WHATEVER YOU THINKING, THINK BIG

WHATEVER YOU THINKING, THINK BIG
жеке
блог

Ағылшын курсы барысында студенттерге стандартты емес тапсырмалар беруге тырысамын. Жалықтыратын жаттығулар емес, ой өрісін дамытып, елден ерек ойлауға бағыттайтын тақырыптарда эссе жазу тиімдірек деп білемін.

Соңғы сабақтардың бірінде мынадай тапсырма болды:

What do you think what changes in you after ten years?

Студенттердің біршама бөлігі екі ойлы жауап береді. "Жеке бизнес ашамын немесе белгілі бір компанияға жұмыс істеймін" дейді. Болашақтағы осы ойларына 40-50 пайыз сеніммен қарайды екен. Демек бұл өз болашағы туралы аз ойлайды деген сөз.

Расында, егер күнде болашағың туралы жарты сағат ойға бататын болсаң, бірінші күнгі ойларың мен екінші күнгісі бір-біріне ұқсамайтынын байқауға болады. Ал үрдісті минимум бір жыл жалғастырсаң, басыңда миниммум 365 түрлі ой болады. Соның ең тиімдісін таңдап, бизнес идея ретінде пайдалануға болады.

Жетінші сыныпта оқып жүрген кезімде Николай Носовтың Незнайканың Күн қаласына саяхаты жайлы кітабын оқыған едім. Сол кітапта бір ғалымның ойы бала тілімен жазылады.

Қаланың агромәдениетін дамытумен айналысатын зерттеуші он жылда қарбыздың ең дәмді сұрыбына қол жеткізген. Бастапқыда, ол өзімен-өзі өскен жабайы қарбыз тұқымын алып, өз агрозонасында егеді. Піскен қарбыздардың ішінен дәмдірегін таңдап, соның тұқымын келесі жылға сақтап қояды. Ендігі жылы тағы солай егіп, сол жылғы ең дәмдісінен тұқым алады. Осылай он жыл дегенде, Күн қаласындағы ең дәмді қарбыз тұқымын алған екен.

Бизнесте де сондай! Ойыңдағы бизнес идея сұрыпталуы керек. Өзіңе тиімдісін, яғни ең дәмдісін таңдап, табыс көру мақсатымен дамыту керек.