Өлең - адамның дүниетанымын, ішкі сезімін, жан дүниесіндегі құбылыстарды бейнелейтін өнер. Себебі өлең жазушы жүрегінен сыр шертеді, оның адал ойын, өзгеге айта алмаған жан сырын жеткізеді. Қанша ай, қанша жыл өтсе де, өлеңдер ұмытылмақ емес. Қазақ халқы ақындықты Құдайдың берген сыйы деп бағалайды. Сол ерекше дарын иесі - дана Абай. Абай - сыншыл,сыршыл ақын. Абай Құнанбайұлы ақындық өнерді жоғары бағалаған. Сондықтан оның өзіне қойған талаптары да биік. Ақын өлеңдерінде заманның шындығы бейнеленіп, суреттеледі және сынға түседі.
Абай өлеңдері арқылы халықты, өскелең ұрпақты тәрбиелейді. Әр өлеңінен қазақтың болашағы жарқын болуын ойлағаны байқалады. Ақын ел ішіндегі мейірімсіздік пен зорлық-зомбылықты, қатыгездікті, жағымсыз әрекеттерді жазған. Оны "Сабырсыз, арсыз, еріншек..." өлеңінің мына жолдарынан байқаймыз:
Өзін-өзі күндейді
Жақынын жалған міндейді
Ол - арсыздық белгісі.
Бұл өлең шумағында ақын арсыздықтың белгісін айту арқылы одан алыс жүруге шақырады. Ақынның шыншыл болуы көздейтінін байқаймыз:
Өңкей жалған мақтамен
Шынның бетін бояйды.
Ақын "Сегіз аяқ" өлеңінде елді түзету жолын іздеп, еңбек етіп, адал мал табуды үндейді.
Біріңді қазақ, бірің дос,
Көрмесең істің бәрі бос,-деп, елді бірлікке, татулыққа және бауырмал болуға шақырады.
Осы өлеңде халықты тәрбиеге шақыратын афоризмдер де көп кездеседі. Мысалы:
Еңбек қылсаң ерінбей-
Тояды қарның тіленбей,-деп, Абай халықты еңбектің жемісін көруге шақырады. Келесі өлең жолында ойшыл ақын жұрттың қулық пен алдаудан, айлакер болудан алшақ жүргенін қалаған:
Баяғы қулық, бір алдау,
Қысылған жерде - жанжал-дау.
Қорытындылай келе, Абай Құнанбайұлы өз өлеңдері арқылы қазақты тәрбиелейді. Ақын мұралары - әр ұрпақ үшін қасиетті, маңызды. Қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, өз елінің болашағының жарқын болуын ойлаған Абайдың тәрбиемен сусындататын өлеңдерін, асыл қазынамызды қастерлеуіміз керек!