ӘЖЕМНІҢ ЫСТЫҚ БАУЫРСАҒЫ...

ӘЖЕМНІҢ ЫСТЫҚ БАУЫРСАҒЫ...
жеке
блог

Кезекті жұмыс күні. Жұмыс үстелімдегі қағаздар мен компьютерге кезек қарап отырып, түскі астың уақытының келіп қалғанын сезбей қалыппын... Тек әріптесімнің:

- Бәке, тамаққа бармайсыз ба? - деген дауысын естігенде ғана түскі ас уақытының таяп қалғанын ұқтым. Жұмыс үстелімнен бұрылып, самарқау ғана бармайтындығымды ескерттім. Шаршап отырғанымды сезді ме, кім білсін?! Әйтеуір, одан әрі мазалап баруымды өтінген жоқ. Сәл ойланып тұрды да, жалғыз тамақтанып қайтуға бел буды-ау шамасы, үнсіз кабинеттен шығып кетті. Шыны керек, қарыным шұрқырап әкетіп барады, неге екені белгісіз асқа тәбетім жоқ. Бәлкім, себеп: «Жұмыстың, күнделікті күйбің тіршіліктің әсері шығар...» - деп ойладым да, түскі демалысты пайдаланып әлеуметтік желілерге кірдім. Құдайдың құтты күні кіретін ВК-те қазір әр адамның екінші жартысына айналғалы қашан?! Күніне үш уақыт тамақтануды ұмытып кетсек те, үш уақыт ВК-ға кіруді қаза жібермейміз. Сонымен қойшы, не керек, ВК-ның өзім білетін қуыс-қалтарысын, бұрыш-бұрышын, барлық тамыр-танысымның жаңалықтарын қарап отырсам, адамның тәбетін ашып төмендегі суреттің көлбең етіп шыға қалмасы бар ма, одан кейін өткенге үңілгіш жүйрік көңілім балалық шаққа саяхат жасатып жіберді.

...Бала кезім. Түнімен қой күзеткен адамдай, жұмсақ төсекте ары-бері аунап, ұйқының жазасын беріп жатырмын. Негізі ұйқыдан оянғаныма біраз уақыт болған, тек жылы төсегімді суытқым келмей, еркелеп жатқаным болмаса, ұйқының ауылы баяғыда алыстаған. Тұрар, тұрмасымды білмей ойыммен арпалысып жатқанымда, дала жақтан мұрыныма жағымды бір иіс келді. Балықшы балықшыны алыстан таниды дегендей мұрыным да таныс иістің апамның ыстық бауырсағы екендігін ажыратып, дереу санама хабар бере бастады. Сол сәтте бір жылы жұмсақтың хабарын сезгендей қарыным да шұрқырап қоя берді. Бағанағы нәпсінің жеңуімен жылы төсектен тұрғысы келмей жатқан денем, мұрынның бастауымен, қарынның қостауымен еріксіз ноқталанған өгіздей таныс иіс шыққан жаққа дедектей жөнелді. Ойлағанымдай, әжем шекесіндегі әжімі тереңдей түсе, қара қазан, сары бала қамы үшін таң бозынан тұрып бауырсақ пісіруде екен. Шоршыған шортандай алтын түстес бауырсақтар ұйқымның тез ашылып, дереу жуынып келуіме үлкен себепкер болды. 

Әжем де мейірлене қарап, ыстық бауырсақ ұсынған аялы алақанымен жылуын төге басымнан сипады... 

Ойлап отырсам, сол кез нағыз бақытқа толы күндерімнің бірі екен. Қадіріне енді жеттім. Шіркін, ананың ыстық алақанынан, сол қолдармен пісірілген астан артық бұл дүниеде ауқат бар ма екен?!

"Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада" - деп атам қазақ бекер айтпаған-ау... Бәлкім, мен де суреттегі ыстық бауырсақты көрмегенде ауылдағы әжемді еске алмас па едім, кім білсін?! Бірақ, бір білерім, осындай ғазиз жандардың жүрегінің әрдайым "ұрпағым" деп соғып тұратындығы. 

АСЫЛ ӘЖЕМ, АЛЛА ТАҒАЛАДАН БІР ТІЛЕРІМ, ШЫЖЫҒЫМДЫ КӨРСЕТКЕН МЕНІҢ, ҚЫЗЫҒЫМДЫ КӨРГЕНІҢІЗГЕ ДЕЙІН АБЗАЛ ЖҮРЕГІҢІЗ ЫСТЫҚ МАЙДА ӨЗІҢІЗ ПІСІРГЕН БАУЫРСАҚТАЙ БҮЛКІЛДЕУІН ТОҚТАТПАСЫНШЫ...