Адамзаттың Абайы

Адамзаттың Абайы
жеке
блог

        Ол дәуірде телефонмен-ақ ғаламды шарлатар ғаламтор жоқ еді. Соған қарамастан сығырайған шаммен сырын жазды. Бір қазаққа ғана емес, күллі адамзат баласына ақыл ойдың жемісін сыйлады. Осыдан соң ой қорытып көріңізші. Абай қандай адам? Оның жұмбақ әлемі жұмыр жердің жүрегі болып соғуға жарап тұр емес пе? Соның бәрін қалай сезініп, қалай жазды? Бағымыз деп бағалауға өлшем бұл. «Қазіргі заманда Абай жырын айына емес, аптасына емес, күніне бір үңіліп қоймай болмайды. Сонда жан қинап жүрген қай күмәннің бәріне де жауап таба аласың»,- деп ой толғапты елбасы Н. Назарбаев.

        Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «әр қазақтың төрінде домбыраның тұратыны секілді, әр шаңырақта Абайдың қара сөзі мен М. Әуезовтың «Абай жолы» тұруы керек»,- дегені де, Абай өсиетін айнымас темірқазыққа айналдыруы. Келешек буын кемеңгерден сусындап өссе керемет емес пе? Осы арқылы жеке тұлға тәрбиеленсе, жеке тұлға арқылы қоғам тәрбиеленбек.

       Ойшылдың 175 жылдығын атап өтіп жатырмыз. Тойынан да, ойынан да тағылым алуға талпыныс болса игі. Абайдың өзі айтпақшы: «Естіген сөзді ұмытпастыққа түр-түрлі себеп керек. Әуелі көкірегі байлаулы, берік болмақ керек. Екінші, сол сөзді естігенде ғибратләнуі керек, содан кейін, ойланып, тұшынып, ынтамен ұғыну керек». Алыстан ат терлетпей-ақ жай ғана осы сөзді алып қарайық. Астарында қанша мән-мағына, тәрбие жатыр.  Иа, Абай туралы абайлап айту керек деген тіркесте барғой. Бірақ Абайдың ұлылығы сонша кез келген оқырманның сырласы, қажет болса сынайтын, керек десең қолтығынан демейтін досына айнала алады.

       Адамзаттың асылына айналған Абай туралы ақпарат аста-төк. Құнанбайдың ұлы туралы көпіртіп жазған адам кемде-кем. Бірақ әлі күнге түгесіп тауысқанымыз жоқ. Өйткені Абай біздің өлшемнен биік тұрады. Абайдың артында 176 өлең, 3 поэма, 45 қара сөз, 1 мақала қалған деседі. Дәл осы санмен саналған еңбектерді санаға сіңіру үшін ғасырлар керек-ақ. Себебі, Абайды бір оқығаннан-ақ түсініп кету мүмкін емес.

       Қарапайым мысал ретінде, Абайдың тоғызыншы қара сөзін алайық. «Осы мен өзім - қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? Бұларды жөндеймін деуге, жөнделер, үйренер деген үмітім де жоқ. Бұлардың бірі де жоқ. Бұл қалай? Бұл айтқанның бірін тұтпай болмас еді»,- дейді. Осыған қарап Абай әуелде қазақтан күдер үзген деп далақтап жүргендер де бар. Олар бұл сөйлемдердің төркінін түсінбейді. Өйткені Абайдың әрбір сөзінде адамзатқа бағыт бағдар сілтейтін баға жетпес құндылық бар.

     Абай және ХХI ғасырдағы Қазақстан. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тура осы тақырыппен мақала жазды. Абайға сеніп Қазақстанның бүгінін барлап, келешегіне бағыт сілтеді. Ат сүрініп болғанша, ақыл тапқан алаштың келешегі туралы сөз қозғады. Бұдан қорытар ойымыз: қазақтың жалғыз жанашыры болса- ол Абай. Көпшіліктің кемшілігін, қате тұсын нұқып көрсетіп, түзетілуі керектігін ашып айтқан- Абай. Абай мұрасы, өнегесі қазақтың қазынасы. Сол қазынаны құр мақтанға сала бермей, санаға сіңіріп, жүрекпен сезініп күнделікті өмірді Абайдың сөзімен өрнектей білсек игі.

Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық

қатынастар және әлем тілдері

университетінің 2- ші курс студенті

Ақжарқын Умбетжан