Алаштың біртуар Тұрары
блог
Қазақтың маңдайына біткен жұлдызы,төбеміздегі түндікті түргісі келген тарландарымыздың бірі - Тұрар Рысқұловтың туғанына 130 жыл. Өз ғұмырын өртенген өзегі жолында ұлтына арнаған Тұрарды түрленген тарих тамырының түпнұсқасы дерсің. Арпалыспен өткен осынау терең тарих,сол бір жылдар қаншама жанның өмірін жалмады.Рысқұлдың ұлы,асылдың сынығы Тұрар да ширек ғасырдағы дүрбелең куәгері , азапты тағдыр тұлғасы болатын. Азап деймін-ау ,өзі үшін емес елі үшін тер төккен Тұрардың әрбір күні ғажапқа толды, себебі ол бүгінін де ертеңін де жас ұрпаққа, ел егеменділігіне арнаған еді .Тұрар сынды тау тұлғалардың өмір жолының бастау бұлағында - адамдығына, адалдығына себепші бірегей жандар болатыны сөзсіз. Бала Тұрар үшін ол - әкесі Рысқұл болатынын.
Дүние бір қисық жол бұраңдаған,
Бақ тайса басқа дәулет құралмаған.
Күніне мың пәлеге жолықсаң да,
Сонда да күдер үзбе бір Алладан! - осы сынды өлең жолдары, өсиет әңгімелер қазақ - қазақ болғалы айтылып келеді , бірақ дәл осы төрт қатар өлеңді әке Рысқұл бала Тұрарға айтқанда,оның артқан үміті мен сенімі өзгеден ерекше болатын. Әрбір әріптен,сөздерден құралған қара өлең Рысқұлдың атқан таңынан, көрген күнінен қуат алып, ақ қағазға түскендей.
Өмірі бұралаңға толған ер Рысқұл Тұрар үшін адамдық үлгісі болды. Әке бейнесінен өзіндік күш ала білген кешегі жас жеткіншек - бүгінгі Алаштың біртуар азаматына айналды.
Тұрар - бала шағынан қиындық пен озбырлықтың дәмін татты. Кішкентай ғана көзінің қарашығы қарындасымен бірге аяулы анасынан айырылды. Әкесі Рысқұл екінші рет отбасын құрды. Өгей - өгейлігін жасайды емес,отбасыға жаңа келген жас келіншек Рысқұлға адал жар, балаларға тамаша ана бола білді. Рысқұл әке өте қызуқанды , ештеңеден тайсалмайтын батыр кісі болатын. Дегенмен де , сұрапыл сол жылдарда білектегі де жүректегі де күш емес қолдағы билік бәрін шешуші еді. Міне, билігін асыра пайдаланатын озбыр жандардың кесірінен Тұрардың балалық шағының да тұтас тағдырының да тас-талқаны шықты. Бірақ бұралаңға толған ғұмыр, әділетсіз қоғам Тұрарды шыңдады, тарихи тұлға етті. Адалдық үшін ұлттық езгіге қарсы күрес оның өмірлік ұстанымына айналды.
Тұрар Рысқұлов саяси тұрақсыздық жайлаған кезеңде көшпелі халықтың құқығын қорғау мақсатында түрлі ұйымдар құрып, кеңестер өткізді. Аштан қырылып жатқан қазаққа ас-ауқат таратып қолынан келген көмегін көрсетті. Айтып өту керек басты ерлігі - қазақ жігіттеріне рух беріп ,оларға басшылық етіп,солшыл эсерлер мен еуропалық большевиктерге қарсы кеңес үкіметіне шығу керек екендігін тусіндірді. Ол бастаған жастар тез күш ала бастады. Бірақ ешқандай арам іске бармай, барлығын туралық пен адалдық таразысында шешті. Қоғам қозғалысында елеулі орын алатын ереуілдер жасады. КСРО басшыларымен де ашық хат алмасты. Халықтың жай күйін жеткізді. Қуғынға ұшырап,отбасымен тұтқындалып та кетті. Алайда ешқашан халқы үшін жасаған істері мен жасаған еңбектері жолында өзін кінәлаған емес. Себебі ол нағыз - елім дейтін ерлердің қатарынан болатын.
Тұрар Рысқұлов - ХХ ғасырдың алғашқы жартысында қазақ даласынан шыққан мемлекет қайраткері , халық жанашыры. Түркі халықтарының саяси бостандығы мен экономикалық өркендеуі үшін еңбек сіңірген алып тұлға. Замандастары арасында сый-құрметке ие болған абыройлы азамат. Ол әрқашан "Түркі тілдес,түгел бол!"-деп ұран тастап, халықты бірлік пен татулыққа үндеді.Бастысы Тұрардың болашақ үшін төккен тері елеусіз қалмады. Алаштың біртуар азаматының есімі жас ұрпақ санасында мәңгі орнықты. Бүкіл Қазақ даласы , алаш баласы сенімен мақтанады, Тұрар!