1937 ЖЫЛҒЫ ҚАЗАҚ КСР-НІҢ КОНСТИТУЦИЯСЫ

               Қазақ елі Ресейдің отарында болғанменде Мемлекет және құқық теориясында мемлекеттану мен құқықтанудың негізгі категориялары мен түсініктері қарасты­рылған болатын.  ХХ ғасырдың 1930 жылдарының орта шенінде КСРО көлемінде аса күрделі саяси өзгерістер болды. Капитализмнен социализмге өтетін өтпелі кезең аяқталып, социалистік қоғамдық қатынастар біржола орнықты деп есептелді. Бұл индустрияландыру, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру және мәдени төңкерістің нәтижесі еді. Бұдан былай адамды адамның қанауы жойылды деп саналды. Осындай түбегейлі саяси-әлеуметтік өзгерістер КСРО Конституциясын өзгертуге (яғни, жаңартуға) негіз болды. Сөйтіп 1936 жылдың 5 желтоқсанында КСРО-ның жаңа Конституциясы қабылданды. Бұл құжаттың еліміз үшін маңызы сонда, Қазақ Автономиялы Республикасына Одақтық республика мәртебесі берілді. Бұл мемлекетіміздің болашақ тәуелсіздігіне маңызды қадамдар жасалды.

             Алайда 1937 жылдың 26 наурызында Бүкіл қазақ Кеңестерінің Х төтенше съезінде Қазақ КСР-нің Конституциясы қабылданды. Конституция 11 тарауға топтастырылған 125 баптан құралды. 1-тарауда қоғамдық құрылыс анықталды. Мұнда ҚазКСР-і жұмысшылар мен шаруалардың социалистік мемлекеті деп көрсетілді (1-бап). ҚазКСР-нің саяси негізі ретінде еңбекші депутаттардың кеңестері бекітілді (2-бап). Ал елдің экономикалық негізін социалистік-шаруашылық жүйе мен социалистік меншіктегі өндіріс құрал-саймандары құрады (4-бап). Социалистік меншік мемлекет меншігі мен ұжымшардың (колхоз) кооперативтік меншігі нысанында болды. Сонымен қатар азаматтардың жеке бас қажетіне жарататын өзіндік меншігі де мойындалды. Социалистік шаруашылық мемлекеттік жоспар бойынша дамып отыратындығы айқындалды.

            Сонымен қатар еңбек ету әрбір азаматтың абыройлы борышы (міндеті) деп көрсетіліп, “Еңбек етпеген – ішіп-жемейді”, “Әркім икеміне қарай, әркімге қажетіне қарай” деген қағидалар Негізгі Заңға енді. 2-тарау “Мемлекеттік құрылыс” деп аталды. Бұл тараудың 13-бабында: “Қазақ КСР-і экономикалық, саяси, қорғаныс және өзара көмек көрсету мәселелерін жүзеге асыру үшін” басқа да одақтас республикалармен бірігіп (ортақ мақсат) отырғандығы тайға таңба басқандай бекітілді. Осыған орай Қазақ КСР КСРО атынан басқаратын жоғары өкімет органдары мен мемлекеттік басқару органдары аталған мақсаттарды қамтамасыз етеді (КСРО Конституциясы 14-бап).

                КСРО Конституциясының 14-бабында аталған мәселелерден басқасын жүзеге асыруда ҚазКСР өз алдына егемендігін толықтай сақтап, мемлекеттік билікті өз бетімен іске асырады деп көрсетілді. Сөйтіп, ҚазКСР егемендігінің бір бөлігін КСРО атаулы одақтық мемлекетке беріп, қалған құқықтарын толықтай пайдалануға мүмкіндік алды. Қазақстан аумағы сол кездегі заңға сәйкес бас-аяғы 8 облыстан құралды. Қазақстан аумағын ҚазКСР келісімінсіз өзгертуге болмайтындығы жазылды. 15-бапта ҚазКСР-нің одақ құрамынан еркін шығып кету құқығы бекітілді. Конституцияның 19-бабында ҚазКСР құзыретіне кіретін барлығы 25 тармақтан мәселелер тізбектелді. Олардың ішінде:    - Конституцияны бекіту және оның орындалуын қадағалау;

