ҰМТЫЛ! БАПТАН! ТАЛАПТАН!

«Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабатын»,-дегендей, бірінің бабы шабатын, бірінің бағы жанатын, енді бірінің қалтасын қағатын ҰБТ-ға бірнеше ғана ай қалды. Атар таңды көзбен атырып, батар күнді оймен батырып, уайымның торына шырмалып, уакыттың тығыздығына қиналып жүрген түлектер қазір қандай жағдайда..? Сол бір күткен ҰБТ барлығын шеше ала ма ?

Сан түлектің санасында сайрап жатқан сансыз сұрақтар...Осы қозғалып жатқан сұрақтар төңірегінде өз ойыммен бөліссем деп, бүгін мен қолыма қалам алдым...

 Біздің өмір жолымызда кездесетін сан түрлі бұралаң бағыттар болса, соның бірі – ҰБТ дер едім. Ол – он бір жыл алған біліміміздің деңгейін көрсететін, үлкен өмірге қадам басуымызға бағыттайтын маңызды сынақ, бірақ ең маңыздысы емес... Күнделікті өмірімізде ҰБТ тапсырмай-ақ көптеген жетістіктіктерге жетіп, биік шыңдарды бағындырып жүргендерді де, сынақ тапсырып аз балл жинаған жандарды да кездестіріп жүреміз. Олар қоғамнан тыс қалып жатыр ма ? Жоқ! Сол үшін де еш нәрседен үміт үзуге болмайды. Әр нәрсе өз орнымен болып жатыр. Осындай жандардың өмірлік тәжірибесінен ҰБТ-ның маңыздылығының жоғары емес екендігін, жауапкершілік, талпыныс, жігер, еңбек секілді асыл құндылықтармен де дараланып, өмірдің әр кезеңінен өтіп, жаңа кезеңге жетуге болатынын аңғарамыз, яғни өмір ағып жатқан асау толқын секілді, толқынға тоқтау болып, ағысқа ере білсең, уақыт бәрін көрсетеді. Ең бастысы, бәрінің жақсы болатынына сенуіміз керек.

Мен де бұған сенемін... Бұл сұрақтар неге мені мазалайды? Себебі, бүгінгі күні мен 11-сынып түлегімін. Уайымдаймын. Қиналамын. Сынақ болатын күн жақындаған сайын көптеген сұрақтар ойыма оралып, мазамды алып, жүрегім тыныштық таппайды. Сынаққа дайындалу барысында төгілген тер мен ерен еңбегімнің, үздіксіз ізденісімнің нәтижелі болғанын, алға қойған арман-мақсаттарымның бір саты болса да орындалғанын қалаймын. Сондай сәттерде « Адамда өзі сенген ісін орындауға жетерлік күш- қайрат болады», - деген Гетенің ұлы сөзін есіме еріксіз түсіріп, жаныма жұбаныш қыламын.

Қазіргі таңда біздің мақсатымыз: жоғары балл, жақсы оқу орны, ата-ана қуанышы, ұстаздар үміті, мектеп абыройы. Міне, осы секілді бізге маңызды дүниелер үшін тырысып жатырмыз...

Сөз соңында замандастарыма айтарым: өмір керемет, болашақ жарқын, армандар орындалады, еңбек ақталады. Оның басты формуласы: ынта+мақсат+еңбек = нәтиже.

Сәт сапар, Жас түлек! 



Бөлісу: