Отырарлық 3 жасар өнерпаз облыстық байқаудың жеңімпазы атанды
жеке
блог
блог
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын кеңінен насихаттау аясында Түркістан облысының Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен мектепке дейінгі мекемелердің бүлдіршіндері арасында «Бала шақтан болашаққа – ана тілімен» атты облыстық байқау өтті.
Өнер мен білім додасының мақсаты-мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, жас бүлдіршіндерді ынталандыру, сондай-ақ еліміздегі әрбір отбасын, қоғамымыздың әрбір мүшесін қазақ тілінің мерейлі мәртебесін қамтамасыз етуге, жан-жақты оқып үйренуге және қолдануға, қазақстандық патриотизм ұғымын терең түсіне отырып, ұлттық тілімізді рухани қуат, жасампаздық үрдіс, мемлекетіміздің келешегі, еліміздің ертеңі ретінде жұмылдыру, қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын жас ұрпаққа үйретіп, ана тілінде сөйлеуді ұлттық мақтанышқа айналдыру, озық тәжірибелерді насихаттау, Отанын, елін, жерін сүюге тәрбиелеу болып табылады.
Өңіріміздің барлық аудан, қаласынан 6 жасқа дейінгі 15 үміткер «Мақал-мәтелдер даналыққа бастайды» атты мақал-мәтелдер мен нақыл сөздер айту және «Өнерліге өріс кең» атты ән, би, өлең оқудан еркін тақырыпта тіл, туған жер, Отан, Астана, өз туындысы бойынша екі аталымнан сайысқа түсті.
Тұңғыш рет ұйымдастырылған сайыс барысында қатысушылардың білімділігі мен тапқырлығы, белсенділігі, киім үлгісі мен шығарманың күрделілігі және көркемдігіне баса назар аударылды.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге Отырар ауданының қатысушысы Тәжібай Сезім Жаңабайқызы лайық деп танылды. Бірінші орын Созақ ауданының жас мақалшысы Болатбек Інжу Әсетқызына берілсе, екінші орынмен Шардара ауданынан келген жас дарын Рахманәлі Назым, үшінші орынмен Төлеби ауданының жас тіл шебері Рашид Әли Қайратұлы марапатталды.
Байқау жеңімпаздары мен қатысушылары дипломдар және арнайы сыйлықтармен марапатталды.