Әлде мамандық таңдаудан жаңылдым ба екен..?

Кешегі күннен бастап грант иегерлерінің тізімінен өз аты-жөнін тауып бәз біреуер марқайып жатса, енді бірі сол тізім қатарына іліге алмағаны үшін қамығуда. Олар қазір: "Бұл қалай болды екен? Әлде мамандықтар ретін дұрыс жазбадым ба, бәлкім университет таңдаудан мүлт кеттім ба" деген сан түрлі сұрақтардың жетегінде жүр. 

Қазіргі жастардың осал тұсы - алдына мақсат қоя білмеуінде. "Тисе терекке, тимесе бұтаққа" бірі болмаса, бірі болар деп бір күн үшін ғана өмір сүреді. Бұл бәрімізді қынжылтады. Олардың бойындағы бұл қасиет мамандық таңдауда да осалдылық танытып отыр. 

Бүгінгі таңда еліміз техникалық мамандықтарға көңілді көп бөлуде. Бұл , әрине, елімізге осы саланың тіс қаққан , мықты мамандарының қажет екенін түсіндіруде. Бұдан бөлек, мемлекетіміз төменгі сала мамандарына мұқтаж. Мұны тіпті ел президенті Нұрсұлтан Әбішұлының өзі тілге тиек еткен болатын. Аталмыш мамандықтарды елімізде бар болғаны колледжер алты айдан бір жылға дейінгі мерзімде оқытады. Экономист, заңгер болуды қалайтын қазақ қыз-жігіттері бұл мамандықта оқуды тіпті ар санайды.

Тамыз айы - нағыз науқан кезі. Астық ору, шөп шабудың нағыз қызған уақыты. Қарап отырсақ, бұл жұмыстарды атқаруға тракторшының, комбайншының, механиктың жұмыстары ауадай қажет. Тіпті, шарауашылық қожайындары нағыз науқан кезінде тракторшы таба алмай қалып жатады. Мінеки, бұл мамандыққтарға да сұраныс кәдімгідей жоғары екенін көріп отырмыз! Ал, олардың алар ақыларын айтар болсақ, әжептәуір. Жұмыс қызған кезде оларға деген сұраныс артып, сұрайтын ақшалары да аспандап кетеді. Көбіне, орыстар осындай қызметті атқарып жүреді. Ауылда - трактор, комбайнның тізгінін ұстаса, бұқаралық ақпарат құралдарында - оператор, бейнеинженер, техник сынды жұмыстарда таптырмас мамандар.

Шаштараз бен визажистке той-думанға шашымызды жасатып, бетімізді боятқанымыз үшін кәдімгідей шашыламыз. Бұл да  - бар болғаны алты-ақ ай оқып, тамаша табыс табатын мамандықтардың бірі. Бұл салада да қазақтар аз ұшырасады.

Сөз соңында айтқым келгені әркім көрпесіне қарай көсілегені дұрыс. Бәріміз бірдей прокурор немесе есепші болудың қажеті жоқ. Мектепте жақсы оқып маңдытпағандар, енді университет қабырғасында қатырады дегенге сенбеймін. Ата-анасының қалтасына төрт жыл қатарынан ауыртпалық салғанша, қысқа мерзімде төменгі сатыдағы бір мамандықты (узкая специализация) иегерсе, оның өзі неге тұрады.  Ойланайық, достар, ертең де күн бар...



Бөлісу: