Ақ халатты абзал жандарға қаншалықты сенеміз?

Ақ халатты абзал жандарға қаншалықты сенеміз?
жеке
блог

Қазіргі таңда Қазақстан тұрғындарының барлығы бірдей дәрігер көрсеткен емге қанағаттана бермейтін көрінеді. Дәрігерлер мен науқас арасындағы түсініспеушілікке әкелетін себептердің бірі дәрігерге деген сенімнің төмендігі деп ойлаймын. Кейбір адамдар: "Біздің дәрігерлердің білімі төмен және олар сауатсыз,"- деп жатады, бірақ ауыра қалса, сол дәрігерлердің алдына келіп көмек сұрайтыны шындық. Сонымен қатар, өз денсаулығына дәрігер жауапты деп ойлап, десаулығына немқұрайлы қарайтын адамдар да аз емес. Нәтижесінде, қаншама науқасты таңертеңнен кешке дейін қабылдап емдейтін сол дәрігерлер емес пе?

Қайткенмен де, дәрігер өз өмірінің бақандай 7 жылын тек оқуға арнайды. Ал мұндай зор шыдамдылық пен талапты, білімге деген құштарлықты, жауапкершілікті, тиянақтылықты, төзіміділікті қажет ететін ауыр мамандықты әркім таңдай бермейді. Ондай мамандыққа тек жаратылысынан мықты, абзал да мейірімді адамдар ғана барады. Жалпы, дәрігерлер  - өте мәртебелі мамандар, себебі дәрігерлердің адамды өлім аузынан арашалап қалатын ерекше қабілеті бар.  Сол себептен, дәрігерлерге деген сеніміміз төмен болмауы қажет.

Адамдардың сенімін арттыру үшін, дәрігерлер де қандай да бір әрекет ету керек деген оймен толықтай келісемін. Мысалы, дәрігер науқаспен сыпайы болу керек, науқастың сөзін бөлмей, өз ойын айтуға мүмкіндік беруі қажет және ауру мен оның емі туралы ақпаратты түсіндіріп жеткізуі керек. Мұндай кішігірім әрекеттер дәрігер мен науқас арасындағы жақсы қарым-қатынасқа және түсінушілікке әкеледі әрі науқастың жазылуына өз септігін тигізеді. Егер науқас жазылса, ол дәрігерді өзгелерге мақтап және сол дәрігерге қаралуға кеңес беруі мүмкін. Осылайша дәрігерге деген сенім де бірте-бірте арта түседі.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, дәрігерлер - ақ халатты абзал жандар және біз оларды құрметтеуіміз қажет. Біз дәрігерлерге сенім білдіріп, оларға түсінушілікпен қарауымыз керек. Дегенмен де, дәрігерлер де адамдардың өздеріне деген сенімділігін арттыру үшін және науқастармен қарым-қатынасты жақсарту үшін қандай да бір әрекет еткендері жөн.