.....Кітап, журнал десе өзі де, бауырлары барын беретін. Аналары аудан орталығына барса міндетті түрде кітап сатып әкелетін. Қонақ бөлмедегі жиһаздың екі сөресі толып тұрушы еді кітапқа. «Батырлар жырының» 3 томы, «Ол кім бұл не», «Шаңырақ», «Машқар Гумеров», «Троя сұрапылы», Беляевтың кітаптары, «Робин Гуд»....тізе берсең тағы басқа кітаптар бұлардың отбасылық байлығы болатын. Қыркүйек айында міндетті түрде ата-анасы, мектепте оқитын төрт баланың бас-басына бір-бір газет-журналға жазылушы еді. «Балдырған», «Ақ Желкен», «Жұлдыз» журналдары, «Ұлан», «Жас алаш», аудандық «Қарқара» газеттерін алып соларды папкаға тігіп отыратын. Әркім өзі жазылған газет-журналды тіркейді. Сосын мысалы, «Ұлан» келсе оны жазылған адам бірінші болып оқуы керек. Балалық-ай десеңші. Әкелері үйде қонақ болмаса ас үстінде үнемі газет оқып отыратын. Аса тамаққа жоқ, бірақ шайды көп ішеді. Босаған кесесін газеттен басын алмастан анасы отырған жаққа ұсынатын. Кейде Сезім шай құйып отырса өтірік көрмегенсіп кесені алмай отыра беретін. Әкесі де созулы қолымен газетін оқып отыра беруші еді, біразға дейін. Ал бұлар әкелерінің сол әдетін ата-аналары үйде жоқта жасайтын. Бәрінің қолында бір-бір кітап немесе газет, рахаттаныыып оырып тамақ ішетін. Қазіргі балалардың ата-аналары жоқта соткаларына қадалып тамақ ішетіні секілді. Қызық бір кітапты бастады ма, соны оқып тауысқанша тыным жоқ. Отырып, тұрып, сабақ оқығансып дәптердің астына тығып оқитын. Тіпті кейде түнде бәрі, әсіресе ата-анасы ұйықтағанша күтіп жатып, олар ұйқыға кетісімен жарықты жағып алып таңғы үш, төртке дейін кітап оқитын еді.
Кейде ата-анасы бұлар ұйықтағанда өздері оңаша отырып шәй ішетін. Бұларға: «жатыңдар, ертең ерте тұрасыңдар» деп айтатын да, өздері қонаққа деп тығып қойған тәтті дәмділерін салып шәй ішіііп отыратын. Ең кіші сіңілісі ұйықтап қалады. Қалған төртеуінің кемінде біреуі бір сылтаумен төсектен тұрып барып солармен шәй ішетін. Кейде бәрі ояу жатса анасының тоқ шәугімінің дауысы шыққаннан бастап тың тыңдап жататын, сыртқы верандаға шығатын есік ашылса, «аа ол жақта халва тұрады, халвамен шәй ішейін деп жатыр», қонақ бөлменің есігінің ашылғаны «кәмпит салайын деп жатыр» деп ойлап жататын. Кейде кезек-кезек бәрі барып шәй ішіп қайтатын. Бауырлары бір-екі кәмпитті іле келіп, жастықтарының астына тығып қоятын. Сонда деймін-ау, сол салып қойған тәттілеріне өздері қолдарын да созбайды, шәйларын ұрттааап отырғандары сол....
Жаз мезгіліндегі ауылдың өмірі қандай керемет еді! Аналары таңғы бесте тұрып сиырларды сауады. Сосын бұзауларын бөліп алып, оларды өріске айдап апатып келеді. Келе сала, көмбеге нан пісіру үшін, кепкен көңдерді қалап астына от жағып қояды, сосын флягаға жинаған екі үш күнгі шикі сүтті май піскішпен пісіп, майын алады да қалған көк сүтті ысытып дорбаға құяды. Одан кейін алдыңғы дорбада тұрған қатықты алып, тұздап құрт жасауға отырады. Анасы құртты ерінбей, майда, біркелкі етіп домалақтап жасайтын. Әдемілеп кептірілген құрт бұлардың дастархандарынан үзілмейтін. Тіпті ауылда ол кезде барлық үйде құрт болса осы үйдің құртына құмар еді жұрт. Кейде бір қонаққа барса сарқыт ала келеді ғой аналары, сондайда салақ әйелдердің жасаған арасында шаш жүретін, сырты кір кір құрттарын әкелетін де, «құдай кесірінен сақтасын» деп итке беруші еді. Әкелері де құрт кептіретін сөрені өзі жасап, сыртына шыбын кірмейтіндей етіп тор қағып беретін. «Шешелеріңнің жасаған құртын 10 үйдің құртының ішінен тауып берем» деп күлуші еді, әкелері.
Сиырды табынға қосып келгесін анасы үйдегі есіктің бәрін ашып тастайтын. Таудың салқын, саф ауасы ұйқы басып тұрған бөлмелеріне төсектің астымен келіп лап қоятын. Сосын жоғары көтеріліп мұрынды қыттықтайды. Сиыр, бұзаулардың мөңірегені, иттердің үрген дауыстары мен құстардың шырылы Сезімнің өміріндегі естіген ең жақсы музыкасы, майдың, құрттың иісіне араласқан көмбеде піскен наның иісі ешқашан қайталанбайтын иіс болатынын ол кезде сезінбепті... Сонда бұлар 8-9 да есінеп, керіліп ұйқыдан тұрғанда аналары талай шаруаны бітіріп тастайтын. Мектептегі жұмысы, жазатын жазулары, сынып жетекшілігі, сауатын сиыры, тоқитын тоқымасы, баптайтын гүлі (анасы үйде гүл өсіргенді ұнататын), күтетін қонағы бар, осының бәрін сондай махаббатпен, сүйсініп істеуші еді.
Қазір ауылға анда санда барады. Сонда ауылда тұрып, азын аулақ мал ұстап отырып, сүтті сатып алып ішетін әйелдерді көргенде таң қалады. Неге ауылдың келіншектері сиыр ұстап, құрт, май жасамайды десе үлкендер, «ее, олар сиыр сауса сериалды кім көреді, телефонның құлағында кім отырады» деп қынжылады.