Мені алда не күтеді?

Мені алда не күтеді? Шыны керек, бұл сұраққа аса көп ойлана қоймадым. Қыз бала болып дүниеге келген соң, ана болу, жар болу бақыты күтіп тұрғаны айдан анық. Болашақта өзге үйдің түтінін тұтатып, отымен кіріп, күлімен шығатын өзге әулеттің келіні атанып, бағып, баптап өсірген ата-анаңнан жырақ кету пешенемізге жазылған екен.

Гендерлік саясат дейміз, әйел мен ер адамның теңдігі дейміз, ал сол теңдік бізге расында керек пе? Біздің табиғатымыз бөлек жаратылған, соған қарай белгілі бір міндеттер жүктелген, соларды орындау арқылы ғана әлемде үйлесімділік сақталады. Бұл сөзім әйел баласы үйде отыруы керек, оқымауы керек деген сөз емес. Оқуы керек, жоғарғы білімді болуы керек, тек ер адаммен жарысқа түсу үшін емес, саналы, білімді ұрпақ тәрбиелеу үшін.

Еліміздегі бетке ұстар университеттің шәкірті бола тұра, еліміздің дамуына үлес қосуды, елімді әлемге танытатын жаңалық ашуды, әлемдегі ең үздік математиктердің қатарында болуды армандамайтыным мені оқытып жатқан Отанымның азаматы ретінде маған сын, әрине.

Алайда, менің тәрбием, болмысым  батыстық менталитет дәріптейтін Маргарет Тетчер немесе бүгінгі күннің Ангела Меркелі болуды қаламайды.  Абайдай ұлы тұлғаны дүниеге әкелген Ұлжан анамызды, Шоқанды тәрбиелеген Айғаным апамызды, бүгінде еліміздің көсегесін көгертіп отырған елбасымызға дүниенің жарығын сыйлаған Әлжан анамызды, әдебиеттен Джейн Эйрді емес, Ғабекеңнің Ұлпанын үлгі тұтуымның несі айып?!

Осындай тек еліміздің емес, дүниежүзі тарихында ойып тұрып орын қалдырған азаматтарды дүниеге әкелген алтын құрсақ аналарымыз қаншама! Бұл көптің тағдырына жазылмаса керек. Әйткенмен, елім дейтін, Отанына адал қызмет қылып, бір кірпіші болып қаланатын, тілін, дінін, ділін, салт-дәстүрін қадірлейтін саналы ұрпақты тәрбиелеп өсіру әр қазақтың қызына парыз.

Қыз баласы тұрмысқа шыққанда өз әулетінің елшісі болып барады, ол – әулетінің ары, намысы. Дүниеге бала әкелу арқылы екі әулеттің де толық мүшесіне айналып, жалғастырушы көпірге айналады. Бұл үлкен жауапкершілік. Тамақ пісіріп, балаға қарау үшін көп ақылдың қажеті жоқ дейтіндерді тым таяз ойлайды деп санаймын. Себебі, әйел адам бала тәрбиелеу арқылы ұлтты тәрбиелейді, ана бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді дегені содан.

Сонда жаңағы жауапкершілікті абыроймен атқара алсам, ата-анамның, әулетімнің, Отанымның алдындағы перзенттік парызымды толық орындаған болмаймын ба? Қорытындылай кетсем, өмірлік мақсатым, өз орным - бақытты отбасымның ұйытқысы, ақ жаулықты ана, немерелеріне ертегі оқитын кимешек киген әже болу. 

жазған: R.T.



Бөлісу: