Абай мен ХІІ ғасыр қазақ жастары 


 
«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін, 
Жоқ-барды, ертегіні термек үшін. 
          Көкірегі сезімді, тілі орамды, 
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін. 
Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар, 
Көңілінің көзі ашық, сергек үшін. 
...Әсіре қызыл емес деп жиренбеңіз, 
Түбі терең сөз артық, бір байқарсыз.» 
Абай Құнанбайұлы 
  ХХІ ғасыр түрлі жаңашылдықтарға толы. Сан алуан мүмкіндіктер мен ақпарат көздері: ғаламтор, ұялы телефон, компьютерлердің түр-түрі, планшеттер секілді гаджеттер - бәрі-бәрі қос алақандарымызда. Алайда, бұлардың қолжетімділігнің салдары ылғи оң бола бермейді. Заманауи технологиялардың адам баласының тәніне, физикалық белсенділігіне, сезімдеріне, ойлау және есте сақтау қабілетіне, шынайы өмірмен байланысына әсері мол. Әсіресе, өкінішке орай, соңғысымен замандастарым байланысын жиірек жоғалтатынын байқадым. Өскелең ұрпақ өзінің өмірде жан-жақты даму мүмкіндіктерін виртуалды әлемдегі сағаттарға айырбастап, адами қарым-қатынастан қол үзуде. Уақыт өте келе, олар көз өткірлігінен, ой ұшқырлығынан, тік жүріп, тік отырудан қалып, оқу үлгерімінің төмендеуіне келіп соқтығады. Байқағаныңыздай, дабыл соғарлық жағдай. Ендеше, болашағымызды құтқаруымыз керек. 
  Меніңше, бұл өскелең ұрпақ үшін рухани пір бола алатын тұлға керек. Мұндай тұлғаны өз кітап сөрелерімізден табуымызға болады. Ол – Абай және оның бізге қалдырған мұрасы. 
  Биыл ұлы ойшыл әрі сыншыл ақынның туылғанына 175 жыл толды. Осы мерейтой қарсаңында данышпанның бізге қалдырған мирасын дәріптеу және насихаттау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олардың қазір көздегені мен Абай Құнанбайұлының кезінде көздегені – бір. 
  Бір жарым ғасырдай уақыт бұрын Ұлы Дала данасы Абай атамыз да өз заманының қазақтары үшін соншалықты алаңдаулы болған. Оның өлеңдері мен қара сөздеріндегі тәлім мен нақыл бір емес, шексіз көп буын қазақтарын тәрбиелеу үшін жетеді. Абай өз өлеңдерін бір жерге сақтап, жинамаған, қайта, керісінше деуге болады: жазған туындыларын өнеге етіп барша жұртқа таратқан, ал жұрт балалары өлеңдерді жаттап, ойына даналық бітірген.  
  Менің де замандастарым Абай тәрбиесін көрсе, жоғарыда атап қана өтілген кеселдерден біршама аулақ болар еді деген ой еріксіз пайда болды. 
  Бірақ өзім сұхбаттасқан жасөспірімдер қатары менің «Абай сөздерін өмірдің сынға түсер қиын сәттерінде құтқаратын ғұмырлық ұраның ете алар ма едіңдер?» деген сұрағыма «О заман мен бұ заман мәселелері екі түрлі; бұл заман құндылықтары басқа болса, бұрынғы заман нақылдарын біз өзіміз үшін шешім ретінде қарастыра аламыз ба?», - деп тура сауалмен жауап қатты.   
  Меніңше, қоршаған дүние мен қоғам құрылысы қаншалықты өзгерсе де, адамның жан дүниесі оншалықты өзгере қойған жоқ, сондықтан құрдастарымның сұрағына жауапты қазақтың бас сыншысының ұлағатты сөздерінің өзінен іздедім. 
  Қазіргі заман жасөспірімдерінің сағы қиындық туған сәтте сынғыш келетінін, ал қызық келсе, ақылына емес, көңіліне еретінін байқадым. Бұл – рухани әлсіздікке апарар жол. Ал Абай бұл жөнінде мына жолдарды қалдырып кеткен болатын: 
«Қайғы келсе, қарсы тұр, құлай берме, 
Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме. 
Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде, 
Сонан тапқан – шын асыл, тастай көрме». 
  Жазылған өлең  – айғақты сөздер. Және егер жүрегімізге дара тұлғаның бұл сөздерін орналастырар болсақ, шынымен де, жүрек түбінен тапқанымыз шын асыл болып шығады. Ал мен Абайдың жаны жас қазақтың жанына жат емес, жақын, тіпті, сонымен біртұтас деп сенемін. 
  Дананың даңғыл жолы – бізге үлгі. Қорытындылай келе, Абай тағылымын санасына сіңіргеннің бойына, қандай дүлей болса да, жат қылық пен кеселді ойлар сіңбейді деген шешімге келдім. 
  Абайдың сөздері – қазақтың бойтұмары. Абайдың өзі – нағыз қазақтың пір тұтары. 

 

 

*Фотосурет www.sputnik.kz парақшасынан жүктеп алынды.



Бөлісу: