«Жұлдыз» журналы бұлақ бастауынан-ақ да әдебиет ошағына айналған басылым болатын. Бүгін де соған куә болып отырғандаймын. Оған себеп Көлбай Адырбекұлының «Кебенек киген келеді» атты әңгімесі еді. Бұл әңгіме «Жұлдыз» журналының әлі де әділдікті ту етіп келе жатқанындығының дәлелі болды. Құны арзан әңгәмелерді емес, шоқтығы биік дүниелерді жариялаған соң оқырманның да өресі биік адам екенін болжау оңай болар.
Әсерлі әңгіме көңіліме түрлі күй сыйлаған соң сол қалпымнан шыға алмай біраз есеңгіреп жүрдім. Қанша басылымнан көп дүние оқып жүрсек те, мұндай әңгімені жиі кездестіре алмайтынымыз белгілі. Шындығы шырқалған осынау әңгімені «Жұлдыз» журналынан оқығаныма қуаныштымын.
Әңгіменің түп төркіні сонау тәуелсіздікке ұмтылған жылдармен басталады. Елінің тәуелсіздігі тұрмақ, өз басының бостандығына қолы жетпеген қазақ азаматы жайында баян еткен бұл шығарма көкейтесті болып жадымда сақталды. Оқи отырып, сол заманға түсіп кеткендей сезіндім. Құдды бір өзімді әділетсіз алаңында дәрменсіз отырғандай жапа шектім деуге де болады. Жалған айыппен қамауға алынған Мырзағұл үшін шыр-пыр болған жарына қарап таңдандым. Нағыз жар сондай болар ма?! Шындықтың шырғалаң жолында жүріп күйеуін ақыр аяғы түрменің тұзағынан құтқарып қалды. Бірақ оның өзінде жиыр жылын сарп етті. Оған оның өзі қуаныш, әрі жұбаныш. Себебі жары ату жазасына үкім етілген. Әділдік деп ұрандап алып, сөзіне ісі сәйкес келмеген Кеңес үкіметінің озбырлығы еді ол. «Кебенек киген келеді» деген тақырыбынан-ақ автордың айтарын ұғынуға болады. Ол дегенің шындықты шырқаған адам ғана мақсатына жетеді дегені ғой.
Әңгіме желісі өз оқырмандарына «адал, әрі шыншыл болыңдар» деп жол сілтегендей еді. Тәуелсіз ұрпаққа жетпей қалған тағы бір шындықты осы әңгімеден біле алдым. Бұл оқиға тәуелсіздік қадірін ұмыта бастаған санама сілкініс жасады. Біз білмейтін шындық көп екен-ау, тәуелсіздік оңай келмеген екен-ау деген ой келді.
P.S. Заманның өзгеруіне қарай әр басылымның да бағыты сан түрлі бола бастаған. Бір басылым жаңалықтың жаршысы бола білсе, екіншісі рейтинг артынан қуып арзан дүниеге құнығып кеткен. Бірақ «Жұлдыз» журналы адалдықты ту еткен – әдебиет ошағы болып қалмақ. Бұған Көлбай Адырбекұлының ғана емес, басқа да автордың шығармалары айғақ бола алады.