ОЙ ДА КӨП, УАЙЫМ ДА КӨП – ОЙЛАЙ БЕРСЕҢ, ОЙ ДА ЖОҚ, УАЙЫМ ДА ЖОҚ – ОЙНАЙ БЕРСЕҢ...

ОЙ ДА КӨП, УАЙЫМ ДА КӨП – ОЙЛАЙ БЕРСЕҢ, ОЙ ДА ЖОҚ, УАЙЫМ ДА ЖОҚ – ОЙНАЙ БЕРСЕҢ...
жеке
блог

    «Бала - бауыр етің». Өмірдің мәні де, сәні де солар. Теңдесі жоқ байлығы, асыл қазынасы балалары үшін кез келген ата-ана қолынан келгенінше тер төгіп еңбектенеді. Барын да, бәрін де алдына тосады. Тілі шығып, аяғы жүре бастаған сәттен сұраған ойыншығын әперіп мәз қылады. Тұрса да, жатса да ойлайтындары бала. Сүрінсе де, құласа да ұл-қызының көңілін табуға тырысады. Ал бүгінгі балалардың талабы таудай. 3-4 жастағы бүлдіршіндерді әншейін кәмпит беріп алдай алмайсыз. Заманның талабына сай жаңа ойыншықтармен қамтамасыз ету қажет. Алсын, көрсін, ойнасын, білсін. Әрине оған еш қарсылығым жоқ. Бірақ, техниканың қарыштап дамыған сәтінде бала үшін барлық ойыншық бірдей пайдалы емес. Сонымен қатар баланың таңдаған ойыншықтарының біразы денсаулыққа кері әсерін тигізетінін медицина дәлелдеп беруде. Оның үстіне асықты ермек етіп, ағашты атқып мінетін баланың заманы өткен. Жарайды, ол өз алдына бір бөлек тақырып...

    Үлкендер жағына айта кетер тағы бір уәж, сәбилеріңізге ойыншық сатып аларда ойланып жүрсіз бе? Бүгінгі таңда базарларда самсап тұрған сан түрлі ойыншықтар балаңызға зиян келтірмейтініне көзіңіз жетеді ме? Бұған дейін ойланбасаңыз, біле жүргеніңіз дұрыс болар, аса жылтырауыққа қызықпау керек дейді мамандар. Өйткені, соңғы кездері аспан асты елінен шығарыла бастаған қызылды-жасылды ойыншықтар адам өміріне қауіп төндіретіндігі дәлелденуде. Дәлелденіп қана қоймай, көптеген республикалар дабыл қағуда.   

    Халықаралық стандартқа сай келмейтін ойыншықтарда мырыш шамадан тыс асып кеткен. Ал сол мырыш миды зақымдайды екен. Сол секілді, сәбилер мен нәрестелер қолындағы қытайдан шыққан доптар мен қуыршақтар және тағы басқа ойыншықтар құрамында зиянды химиялық заттар: фенол, қорғасын, формальдегид мөлшерден артық. Мұндай химиялық зиянды заттар, яғни фенол, формальдегид теріге тез сіңіп, бала жүйкесіне залалын тигізсе, ауыр металл тұздары: кадмий, қорғасын тыныс алу жолдары мен асқазанға, тіпті созылмалы улануға душар ететін көрінеді. Осыны білген кейбір мемлекеттер өз сөрелерінен қытайлық өнімдерді алып тастау туралы заң бекітіпті. Мұндай елдер қатарында Солтүстік Америка мен Австралия, көрші Ресей Федерациясы бар. Өкінішке орай, өзгелерге керексіз болып қалған бұл бұйымдар біздің елге ағылып келіп жатыр.

    Ойыншық дегеннен шығады соңғы кезде ойнап отырған баланы операция үстелінен бір-ақ шығаратын магнитті ойыншықтар пайда болды. Қауіптісі сол, ойын баласы ұсақ бөлшектерді жұтып қойса, оның өздігінен шыға қоюы екіталай. Магнит атылған оқтай ас қорыту органдарын зақымдайды. Бүлдіршін бір емес, бірнеше магнит жұтса, олар табиғи жолмен жылжудың орнына тартылып, ішектер мен асқазанды бір-біріне қабыстырып тастайды. Дер кезінде ем жасалмаса, қауіпті темір жабысқан жерін тесіп өтеді.

    «Ата-анасы білмегеннен кейін бала жүре береді. Бала ауырғанда ғана шағымданады. Сол кезде ауруханаға әкеледі. Бірақ ол кезде уақыт өтіп кетеді. Ішек тесіліп, асқазан-ішек жолдары іріңді перитонитке айналып кетуі мүмкін»,- дейді дәрігерлер.

    Магнитті шариктерден құралған танымал конструктордың сыртында көбінесе «+3» деген белгі тұрады, алайда шын мәнінде ойыншықтың бұл түрі 14 жастан асқан жасөспірімдерге арналған. Әдетте балалар конструкторды тісімен шешпекші болып бірнеше шарға дейін жұтып қояды. Ал ішке түскен бұл зат ішекті зақымдайды.

    Иә, көзі қысық, өзі пысық қытай халқы түрлі тауарларымен сауда рыногында алдыңғы орында келе жатқаны жасырын емес. Мүмкін олардың да арасынан өзіңізге керекті тәп-тәуір дүниелер табылып қалар, әйткенмен түрлі қалдықтардан құрастырылған ойыншықтардың сапасын, балаңыздың өміріне қауіп төндіріп жатқанынан-ақ байқап біле беріңіз. Көңілде күдік туғызады емес пе? 
    Осы жерде, ұлтымыздың ұлық ойындары – асық және ләңгі туралы айта кету артықтық етпес. Бұл ойын түрлерін 70-80 жылдары өмір сүрген аға ұрпақ жақсы біледі. Ертеде мұны қазақтың қара домалақ баласымен бірге қаракөз қыздары да жарыса ойнаған. Кейбір деректерге сүйенер болсақ, түбі түркілерден тараған асық ойыны көшпенділер арасында кеңінен етек жайып, қыс қыстауда, жаз жайлау мен күз-көктем айларында балалармен бірге ересектер де асыр сала асық атып, ләңгі тепкен. 
    Мергендікке, дәлдікке, шапшаңдыққа үйрететін асық ойыны көздің көру қабілетін және қолдың ептілігін арттырады. «Үш табан», «Бiр табан», «Әйзiк», «Атпақыл», «Шығу», «Құмар», «Таған», «Шеңбер», «Шiк-Бүк», «Доршке», «Қақпақыл», «Иiрмекiл», «Жемекiл», «Ханталапай», «Қора», «Алшы» деген түрлерінде дене мүшелерінің барлығы қозғалысқа түсетін бұл ойын намысқойлыққа да баулиды. Ал, ләңгіде аяқ қимылы жақсара түседі.
    Иә, табиғи тазалық тек қазақтың тап осы ойыншықтарында болар. «Әттең етер тұсы» ұлттық ойын ретінде ата-бабалар ардақ тұтқан асық пен ләңгі бүгінде ұмыт бола бастады. Ойналса да бірен-саран ауылдық жерлерде болмаса, қала баласы асық пен ләңгінің не екенін білмейтін де шығар? Кітаптан оқып көргенінен басқа, наурыз мерекесінде ғана осындай ойынымыз бар екені есімізге түсетіндігі өкінішті, әрине.
    Қайран, еттен кейін немересіне асық тазалап беретін ата-әжелерім-ай! Бүгінде ондай ата-әжелер бар ма екен? Әйткенмен таңдау сізде. Өйткені, сіздің қалауыңыз балаңыздың ертеңгі болашағы екенін ұмытпағайсыз!