Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ағымдағы жылғы 31 қаңтар күні «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекелестікке қабілеттілік» атты Қазақстан халқына арн

2017 жылғы 1 ақпан күні Қазақстан Республикасы Бейбітшілік және келісім музейінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ағымдағы жылғы 31 қаңтар күні «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекелестікке қабілеттілік» атты Қазақстан халқына арнайы жариялаған Жолдауына орай сараптамалық талқылау бойынша кездесу өтті.
Талқылауға Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің ғылым жөніндегі орынбасары Жәкен Таймағанбетов, Халық қазынасы институтының басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Ақан Оңғар, саясаттану ғылымының докторы, профессор Наубат Қалиев, ҚР Ұлттық мұрағат басшысы Марат Әбсеметов, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істер комитетінің Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы директорының кеңесшісі Аманбек Мұқашев, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының халықаралық бөлімінің басшысы, «Нұр Отан» ХДП-ның «Мәдениет» бастауыш партия ұйымы төрағасының орынбасары Серік Ахметжанов, PhD докторы Елдос Мәртенов және Бейбітшілік және келісім музейінің қызметкерлері қатысты.

Сараптамалық талқылаудың алғашқы сөз кезегін алған Қазақстан Республикасы Бейбітшілік және келісім музейі директорының орынбасары: Е.Б.Асқарбеков: Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында жаңару мен жаңғырудың даңғыл жолына түскен Қазақстан ширек ғасырдың ішінде бүкіл әлемге қуатты, дамыған, ынтымағы жарасып, ырысы артқан мемлекет ретінде танылды. Ендігі кезекте әрбір қазақстандық осы береке-бірлік пен саяси тұрақтылықты одан әрі нығайтып, еліміздің іргесін бекіте түсуі қажет. Осыған барлығымыз әрі қарай өз қолдауымызды білдіреміз деген сенімдемін, - деп өз ойын білдіре отырып, Жаңғырту жолдарына басымдық берген бұл мәлімдеменің мәні мен маңызы Қазақстан халқы үшін аса маңызды екендігін тілге тиек етті. 

ҚР Ұлттық музейінің ғылыми істер жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, академик – Жәкен Таймағанбетов: «Елбасының Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігін нығайту жолындағы өлшеусіз еңбегінің нәтижелерін көріп отырмыз. Сонымен қатар, еліміздің жаңғыруының үшінші жолында бәсекелестікке қабілеттілікті арттыруға басымдылық беруі алға қойған мақсаттарымызды айқындап берді. Елбасы жолдауына жеке-жеке тоқталып, ерекшеліктерін атап өте отырып, алдағы уақытта жетістектерге жету үшін қоғам болып атсалысуымыз керек», - деп атап өтті.

Келесі сөз кезегін алған ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істер комитетінің Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы директорының кеңесшісі – Аманбек Мұқашев: «Еліміздің үшінші жаңғыру жолы бәрімізге мазмұны салмақты ой салды. Яғни қазіргі заман талабына сай парламенттік, үкіметтік құрылымдық бағытта даму қоғамға арналып отыр. Бұл көптеген заңнамалардың жетілуіне және ізгіленуіне мүмкіндік береді. Дін мәселесі туралы айтар болсақ, Елбасымыз атап айтқандай: терроризмнің белең алуына жол бермеу, әсіресе әлеуметтік желілерде олардың жолына тосқауыл қою керек деп баса айтқандығын» алға тартты. 


Сараптамалық талдауда өз пікірін білдірген тарих ғылымдарының докторы, профессор – Марат Әбсеметов: «өздеріңіз көріп отырғандай Елбасымыз Жолдауының төртінші басымдығындағы ана тілімізге, тәлім-тәрбиемізге, мәдениетімізге деген терең ой салатын жолдарын атап өте отырып, байлығымыз болып табылатын рухани ұлттық құндылықтарымызды сақтау туралы ұсыныстарын білдірді. Елбасымыздың көрегендігінің арқасында көптеген мәселелер өз шешімін табуда. Бұл жолдау әрі қарай күрделі мәселелердің шешімін табуға бастау болатын кешенді жаңару. Келешекте Елбасы жолдауы іс жүзінде өз нәтижесін беретіндігіне сенімім мол», - деп сөзін аяқтады. 


Сараптамалық талқылаудың нәтижесі бойынша Елбасы Жолдауының негізгі мақсаты IT технологияны дамыту, Астана қаласында өтетін халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінің маңыздылығы және жаңа жұмыс орындарының ашылуы мен бизнес орталықтарының дамуы басты бағыттарды болып табылады деген пікір қалыптасты.

Бейбітшілік және келісім музейі
ғылыми қызметкері                                                                                     Дәмежан Елемесова



Бөлісу: