«АБАЙ МҰРАСЫ - ҚАЗАҚТЫҢ ҚАСИЕТТІ ҚАЗЫНАСЫ»

Кез келген ұлттың тарихы мен әдебиетінен орын тепкен ұлы тұлға, кемел ойлы кемеңгерлері бар. Қ. Кулиев өзінің бір сөзінде «орыстар үшін Пушкин, ағылшындар үшін Шекспир, грузиндер үшін Руставели... қандай ұлы құбылыс болса, Абай да қазақтар үшін, сондай теңдесіз құбылыс» деген екен. Ендеше, Абай – қараңғы қазаққа шамшырақтай сәуле төккен ардақты жан. Қамшының сабындай өлшеулі ғұмырын ұлт қамына, оның тұрақты дамуы мен өзі тұрған биікке тартуға арнаған сұңғыла сауат иесінің мұрасы -күні бүгінге дейін маңызын жоймаған рухани қазына.

Жалпы, ақындық өнер – еріккеннің ермегі емес, ол - қоғамды түзетуші күш. Иә, бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ емес пе? Теңізден сүзген маржандай, құрыштан соққан қанжардай болған Абай мұрасы, оның қаламынан шыққан дүниелер де күллі қазақты дұрыс жолға салуға, дұрыс өмір сүруге баулуға бағытталған. Әр өлеңінің ойы терең, тәлімдік мәні күшті, тілі орамды болған ақынның негізгі ойы қараңғы қазақтың көкірегінде сөніп жатқан шырағын жағу, намысын қайрау болды. Халқымыздың бойындағы кемшіліктерді тілге тиек ете отырып, оларды барынша сығып, сынап алғанына қарамастан, ол қазақты «жақсыдан кем көріп, жаманмен тең көрген» жоқ. Керісінше, қоғамның ащы шындығын ашына сөз еткен «Сегізаяқ» өлеңінде айтқандай, жаны ашып, қабырғасы қайысып, жұртты білім-ғылым меңгеруге, «адал еңбек, мал таппақ, жұртқа жақпаққа» шақырды. Яғни, жақсылық жасады. Ол не? Жақсылық жасау – адасып жүргенді дұрыс жолға салу. Өз жолын таңдауға ықпал ету. Қазаққа шын жанашыр адам болса, Абайдай-ақ болсын! Абай қазақтың болмысын әлемдік аренада профессионал қазақ ретінде көргісі келді. Ол орыстың ілімін үйренуге шақырды. Неге? Орыс және өзге ұлт өкілдерімен тереземіз тең болып, олардан үйренген білім мен ғылымды игілігімізге пайдаланып, елдің әл-ауқатын көтеру үшін.

Емен ағашы, ия, кәдімгі емен ағашы – діңі жуан әрі мықты, биік болып өсетін ағаш. 800-1000 жылға дейін өмір сүреді және биіктігіне қарай жайылып өседі. Гүлі де, жапырағы да әдемі болады. Қазақта «ағаштың берігі- емен, осалы- қарағай» деген сөз бар. Абай атамыз да дәл осы емен ағашындай. Ол бізден әлдеқайда биік, әлдеқайда берік, әлдеқайда ірі тұлға. Емен 20-50 жылда гүлдеп, жеміс берсе, Абай Құнанбайұлының да гүлі мен жапырағының сұлулығы жарты ғасырлық мерзімнен кейін халықтың көзіне ілінді. Емен де алып, Абай да алып. Алыптардың жасы ғасырлармен өлшенеді. Демек, кезінде егілген емен мен жарты ғасыр бұрын қалдырылған Абай мұрасы жылдап, ғасырлап өзінің маңызын, болмысы мен қасиетін жоғалтпақ емес. Керісінше, уақыт өткен сайын діңгегі қатайып, жуандалып, бұтақтары кеңге жайылып, жаңа қырлары ашылып, келешек ұрпаққа қамқор болардай, жол сілтердей аса биіктей бермек.

Ақылдың кені болған ақынның мол әдеби мұрасы - тек бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасы. Оның дүниежүзілік мәні өз шығармаларында туған халқының мүддесін, түпкі мақсат-мұратын айқын көрсетуінде. Біз ұлттық сана мен рухани жаңғыру, әлеуметтік әділдіктің символы болған Абай атамыздың есімімен мақтанамыз. Ол кісі қазақ халқының шеңберінен баяғыда шығып кеткен. Шоқтығы биік, мәңгі сөнбес жарық жұлдыз.

Бір айта кететін жайт: Абай Құнанбайұлы «білгеніміз бір тоғыз» болған біздің мақтанымызға зәру емес. Қайта Абайдай тұлғаның ізбасарлары болған біздің асығымыз алшысынан түсті деп айта аламын. Абай бізге емес, біз – Абайға мұқтажбыз. Ақын тұрған зеңгір көкке көтерілу үшін оның созып тұрған көмек қолынан ұстағанымыз жөн. Абай халықты мәдениет пен прогрестік даму жолына бағыттады. Ол қоғам мен өзекжарды ойларын «толғауы тоқсан қызыл тіл» арқылы жеткізуге тырысты. «Тілекке еңбек тірек болмаса, ойға омалып, қырдан аса алмайсың» деген Бауыржан атамыздың айтқан сөзі бар екен. Абайдың айтқысы, жеткізгісі келгені де осы. Халқының мұз қатқан көңілінің түкпіріне сенім, білім, асыл қасиеттен шырақ жағу. Міне, нағыз тағылым аларлық іс. З.Қабдол «Алыстан мұнартқан ұлылық емес, өзіңе жақын тұрған кісіліктің белгісі» деген. Ендеше, Абай атамыз нағыз адам, нағыз азамат, нағыз патриот. Халқы үшін шырылдаған қарлығаш жанды азаматтың бойындағы қазынадай қасиеттеріне күллі адамзат бас июі тиіс. Ол біздің қолымыздан келеді. Абай атамыздың мұрасын дәріптеу, сол арқылы «орынды жерде орынға, олжалы жерде олжаға» кенеліп, бүкіл әлем халқын адам болуға шақырсақ, нағыз қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болар еді.

Абай – өз заманының сұңқары. Ол - өзі асуға тиіс асулардан асып, белестерді бағындырып, биік шыңдарды еңсерген ұлы тұлға, тұтас ұлт тәрбиесінің жанашыры болған кемеңгер, өлең-сөз жауһарының шырағын жаға білген шебер. Ал, бізге істеуге тиіс міндет - өткеннен сабақ, тарихтан тағылым ала отырып, «қазақ халқының рухани бастауы, қайнар көзі, кәусар бұлағы болған» Абай мұрасын оқу. Жүрегіміздегі иман шырағын жағып, дүниенің кетігін тауып қалану.



Бөлісу: