Адамды хайуандықтан адамшылдыққа кіргізген - әйел.
блог
1911 жылы «Айқап» журналының №7 санында Сақыпжамал Тілеубайқызының «Қазақ қыдарының аталарына» атты мақаласы жарық көрген болатын. Мақала ХХ ғасырдағы әйел теңсіздігі туралы еді. Әрине сол замандағы әйел бостандығы, әйел құқығы деген сөз атымен болмағаны бәрімізге белгілі. «Біз үшін сөз жазушы ешкім жоқ. Тіпті оқыған жастарымыз да біз турада бір ауыз сөз айтпайды». Сол себепті де Сақыпжамал Тілеубайқызы сол кездегі қазақ қоғамының бір кемшіл тұсын, әсіресе қазақ қыздарының бас бостандығы жоқ екендігі жөнінде және де бұл мақаланың тұтастай қазақ қыздарының жан айқайы жайында жазған еді.
«Қыздарымыз оқыса бұзылады дейсіз де біздерді оқудан мақұрым қалдырасыз. Бұрынғы қыздардың бұзылғандары оқығаннан бұзылған ба екен? Мұны ақыл таразыға салып неге қарамайсыздар? Адамды оқу бұза ма екен? Біле білсеңіздер ең әуелі жақсылап қыз баланы оқыту тиіс. Тиіс екендігі мынау: Бұл қыздар түбінде балаларға болашақ ана болған соң, бала тәрбиелеу олардың жұмысы болады. Баланы тәрбиелеуші ана надан болса, балаға жақсы өнеге бере алмайды. «Алып анадан» деген ғой. Баланың әдепсіз жаман болып шығуы надан ананың дұрыстап баласын тәрбие қыла алмағандығынан болады. Болмаса бала іштен әдепсіз жаман болып тумайды.
Екінші бір айтарымыз, қыздарыңызды мал секілді сатасыз. Бесікте жатқан шағымыздан-ақ біреуге қатындыққа сатып қоясыз. Соңғы уақытта екі жас біріне-бірі тең бола ма, болмай ма? Оған қарамайсыздар. Тек тұз-дәмі жарасса жақсы, жараспаса, қыз баланың бүкіл ғұмыры жәбір-жапада өтеді, тимесе дау-жанжал шығуға себеп болып кетеді. 13-14-тегі қыздарыңызды малға қызығып елу-алпыстағы шалдарға шырылдатып, қолынан ұстап бересіз, көз жасына қарамай. Осыларыңыз жөн бе? Алпыстағы шал 13-14-тегі қызға тең бола ма? Тең болатұғын болса, 13-14-тегі ер балаларыңызға 50-60-тағы кемпірлерді неге алып бермейсіздер?»
М.Жұмабаевтың 1913 жылы Айқап журналына жариялаған мақаласында әйел теңсіздігі жөнінде былай деді: «Қыздан сорлы пенде жоқ деген өлең бөтен халықта жоқ болуға да тиісті емес. Неге десеңіз, олардың қыздары сорлы болмайды. Жас ғұмырын рахатта өткізіп, бой жеткен соң Алланың қосуы бойынша сүйгеніне шығады, ана болады. Ал енді біздің қыздарымыз жас ғұмырында рахат көрмейді. Һәм бой жеткен соң сүйгеніне Алланың қосуы бойынша шықпайды. Торы шолақ байтал есебінде сатып алушыға күң болып, ата-анасына шай-су болады».
Ескі көзқарастың шеңберінен шыға алмай, қызын малға сатып, қыз байғұстың: «Бар ма екен ата-анадан бауыры қатты, баласын әлпештеген малға сатты..." деп зар жылап жырлауы- XX ғасырдың ең өзекті проблемасы еді. Осылайша өзі қалаған жанға емес, қаламаған адамның етегінен ұстап кетуге мәжбүр болды. Ақыр аяғында бұндай оқиғалар қайғылы жағдаймен аяқталатын болды. ХХ ғасырда бұл қалыпты құбылыс еді. Теңсіздік. Бұл ұғым бай мен кедейдің, ұл мен қыздың аянышты мүшкіл халін көрсететін болды. Қазақ зиялы қауым өкілдері осындай халық арасындағы әділетсіздіктерді көріп, тың жаңаша көзқарастағы еңбектер жаза бастады. М.Дулатов «Бақытсыз Жамал», С.Торайғыров «Қамар сұлу», С.Көбеев «Қалың мал», М.Әуезов «Қорғансыздың күні», Ж.Аймауытов «Ақбілек», «Күнікейдің жазығы» сияқты әйел теңсіздігі тақырыбында романдар жарық көре бастады.
