Отырарлықтар қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

Отырарлықтар қуғын-сүргін құрбандарын еске алды
жеке
блог

Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық жылдары ХХ ғасырдың басында қазақ даласындағы ең бір зұлмат, қаралы кезеңдердің бірі болып тарихта қалғаны белгілі. Сол бір тарихтың ақтаңдақ беттері өткеніміздің өткінші өкініші болғанымен, жаңғырығы ұмытылмақ емес. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде қазақ даласындағы ең бір қасіретті кезең Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде аталып өтіп келеді. Содан бері елімізде саяси репрессия және ашаршылық құрбандарына тағзым етіп, бұл күнді атап өту, олардың рухына арнап құран бағыштау дәстүрге айналды. Бүгін отырарлықтар аудан орталығындағы «Қасірет» мемориалында және ауданның тұңғыш атқару комитетінің төрағасы Дүйсенбай Алтынбековтің кешенінде еске алу шарасы өтіп, монументке гүл шоқтарын қойып, рухтарына құран бағыштады.

Зұлмат жылдары «халық жаулары» ретінде атылып, осынау қилы заманда күн кешіп, жалған жаламен жаны қиналған қазақтың бетке ұстар азаматтарының арасында отырарлық Полат Айтменов, Дүйсенбай Алтынбеков, Дәуренбек Құрманбеков, Ордабай Бәймішев сынды елге елеулі еңбегі сіңген біртуар аталарымыздың сол зұлматтың құрбаны болғандығы, асыл азаматтардың қиылған өмірі көңілімізге қаяу түсірмей қоймайтындығы өкінішті. Ұлтын сүйген ұлыларды еске алу шарасы одан әрі аудандық Мәдениет сарайында «Жазықсыз жапа шеккендер» атты көрмемен жалғасын тапты. Көрмеде көрермендер тарихымыздың ақтаңдақ беттері жөнінде жазылған құнды кітаптарды және Дүйсенбай Алтынбековтің өмір жолы мен тұтынған бұйымдарын тамашалады. Ауданымыздың құрылуына бірден-бір себепші болған Дүйсенбай Алтынбековтің туғанына биыл 120 жыл толды. Осы орайда, тарихи тұлғаға арналған «Алаш ардақтаған азамат» тақырыбында ғылыми конференция ұйымдастырылды. Сонау сұрапыл жылдарды бейнелейтін сахналық қойылыммен басталған конференцияға асылдың тұяғы Ноян Дүйсенбайұлы арнайы қатысса, естен кетпес зұлмат жылдар туралы тарихшылар мен зерттеушілер баяндама жасап, ауданның құрылу тарихынан тың деректермен бөлісті.

 

Отырар ауданы әкімінің баспасөз қызметі