Қасиетті қазақ даласы талай ұлы тұлғаларды дүниеге алып келген. Солардың бірі әрі бірегейі, Мағжан Жұмабаев айтқандай, бір сөзі мың жыл жүрсе де дәмі кетпеген шын хакім -Абай Құнанбайұлы. Хакімнің күллі шығармалары ұлтымыздың рухани мұрасы болып саналатындығы даусыз. Неліктен біз ұлттық рухани байлығымыз жөнінде сөз қозғағанда, Абай туындыларымен сабақтастырып қараймыз?
Ең алдымен, елдің мұңын, әлеуметтік жағдайын жанашырлықпен жырына арқау етіп, шенді-шекпенділерге, билік өкілдеріне сын айтуы. Олардың жағымсыз қасиеттерін бейнелей отырып, ащы шындықпен жырлауы.
Ақын өзінің «Болыс болдым мінеки» өлеңінде :
Болыс болдым мінеки,
Бар малымды шығындап...
Сөйтсе-дағы елімді
Ұстай алмадым мығымдап.
Күштілерім сөз айтса,
Бас изеймін шыбындап..., - дейді.
Болыстың өзін кейіпкер етіп, өз аузымен өзінің бойындағы бүкіл болмысын, мінез-құлқын сипаттап көрсетеді.
Сондай-ақ, тек қана билік өкілдері ғана емес, жалпы пенделердің бойындағы келеңсіз мінездерге ашынады.
...Қайнайды қаның,
Ашиды жаның,
Мінездерін көргенде. (Абай «Сегіз аяқ» өлеңі)
Әрине, Абай бейнелеген болыстың бойындағы қасиеттер қазіргі ел ағаларының бойында кездеспейді деп ойлаймын. Дегенмен, көшбасшы аға- апаларымыз бен кейінгі жас ұрпақты бұндай қылықтардан аулақ болуға үндейтін өлеңнің өміршеңдігін ешкім жоққа шығара алмайды.
Сонымен қатар, адамгершілік қасиеттерге баулитын, жалқаулықтан ада болып, жамандықтан жиреніп, жақсылыққа ұмтылуға, еңбек етуге, бірлікке, ынтымаққа шақыратын, адал болуға насихаттайтын өлеңдерінің құндылығы зор.
Осы орайда, ақын «Сегіз аяқ» өлеңінде :
...Орынсыз ыржаң,
Болымсыз қылжаң
Бола ма дәулет, нәсіп бұл?
Еңбек қылсаң ерінбей –
Тояды қарның тіленбей...
...Біріңді қазақ, бірің дос
Көрмесең, істің бәрі бос, - деп, қазақ халқына орынсыз ыржаңның , болымсыз қылжаңның адамға абырой әпермейтінін, еңбек пен бірлік арқылы ғана «нағыз адам» болып өмір сүруге жетелейтінін көрсетеді.
Бұл айтылған дана ойлар біз сияқты жастардың санасында жатталып қалуы тиіс. Өйткені біз өз армандарымызға, мақсатымызға тек қана адамгершілік тұрғысынан ғана қол жеткізе аламыз. Ұлттық құндылықтарды бойымызға қалыптастыруда Абай мұрасының шоқтығы биік.
Президентіміз Қасым – Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында:
«... Ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына бейімдеу мемлекеттік маңызы бар мәселеге айналды. Өйткені сананы жаңғырту арқылы ХХІ ғасырда еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашамыз.
Осы орайда, Абай мұрасының тигізер пайдасы зор деп есептеймін. Ұлы ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық бола алады», - деген болатын.
Президентіміздің хакім Абайға берген бағасы қазақтың әдебиеті мен мәдениеті Абай мұрасы арқылы әлемге танылып, дамыған елдермен иық теңестіруге қадам жасайтынын көрсетеді.
Сөзімді қорытындылай келе, ұлы тұлғаның туындыларында айтылған ойлардың маңыздылығын баса айтқым келеді. Ақынның шығармаларын оқи отырып, өзімізді тәрбиелейміз. Яғни, тәрбиеге негізделген өлеңдері мен қара сөздері арқылы рухани азық жинап, бой түзейміз. Абай шығармалары - иісі қазақ баласы үшін өшпес мұра.
Кино&медиа мамандығының 1 курс студенті
Бақберген Нұрай