         - Заңдар шығару;

        - Халық шаруашылығының жоспарын белгілеу;

        - Млекет бюджетін бекіту;

        - Жергілікті салықтар мен алымдарды, басқа да кіріс-шығыстарды белгілеу;

        - Көлік қатынасы, жол салу, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдени ағарту, спорт пен дене тәрбиесі, сауда-саттық, жергілікті өндіріс, үй құрылысы, коммуналдық шаруашылық, қала көркейту істеріне басшылық жасау;

         - Сот органдарын ұйымдастыру;

         - Азаматтық құқықтар беру;

         - Рақымшылық және кешірім жасау.

            Сондай-ақ бұдан басқа мәселелер одақтық басқару құзыретіне берілді. Негізгі Заңның ІІІ-тарауында мемлекеттік өкімет билігінің жоғары органдарының құқықтық мәртебесі белгіленген. Биліктің жоғарғы органы – ҚазКСР-ның Жоғарғы Кеңесі. Кеңестердің бүкілқазақтық сиездері атаулы орган жойылды. Жоғарғы кеңес бірден-бір заң шығару органы болды. Жоғары Кеңес құрамына депутаттар 4-жылға сайланды. Кеңес жұмысы сессия түрінде жылына 2 рет шақырылатын. Сессия аралық уақытта Кеңес жұмысын оның Президиумы жүргізді. Жоғарғы Кеңес депутаттарының және комиссияларының құқықтық мәртебесі Негізгі Заңда айқындалды.

             ІҮ тарауда мемлекеттік басқару органдары белгіленді. Мемлекеттік биліктің атқарушы органы ҚазКСР ХалКомКеңесі (халықтық комиссарлар кеңесі) болды. Бұл орган республика үкіметі болып табылды. Үкімет Жоғарғы Кеңес алдында (сессия аралық уақытта Президиум алдында) жауапты және есеп болды. ҚазКСР ХалКомКеңесінің құқықтық мәртебесі Негізгі Заңның 43-бабында көрсетілді. Оның құзыреті, атап айтқанда. Олар:

          - Халық шаруашылығы жоспарын іске асыру жөнінде шара қолданады;

          - КазКСР-нің мемлекеттік бюджеті мен жергілікті бюджетін іске асыру жөнінде шара қолданады;

         - Қоғам тәртібін камтамасыз ету, мемлекет мүддесін қорғау және азаматтардың құқығын қорғау жөнінде шаралар қолданады;

         - Облыстық кеңестердің атқару комитеттерінің жұмысына басшылық жасайды, тексереді;

         - Халқкомкеңес жанынан арнайы комитеттер мен жоғарғы басқармалар құрады. Халкомкеңесті Жоғарғы Кеңес құрады, оның кұрамына төраға, оның орынбасарлары, мемлекеттік жоспарлау комиссиясының төрағасы, халық комиссарлары, одақтық халкомкеңес өкілдері кірді. Мемлекеттік басқарудың салаларына халық комиссарлары басшылық етті. Халық комиссариаттары одақтық-республикалық және республикалық болып бөлінді. Одақтық республикалык, халкоматтар республика халкомкеңесіне және тиісті одақтық халкоматқа бағынды. Негізінен соңғысына көбірек бағынды. Республикалық халкоматтар ҚазКСР халкомкеңесіне бағынды. Одақтық-республикалық халкоматтардың саны конституция бойынша 10 болса, республикалық халкоматтардың саны 4 қана болды. Бұл Қазақстанның егемендігінің көп бөлігінің одақтық органдарға беріліп кеткендігінің көрінісі. Мемлекеттік басқарудың жетекші салалары түгелдей одақтық органдардың қолына шоғырланды.

           V тарау мемлекеттік өкімет билігінің жергілікті органдарын анықтады. Оларға екі жылға сайланған облыстық, округтік, аудандық қалалық поселкелік, ауылдық, кыстақтық еңбекшілер депуттары кеңестері жатты. Негізгі заң жергілікті кеңестердің билігін, құрылымының, жұмыс тәртібі мен құқықтарын белгіледі. Республикалық бюджеттің мәселелері 5 - тарауда каралды. Сот және прокуратураға VII тарау арналды. Сот жүйесі КазКСР Жоғарғы сотынан, облыстық, округтік соттардан, КСРО Жоғарғы Кеңесі құрған КСРО-ның дербес соттарынан, халық соттарынан тұрды. (8З-бап). Заңда әдейі айтылған реттерде болмаса, барлық соттарда іс халық заседательдерінің катысуымен қаралды.

               Дегенменде Жоғарғы сот органы Жоғарғы сотты ҚазКСР Жоғары Кеңесі 5 жылға сайлады. Ол барлық соттарға бақылау міндетін атқарды. Облыстық, округтік соттарды облыстық, округтік кеңестер бес жылға сайлады. Халық соттарын аудан азаматтары 3 жылға сайлады. Конституцияның 89-бабында сот ісі қазақ тілінде жүргізіледі, халық көпшілік болса басқа тілде де жүргізіледі деп көрестілді. 91-бапта судьялар тек заңға бағынады деп атап өтілді. Заңдардың мүлтіксіз орындалуын қадағалайтын сң жоғарғы бақылаушылық орган КСРО прокуроры және ҚазКСР прокуроры болды. КазКСР прокурорын, облыстар прокурорын КСРО прокуроры 5 жылға тағайындады. Округтер, аудандар, қалалар прокурорларын ҚазКСР прокуроры КСРО прокурорының бекітуі арқылы 5 жылға тағайындады. Прокурорлар жергілікті органдардың ықпалында болмай, тек КСРО прокурорына бағынды.

          Азаматтардың негізгі құқықтары мен міндеттеріне VIII тарау арналды. 96-бапта азаматтардың еңбек етуге, яғни еңбегінің саны мен сапасына лайық ақысы бар кепілді жұмыс алуға құқығы бар екендігі айтылды. Демалу кұқығы бекітіліп, жұмысшылардың басым көпшілігі үшін жұмыс күні 7 сағатқа түсірілді. Қартайғанда және ауырғанда берілетін жәрдем алу құқығы мемлекет есебінен камтамасыз етілді. Білім алу құқығы жаппай тегін, жоғарғы мектепте стипендия алу арқылы қамтамасыз етілді. Ұлттардың теңдігі бұлжымайтын заң ретінде бекітілді. Сондай-ақ азаматтарға сөз, баспасөз, жиналыс, шеру, демократия, ождан, қоғамдық ұйымдар құру бостандығы берілді.

          104-бапта коммунистік партияның өте белсенді, аса саналы азаматтардың ұйымы, мемлекеттік ұйымдардың жетекші ұйытқысы екендігі заңдастырылды. Соттың қаулысынсыз немесе прокурордың санкциясынсыз ешкім қамауға алынбайды. Сонымен қатар азаматтардың басқа құқықтары мен міндеттері де көрсетілді. Конституция бойынша сайлау жүйесіне үлкен өзгерістер ендірілді.

          Бұған дейін сайлау және сайлану құқығынан айырылған азаматтарға сайлау құқығы беріліп, сайлау жалпыға бірдей болды. 18-ге жеткен барлық азаматтар ешқандай белгісіне қарамай, сайлау және сайлану құқығына ие болды. Қорыта келгенде, барлық дәрежедегі кеңестерді сайлау тек төте және жасырын жолмен жүрді. Әр дәрежедегі кеңеске депутат сайлайтын сайлаушылардың саны да көрсетілді. Мәселен, облыстық кеңеске 4 мың мен 8 мың адам 1 депутат, округтік кеңеске 2000 адам 1 депутат сайлады. Негізгі заң Мемлекеттік Елтаңбаны, Туын және астанасын белгіледі. 1937 жылғы Конституция 40 жылға жуық қызмет етті. Елдің экономикасы, мәдениеті мен саяси-құқықтық дамуына үлкен әсер етті. Бірақ тоталитарлық коғамда оның адам құқықтарына қатысты нормалары аяқ асты етіліп, миллиондаған адамдар қуғын-сүргіннің құрбаны болғандығы ел есінде.

 

1- курс студенті Е.Д.Биғалиев

Әл-фараби атындағы ҚазҰУ-нің

аға оқытушысы Ж.М. Арынов



Бөлісу: