Ақнұр мен Әлинұр

... Бәрі жақсы болады.

Тек уайымдама.

Ақнұр бұл сөздерді ішінен бірнеше рет қайталап келеді. Көзі жасқа толы. Ішіндегі сансыз сұрақтардан жарылып кетердей. Ол өзін үнемі қолдап, қашан да қорған болар досын іздеді. Әлинұрды іздеді. Алдымнан шығып қалар ма екен деп жан-жағына елеңдеумен келеді. Бірақ, ол жоқ.

Екеуі бала кезден бірге өсіп еді. Әкесі құрдастың баласы құрдас демекші, аға мен қарындастай болатын. Әкелері Асан да Асқар да бір үйдің баласындай. Сондықтан да, бұл екі бала бір-бірінің үйіне еркін кіріп-шығып, егіз қозыдай боп өскен. Әлинұр Ақнұрмен құрдас болса да , өзің оның ағасы, қорғаны ретінде көретін. Ақнұр да кәдімгідей Әлинұрды ес көріп, оған арқа сүйеп өсті. Сырт көз  екеуінің осыншама бауырмалдылығына, достығына қызыға да, қызғана қарайтын. Әлинұр пысық, қабағы ашық-жарқын еді. Ақнұр болса  тұйық, мінезі қырсықтау. Онысымен қоймай, әлжуаз, жел соқса ұшырып әкететіндей , әлсіз болатын. Көп жанға ашыла да бермейтін. Тіпі, анасы Шынарға да ешнәрсенің басын ашып айтпайтын, сырымен бөліспейтін. Үйдегілер оның ішіндегісін Әлинұр арқылы ғана біліп алатын. Жақын құрбысы да жоқ. Сенері де, сүйенері де осы Әлинұр. Әлинұр оған барлық жағынан көмектесетін. Бірақ, сабаққа келгенде екеуі жарысып оқитын. Зеректігі мен білімділігіне қарап Ақнұрды кейде тұйық деп ешкім айтпайтын. Бірінің білгенін біріне үйретіп, аға мен қарындастың күні осылай өтіп жатты.

   Бүгін Ақнұр көңілсіз. Өзің айдалада қалғандай сезініп отыр. Әлинұрдың әкесі Асқардың қызметі көтеріліп, Алматыдағы үлкен аурухананың біріне бөлім меңгерушісі болып тағайындалыпты. Енді әйелі Әселді, екі баласы Әлинұр мен Гүлназды алып, қалаға кетпекші. Бұл хабарды естігеннен бері Ақнұр біртүрлі боп жүр. Бір жағынан қатты қуанышты. Енді бір жағынан қолдайтын, сенім білдіретін адамы одан алыстап барады. «Не болдым? Кімге сырымды айтамын? Енді маған кім қолдау көрсетеді»,- деп Ақнұр Әлинұрдың иығына басын қойып еңкілдеп жылады. «Бәрі жақсы болады. Мен саған хат жазып тұрам. Әлеуметтік желі не үшін , Ақнұр? Күнде бір-бірімізбен скайп арқылы сөйлесіп тұрамыз. Сабағымызды да солай жасаймыз. Күшті емес пе жазда бізге келесің. Бәріміз Алматыны аралап, қыдырамыз. Жыламашы, Ақнұр. Әйтпесе, ағаңнын жүрегін ауыртасын. Сенен басқа менің тағы бір тентегім Гүлназдың барын білесің ғой. Екеуін екі жағымнан мені талайсыңдар тегі. Сонда мені кім ойлайды? Болды, қой. Бәрі жақсы болады. Сабағыңды жақсылып оқы. Мықты дәрігер болу үшін сабақты жақсы оқу керек емес пе? Асан аға мен Шынар тәтемді ренжітпе. Жаман мінезіңді көрсете көрме. Бұл өмірде сенің ең жақын адамдарын солар. Айтқандарын тыңда. Мен саған сенемін. Бәрі жақсы болады. Тек уайымдама». Осыны айтып Әлинұр Ақнұрды қатты қысып, құшақтады.

Көп ұзамай Асқардың үйіне жаңадан бір отбасы көшіп келді. Бәрі өз қалпымен өтіп жатты. Ақнұрдың бағыты бір. Сабақтан үйге, үйден сабаққа. Оқу үлгерімі жақсы. Анасы Шынарды да бұрынғыдай көп ренжітпейді. Әкесінің де көңілін көп қалдырмайды. Күнде Әлинұрмен сөйлеседі. Түрлі тақырыпқа сағаттап әңгіме айтады. Әлинұр Алматыдағы жаңа мектебі, жаңа таныстары туралы айтса, Ақнұр ауыл жаңалықтарын айтып әлек. «Менің айтқандарымды орындап жүрсің ғой? Ата-анаңды ренжітіп жүрген жоқсың ба? , -деп Әлинұр салмақты қалпымен Ақнұрдан күн де сұрап қояды. Ақнұр осы бір қамқорлықты, қолауды қатты жақсы көретін. Өйткені, үйінің ұлы да, қызы да Ақнұр ата-ана мейірімінен басқа да бір жылулықты аңсайтын. Ол – бауырдың махаббаты. Сол махаббатты ол осы Әлинұрдан тапты. Нағыз  достықты да Әлинұрдың бойынан кездестірді. Оған сыныптағы қыздарының айтқан әңгімелері, жүріс-тұрысы ұнамайтын. «Қыздар арасында достық болмайды» деген ұғымды жүрегіне мықтап бекітіп алған. Оның досы да, бауыры да -  Әлинұр.

Жаз басталып, Асан мен Шынар Ақнұрды Алматыға жіберді. Нағыз демалыс, нағыз қызық енді басталды. Әлинұр Ақнұрға қаланы аралатып, екеуі сырласып, талай әңгіме айтып, каникулдың күндерін қызықты өткізді. Тіпті, өздері армандаған университеттеріне барып көріп, болашаққа талай жоспар құрып кетті.

 Осы күні Әлинұр Ақнұрға бір сыр ашты. Ұнататын қызының бар екенін, Ақнұрдың сол қызды көріп, баға беруін сұрады. Ақнұр басында біртүрлі болды. Әлинұрды ешкіммен бөліскісі келмеді. Бірақ, бауырдың бақытына қуану керегін лезде түсінді. Әлинұрдың телефонындағы әдемі қыздың есімі – Әйгерім. Шашы белінен төгілген, ұзын бойлы, сап-сары қызды Ақнұр бірден жақсы көріп кетті. Көп ұзамай Әлинұр екі еркені бір-бірімен таныстырды. Бұлар бірге көп уақыт өткізетін. Талай қызықты тақырыптарды талдайтын. Ақнұр ағасына өзіңше кеңестер беріп, Әлинұрдың басқаша сезімге бөленіп жүргеніне қатты қуанды. Қаланы аралап, бауырын көріп, мауқын басқан Ақнұр бүгін ауылға қайтты. Бәрібір кейде ішінен бөтен дауыс үн қатады. «Болды, ол сені ұмытты. Енді ол саған қамқор болмайды. Сенің орныңды басқа қыз басты»,- дейді. Бірақ Ақнұр: « Менің бұным не? Әйгерімге ол ғашық. Ал мен оның қарындасымын, досымын»,- деп өз-өзінен күбірлеп қояды. Биыл бұл ұл мен қыз мектеп бітіреді. Сосын арман қуып, болашаққа аттанбақшы. Ақнұрдың дәрігер болғысы келеді. Ал, Әлинұр атақты математик болғанды қалайды. Екеуі де ата-ана үмітін ақтап «Алтын Белгі» иегері атанды. Өздері осыдан бір жыл бұрын сыртынан қайтқан университеттің бүгін студенті болды. Ақнұр өзгерген. Бұрынғы қырсық, тұйық Ақнұр ауылда қалғандай. Ашылды, таным түсінігі өзгерді. Қазір ширақ. Бұл да Әлинұрға өзінше бір кеңестерін айтып, қолдауын білдіріп қояды. Ал, Әлинұр сол қалпы. Салмақты. Ашық-жарқын. Ақнұр сабағы күрделеніп, университетте қиындыққа тап болса бірден Әлинұрға жүгіреді. Ағасының ақылын тыңдап, досының кеңесіне жүгінеді. Бұған Әлинұр кәдімгідей қорған. Ол қазір ештеңеден қорықпайды. Өйткені, қасында Әлинұр бар. Өзің  толыққанды сезінетін. Осы уақытқа дейін....

Қазір ол Алматы көшелерінің бірімен төмен зулап келеді. Біреу түртіп жіберсе, жарылардай боп әзер келе жатыр. Басыңдағы болмашы қиындығын кімге айтады? Бүгінгі жаңалығын кіммен бөліседі? Сырын кімге ашады? Бір жерден Әлинұр шыға ма деп қайта-қайта қарайды жан-жағына. Бірақ ,бөтен адамдардан басқа ешкімді көрмейді. Өзі ішінен Әлинұрдың «бәрі жақсы болады, уайымдама»,- деген сөзін қайта-қайта айтып жылап келеді. Әлинұр мұны тастап кетті. Жоқ. Білмейді қайда екенін. Ағасын жоғалтып алды. Досын таппай жүр. Әлинұр оған енді тек түнде ғана көрінеді. Жымың қаққан жұлдыздың бірі сол. Ақнұрды бауырына басып, басу айтатын Әлинұр о дүниеге аттанғалы жарты жыл болды. Жастайынан алыс-жақынға көмек беріп үйренген қамқор аға сол игі істен қаза тапты. Кішкентай баланы құтқарам деп, көліктің астына түсті. Үнемі ашық-жарқын, күліп жүретін, көмектесуден бас тартпайтын Әлинұр... енді жоқ. Дәрігерлер келіп үлгергенше, ол мына дүниені тастап кетті. «Қайда асықты екен? Мықты математик боламын деуші еді. Бола алмай кетті-ау»,- деп Ақнұр өкіріп келеді. Жан-жағындағы адамдар бұған басқаша көзбен қарайды. Кішкентай қырсық, ерке қыз  әңгімесін тыңдайтын, үнемі қолдау көрсететін қамқор аға, адал достан осылайша айырылып қалды. Енді оған кім қолдау көрсетеді? «Бәрі жақсы болады. Тек уайымдама»,-  деп жұбататын адамды ол енді қайдан табады?



Бөлісу: