақ «Редакциялау» пәні бойынша өзімізді редактор тұлғасында дамытып, оқытушыларымыздың берген ақыл-кеңесі негізінде сайттар мен газет беттеріндегі қателіктерді анықтап, кәсіби журналистке тән қырағылық пен сауаттылықты қалыптастырудамыз.
ҚазҰУ – 87 жылдық білім мен тарихты қатар алып, заман көшінен қалмай, жаңа технологияларды біліктілікті арттыру үдерісінде тиімді пайдаланып келе жатқан үздік оқу орны. Әрине, білімнің қарашаңырағы аталып кеткен университетіміздің осы уақытқа дейінгі жеткен жетістіктері мен бағындырған шыңдары аз емес.
ҚазҰУ өткен жылғы әлемдік пандемияға байланысты қашықтықтан білім берудің үздік технологиясын енгізді. Білім сапасының әрі қарай дамуына арналған арнайы "Oqylyq" және "Moodle" бағдарламаларын дайындап, студенттердің қысқы және көктемгі қорытынды емтихандарын еш қиындықсыз, әрі әділетті тапсыруына мүмкіндік бере отырып, көпке үлгі бола білді.
Ойымды қорытындылай келе, Алатаудың етегіндегі ҚазҰУ – әсем қала Алматы ішіндегі көрікті қалашығымен және жалынды студенттерімен ерекше оқу орны. ҚазҰУ – мол мүмкіндіктер мекені. Университет білім алумен қатар қоғамдық өмірде белсенді болып, өз орнынды табуға және өз-өзіңді шыңдап, дамытуға, жаңа салада бақ сынап, өмірлік достарды жолықтыруға мүмкіндік сыйлайды.
Ахина Нұрилла Елеусізқызы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Журналистика факультеті
«Баспа ісі» мамандығының 2-курс студенті
Ғылыми жетекші: кафедра меңгерушісінің оқу-әдістемелік және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, оқытушы Назкен Жансерікқызы