М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамалы» мен С.Торайғыровтың «Қамар сұлуы» қазақ қоғамындағы ескі феодалдық көзқарастағы үстем тап өкілдерінің озбырлығын, әділетсіздігін көрген жастардың аяулы бейнесі көрсетіледі. Өз сйгендеріне қосыла алмай, амалсыз басқаның етегінен ұстауға мәжбүр болады. Жамалдың еріксіз Байжан босағасына келіп Жұманнан қорлық көруі, ақыр соңында боранды күні далада үсіп өледі. Жамалдың бостандыққа деген ұмтылған жолы оны өлімнің суық құшағына жетелеген ызғарлы боран- сол кездегі заманның бүкіл кертартпа кесірлерінің жиынтығы етіп алғандай.
Спандияр Көбеев "Қалың мал" атты романында өзі:" Романда себеп болған негізгі ойдың бірі- роман сияқты қазақ тілінде елдің тұрмыс жағдайынан алынып, көркем шығармалар жазылса, олар xалық арасына неғұрлым көп тараса, ескіліктің, феодалдық әдет-ғұрыптың тамырына балта шабылар еді, еңбекші елдің санасы оянып, мәдениетке талпынар еді деген қорытындыдан туды",- деп жазады.
Мұxтар Әуезов те: "Адамды xайуандықтан адамшылыққа кіргізген- әйел. Адам баласының адамшылық жолындағы таппақ тарақияты әйел xаліне жалғасады. Сол себепті әйелдің басындағы сасық тұман айықпай xалыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды. Ал, қазақ мешел болып қалам демесең, тағлымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзейім десең, әйелдің xалін түзе!" деген.
Қазіргі таңда Қазақстанда үкімет тарапынан әйелдерге барлық мүмкіндікттер жасалуда. Оларды жұмыспен қамту, көпбалалы әйелдерге арнайы жәрдемақылар беру, ерлер тарапынан әйелдерге күш көрсетуді болдырмау сынды жағдайлар жасалып келеді. Сонау бір ғасыр бұрыңғы әйел теңсіздігі мен қазіргі тәуелсіз қоғам әйелдері арасында өсу, прогрес бар. Бірақ ХХ ғасырдағы әйел теңсіздігінің салқын ізі әлі де болса толық жойыла қоймаған сыңайлы. Шағын елді мекендерде қызды қалың мал беріп, сатып алу дәстүрі әлі де бар көрінеді. Жалпы дәстүр болғанда қалың мал қазақтың бұрыннан келе жатқан салты. «Мен ат тон айыбымен қалың мал қайтартпақшы болдым ғой» (С.Көбеев). Құда түсу рәсімі келісілген соң дала заңы бойынша күйеу жағы «қалың мал» төлеуге тиіс. Бұл қазақ, қазақ болғалы бұлжымаған ежелгі дәстүр. Оның мөлшері құдалардың дәрежесі мен дәулетіне сонымен бірге салауаттарына да байланысты екі жақ келісе отырып шешеді. Негізінен қыз қалың мал беретін жақты қинамайды. Бірақ қазіргі кезде қалың малды ақшамен және оны доллармен сұрайтындарда бар. «Қалың мал жоқ болса, қызда жоқ» деп кейбір ата аналар екі жастың бақытын ақшамен, дүниемен өлшеп жатады. Қыз бақытының ақшадан да құнсыз болғаны ма сонда? Қалың малдың көлемі адам махаббатымен өлшенбейтінін ұмытып кетеді.
Жоғарыда айтып өткендей М.Әуезовтың «Адамды хайуандықтан адамшылдыққа кіргізген – әйел» екендігін ұмытпайық. «Алып анадан» демекші, қай заман болса да қыздарымызды, әйел – аналарымызды қадірлеп, құрметтей білейік.
Нұроллаева Ақтілек
Х.Досмұхамедов атындағы АтМУ
2курс студенті