Бұл жазбаны жазуыма, Анардың «Өзіңмен алыс өлгенше...» жазбасы түрткі болды. Пікір ретінде жазайын дегем, көлемді болған соң блог етіп жариялауды жөн көрдім.
Жалы Анардың осы тектес жазбаларынан өзіме біраз сабақ алып келе жатырмын. Жақсы ой ойлау, күйінбеу, бақытты болу сынды мақсаттарымыздың бір болғандығынан да шығар. Бұл шешімге 2008 жылдары нақты кірісе бастадым. «Мұсылман болу әсте-әсте» демекші, ең бірінші киімдерден бастадым. Гардеробымдағы бүкіл қара түсті және оған жақын түстердің бәрінен құтылуға тырыстым. Оның орнын ақ және ашық түсті киімдермен жаңартып, тіпті қысты күні мандарин немесе шырша болып жүрген кездерім де болған. Бояушы бояушы дегенге сақалын бояса, ал мен шашымды сарыға бояп тастадым. Боқтық, қарғыс, жаман сөздерді мүлде қолданбаймын деп сөз бердім. Бұрындары да айтпайтынмын негізі.
Әрине, әлем тек жағымды жаңалықтардан құралмайды. Жақсысын да жаманын да ұсынады. Қайсысын көргіміз келеді соны көреміз. Мәселен мына суретке қараңыз. Не көрдіңіз?
Сөз жоқ, бірінші қара нүктені байқаған боларсыз.
Жағдайды ушықтырмау үшін өзіміздің тереземізден қарай бермей, өзгенің жағдайына кіріп көру керек шығар.
Сөздің әсері сіз ойлағаннан да күштірек. Аузыңыздан шыққан, ақылыңызға келген әрбір ой сіздің миыңызға жазылып отырады. Осылайша өзіңіздің миыңыз өзіңіз берген тапсырмаларды орындауға көшеді. Енді мұны тәжірибе жүзінде байқап көрелік. Екі топқа бөлінген сөздерді жазамын. Осы сөздері оқи отыра, бойыңызда оянған сезімдерге назар аударыңыз.
Ғашықтық, өмір, күлгін (розовый), мұхит, су, махаббат, бейбітшілік, туыс, бауыр, нан, ақ, аспан. Соғыс, өлім, Әзірейіл, қан, зұлымдық, зорлық, күш көрсету, жек көру, мәйіт, қара, түрме.Бұл екі топтағы сөздердің қайсысын оқыған соң қандай сезім пайда болды? Яғни, жақсы ой ойлай бастағанда сіздің дене мүшеңіз де физиологиялық реакция бере бастайды. Мәселен, жақсы бір нәрсені армандай бастағанда бақыт гормонын шығара бастайсыз. Сәйкесінше төменде тұрған көңіл-күйіңіз көтеріле бастайды. Ал керсінше, жаман нәрсені ойлай бастағанда көңіл-күйіңіз төмендеп, негативті эмоцияға жол беріп аласыз. Ми қиял мен шындықты ажырата алмайды. Сондықтан да ойлаған арман-тілектеріңіздің шындыққа айналуына тікелей адамның өзіне байланысты дейді психологтар.
Дүние менің қолымда болса, мына әлемді түрлі-түске бояп тастағым кеп тұрады. Хе-хе, Әлияның суреттерін де бояп тастағанымның бір сыры осында жатса керек.
P.S: «Жақсы сөз –жарым ырыс», өзімізді тал бесіктен жер бесікке дейін тәрбиелеп өтуіміз керек.